Қазіргі кезеңде сапалы ұлт қалыптастыру үшін азаматтарды спортпен шұғылдануға баулу – аса маңызды міндеттің бірі. Бұл ретте бұқаралық спортты дамыту деңгейін көтеру өзекті. Қаражал-Жәйрем өңірінде бұл көрсеткіш бүгінгі күні 37 процентті құрайды. Алдағы уақытта оны дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуы тиіс. Осы және салаға қатысты өзге де мәселелер туралы сұхбат барысында Қаражал қаласының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің бас маманы Жаннұр ЖӘКЕНОВА жан-жақты әңгімелеп берді.
– Жаннұр Бақытжанқызы, жуырда ғана аталып өткен Спорт күні мерекесі құтты болсын!
– Рахмет! Бұл жалпыхалықтық мереке ғой. Спорттың адам өмірінде алар орны ерекше. «Тәні саудың – жаны сау» деп халқымыз бекерге айтпаса керек. Бұл – әсемдік, сергектік, күш-жігер, алға ұмтылыс, жеңіске деген құштарлықтың мерекесі.
– Осы мерекені қазыналы өңірдің спортшылары, жалпы спортсүйер қауым қандай жетістіктермен қарсы алды?
– Кез келген адам денсаулығы мықты, бәсекеге қабілетті, күш-қайраты мол болуы үшін спортпен айналысса, өз мақсатына жете алады. Сондықтан да біздің алдымызға бұқаралық спортты дамыту мәселесі қойылып отыр. Осы тұрғыдан келгенде, өңір халқын бұқаралық спортқа тарту мақсатында жыл сайын күнтізбелік жоспарға сәйкес, спорттың 15 түрі бойынша спорттық-бұқаралық іс-шаралар өткізіледі. Оның ішінде баскетбол, футбол, бокс, дзюдо, үстел теннисі, шаңғы спорты, шайбалы хоккей сияқты Олимпиада ойындарының бағдарламасына енген 7 түрі бар. Сондай-ақ, білім беру мекемелері, өндірістік ұжымдар, бюджеттік ұйымдар мен мемлекеттік мекемелер ұжымдары арасында шахмат, дойбы, армрестлинг, стритворкаут, тоғызқұмалақ, қазақ күресі және асық ату сияқты Олимпиада ойындарының бағдарламасына енгізілмеген 8 түрлі спорттық ойындарға да халық көптеп тартылуда. Жалпы, 2021 жылы денешынықтырумен және спортпен шұғылданатын азаматтарды қамту 32,8 процентті құраса, 2022 жылы ол 37 процентке өсіп отыр. Бұл – Қаражал-Жәйрем өңірінде спорт алаңдарын салу және спорттық бұқаралық іс-шараларды өткізу нәтижесінде қол жеткізілген көрсеткіш.
– Балалар мен жасөспірімдерді спортқа тарту да бүгінгі күннің басты мәселелерінің бірі ғой…
– Ойыңызды түсіндім. Өңірде бұл мәселе оңтайлы шешілуде. Қаражал қаласы мен Жәйрем кентіндегі балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде, денешынықтыру, спорт клубтарында денешынықтырумен және спортпен айналысатын 7 жастан 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерді қамту өңірдегі балалар мен жасөспірімдердің жалпы санының 14,8 процентін құрайды. Ендігі мақсат – бұл көрсеткішті әлі де көтере түсу.
– Үстіміздегі жылы өңірде қанша спорттық шара өткізілді?
– Сөз басында айтып өткенімдей, Қаражал-Жәйрем өңірінде жыл сайын 15-тен кем емес спорттық-бұқаралық шаралар өткізіліп келеді. Ал, үстіміздегі жылдың жеті айының өзінде оның саны 20-ға жетті. Мәселен ақпан айында 9-11 сынып оқушылары арасында волейболдан, баскетболдан қалалық турнирлер өтсе, наурыз айында әйелдер командалары мен аралас командалар арасында волейболдан, кір тасын көтеруден, қазақша күрестен, басқа да әртүрлі бұқаралық спорт ойындарынан турнирлер ұйымдастырылды. Олардың қатарында асық ату, армрестлинг сынды спорттық жарыстар да бар. Мұның сыртында үстел теннисі, үлкен теннис және футболдан жарыстар өткізіліп тұрады. Ең бастысы, бұл сайыстарға бұқараның қатысуы көңілге қонымды. Әр мекеме, ұжымдарда спорттың белгілі бір түрі бойынша құрылған өз командалары бар.
– Жақсы екен. Ал, енді өңірдің байрақты бәсекелердегі бәсі қандай? Мақтан етерлік жетістіктер бар ма?
– Әрине. Қаражал-Жәйрем өңірінде «Міне, мынау» деп көрсететін жекелеген спортшылар да, құрама командалар да бар. Солардың арқасында облыстық, республикалық деңгейлердегі жарыстарда бәсіміз басым түсіп, жеңіс жалауы желбіреп жүр. Мәселен, бокстан «ACADEMY of SPORTS» СК кубогы үшін өткен республикалық турнирде өңірдің былғары қолғап шеберлері қоржынға 1 алтын, 3 күміс және 1 қола медаль салды. Ал, жасөспірімдер арасында дзюдодан Қарағанды облысының «Томирис» клубының ашық біріншілігінде балуандарымыз 3 алтын, 4 күміс және 5 қола медалға ие болды.
