Бәрімізге ортақ міндет — халыққа жақын болу

Сақылдаған аязды қыс та, қара суық желді көктем де ақырындап ауылымыздан алыстап барады. Ел жаңарып, жер көгеріп, табиғат ана жабынын ауыстырып, айнала жасыл желекке орана бастады. Жылу беру маусымы аяқталып, қазандық пештері тоқтады. Қыстан шыққан халықпен жүздесіп, артта қалған жылға деген наздарын, алдағы кезеңге болжамдап қойған ойларын білуге кент әкімі Қайрат Жансағымов арнайы кестеге сәйкес барлық жәйремдіктермен кездесу өткізді.

Аталған кездесудің күн тәртібінде көп қабатты тұрғын үйлерге мүлік иелерінің бірлестігін немесе азаматтық шарт негізінде ортақ үй мүлкінің барлық меншік иелерінің үйді бірлесіп басқаруы және күтіп ұстауы бойынша бірлестіктерін құру, орамның тазалығы, сенбіліктер ұйымдастыру мәселелері, ағымдағы жылы аталмыш орамда атқарылып жатқан және жоспарланған жұмыстар жайында, қараусыз жүрген мал және қаңғыбас иттер мәселесін қарастыру және т.б сұрақтар қаралған.
Әкімнің арнайы бекітілген кестеге сәйкес кездесуі маған бекітілген округтердің ішіндегі көп қабатты үйлер орналасқан 2 орамнан бастау алды.
Аталған кездесуге ауыл басшысымен қатар, Қаражал қалалық мәслихатының депутаттары Марлан Шамбулов, әкім аппаратының мамандары, жергілікті шаруашылық мекемелерінің басшылары, жергілікті полиция бөлімінің мамандары қатысты.
Халық тарапынан осы уақытқа дейін талқыланып келген мәселелерден бөлек күрделі сұрақтар болған жоқ.
Сан жылдар бойы жанайқайлары болған шатыр, жертөле жөндеу, жылу беру сапасы тәрізді мәселелер бұл күндері шешімін тапқан. Оған халық дән риза.
Мұратбаев көшесіндегі 7-ші үйдің тұрғындары қоқыстың уақытылы тазартылуын сұраса, Әуезов көшесіндегі 8, 10 үй тұрғындары үйдің сыртын қаптау жайында, Мұратбаев көшесіндегі 9-шы үйдің (бұрынғы балабақша) тұрғындары үйлерінің аулаларындағы жертелімдерін тұрғындарға бөліп беру туралы мәселелер көтеріп, Металлург көшесі 17-ші үйдің тұрғындары есік алдындағы жол қауіпсіздігін реттеуді және үйдің жанындағы «Сарыарқа» базарынан шыққан қоқыстарды өртеуді доғаруды өтінді.
Сонымен қатар, орамдағы 7 үйдің барлығының көптен шешілмей жүрген бір сұрақтары: интернет мәселесі көтерілді.
Қойылған барлық сұрақтарға әкім Қайрат Жансағымов жауап беріп, арнайы хаттама толтырылып, қозғалған мәселелердің орындалу мерзімі белгіленді.
Кездесу соңында жергілікті полиция капитаны Қуаныш Тілеуханов халыққа қазіргі таңда көбейіп кеткен алаяқтарға алдану туралы баяндама жүргізіп, сонымен қатар, күн жылынып, көшеге шыққан мотоциклдар жөнінде ескерту жасады. Қос дөңгелектің көптеген қайғылы жағдайға әкеп соқтыратынын біле отырып, кәмелеттік жасқа толмаған балаларға қос дөңгелекті тізгіндеуге рұқсат бермеулерін өтінді.
Сонымен қатар, 2 орамдағы жұмысын тоқтатқан қазандық пештерін қарап, алдағы қыста үздіксіз жұмыс істеуіне қажетті қосалқы бөлшектер мен қазандық машинистеріне қажетті құрал-саймандар тізімі жасалды. Аталған орамда қыстай халықты жылуға бөлеген қазандықтардың екі нүктесі де толықтай тазартылып, тіпті едендеріне дейін жуылған. Тексеріс барысында бұл жерге екі жаңа қазандық сатып алу қажеттігі айтылып, әкімдік есепшісінің құжатына тіркелді.
Әрі қарай Қайрат Аманкелдіұлы мамандарын екіге бөліп, орамда орналасқан 6 көп қабатты үйлердің жертөлелерін тексерді. Қаралған үйлердің ішінде екі үйдің жертөлесінде ақаулар анықталып, әлі кепілдік мерзіміндегі жұмыстары бар мердігерлерге хабар берілді.
Екінші орамнан кейін маған бекітілген «Ынтымақ» және «Игілік» ауылдарына барып, сол жердегі халықтың мұң-мұқтажын тыңдадық.
«Ынтымақ» ауылы бойынша электр қуатының өте төмендігі және сол себеппен электр тұрмыстық техникаларын дұрыс пайдалана алмаулары, қаңғыбас иттерден төніп тұрған қауіп, кәріз жүйесінің кейбір проблемалары, жас отбасылардың арасындағы баспанасыздық мәселелері, ауыл ішіне кіретін жолдар мәселесі, үкіметтен бөлінетін жер мәселесі бойынша сұрақтар көтерілсе, «Игілік» ауылы бойынша, ауыл ішіне жайылған қоқыс мәселесі (көшіп кеткендердің тастап кеткен үйлері), балалар алаңын орнату тақырыптары қозғалды.
Кездесу соңында бізбен арнайы халықпен жүздесуге келген «Игілік» және «Ынтымақ» ауылдарының учаскелік полиция инспекторы, полиция лейтенанты Қуандық Қантай Әбілдаұлы халықты алаяқтарға алданбауға және кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдерге көлік тізгіндеуге тосқауыл қоюға шақырды.
Келесі кездесу жылу беру маусымы басталған кезге жоспарланды. Ал одан бөлек халықпен байланыс әкімнің есеп беру жиналыстарымен, жеке қабылдау шараларымен, жергілікті WhatsApp желілеріне түскен шағым, өтініштермен жалғасын таппақ.
Халықпен жиі жүздесіп, халыққа барынша жақын болайық!

Гауһар НАУРЫЗБАЕВА,
Қаражал қалалық мәслихаттың
депутаты.