Облыс қалалары арасында өткен «Ақ қыс-2022» спартакиадасында, «SK SABR» кубогы үшін болған облыстық турнирде жасөспірім боксшыларымыз 3 алтын, 1 күміс және 4 қола медальді жеңіп алды. Сондай-ақ, мамыр айында жасөспірімдер арасында бокстан өткен облыстық турнирде 3 алтын медальға ие болдық. Ерлер арасында самбодан және жауынгерлік самбодан өткен облыс чемпионатта 1 қола медаль алдық.
– Жеңісті сәттер мол болғай. Енді әңгіме арнасын балалар мен жасөспірімдердің спорттағы үлесіне бұрсақ. Бұл жағы қалай жолға қойылған, жетістіктері қандай?
– Бұл тұрғыда ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар да, қол жеткізген жетістіктеріміз де баршылық. Қаражал қаласында олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді. Оны 1997 жылы спорт шебері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, «Дзюдо тарланы» төсбелгісінің иегері Дүйсен Тәжікеев құрған. Онда 457 адам қамтылған, білікті жаттықтырушылар жұмыс істейді. Жәйрем кентінде филиалы орналасқан.
Осы олимпиадалық резервтегі мектеп тәрбиеленушілерінің жетістіктері спортсүйер қауымның мерейін үнемі үстем етіп келеді. Мәселен, биылғы сәуір айында Сәтбаев қаласында академик Қаныш Сәтбаевты еске алуға арналып, дзюдодан ер балалар мен қыздар арасында республикалық турнир өтті. Онда біздің спортшылар екі қола медальға қол жеткізді. Ал, мамыр айында Екібастұз қаласында өткен республикалық турнирде біздің спортшылар бір алтын, бір күміс және екі қола медальға ие болды. Орал қаласында дзюдодан жастар арасында Кеңес Одағының Батыры М.Мәметоваға арналған Халықаралық турнирден біздің спортшымыз күміс медальмен оралды.
Сондай-ақ, өңір мақтанышы – Аслан Мұхамеджанов Астана қаласында өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында бірінші орынды жеңіп алды.
Үстіміздегі жылдың 27-29 маусымында Жәйрем кентінде «Балалар жылына» орай, Жәйрем кентінің 50 жылдығы мен KAZZINC компаниясының 25 жылдығына арналған бокстан ашық турнир өткізілді. Оған 2007- 2008 жылдары және 2009-2010 жылдары туған жасөспірімдер қатысты. Осы байрақты бәсекеде де біздің балалар жүлделі орындарға ие болды
– Спорттың бұқаралығын арттыру мен жақсы жетістіктерге жету үшін ең әуелі мықты спорт базасы керек. Бұл мәселе қалай шешілуде?
– Жәйрем кен байыту комбинатына қарасты М.Дәрібеков атындағы спорт кешеніне меморандум аясында 40 млн. теңгеге жөндеу жүргізілді. Аталған спорт кешенінде грек-рим күресі, бокс, қазақша күрес секциялары жұмыс істейді. Онда 100-ден астам бала шұғылданады.
Қаламыздың барлық секциялары мен үйірмелері балаларды тегін оқытады және жаттықтырады.
Сондай-ақ, 2021 жылы Қаражал қаласындағы мәдени-сауық орталығында балаларға арналған бокс секциясы және Қаражал қаласының ОРМБЖМ базасында Жәйрем кентінде балаларға арналған футбол секциясының филиалы ашылды.
Соның арқасында біздің балалар облыстық және республикалық жарыстарда жүлделі орындарға ие бола бастады.
2021 жылдың күзінде 20 ойыншыдан тұратын «Қаражал» шағын футбол командасы құрылды. 2021- 2022 жылғы маусымның қорытындысы бойынша аталмыш команда қарағандылық футбол әуесқойлары арасында «В» лигасында екінші орынға ие болды және «А» лигасында ойнау құқығына қол жеткізді. Команда капитаны Төкен Жанәділ маусым қорытындысы бойынша «Үздік қорғаушы» атанды.
Жалпы, «Қаражал» шағын футбол командасы аймағымыздың намысын абыроймен қорғап келеді. Жәйрем кентінде Металлургтер күні аясында өткен шағын футбол турнирінің жеңімпазы атанды. Түгіскен ауылында ұйымдастырылған турнирдің чемпионы болды. Олардың футбол әуесқойлары лигасына қатысуына жергілікті «Global Mining Technology» ЖШС директоры Андрей Панчин демеушілік жасады.
Өңірде спорт инфрақұрылымын дамыту бағыытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. 2020 жылы Қаражалда алғаш рет теннис корты орнатылды, онда ересектер арасында үлкен теннистен үш мәрте турнир өтті. Жеңімпаздар кубоктармен, грамоталармен және қаржылай сертификаттармен марапатталды.
2021 жылы қалада СТРИТВОРКАУТ алаңы мен спорт алаңдары орнатылды. Облыстық бюджет қаражаты есебінен Жәйрем кентіндегі №10 орта мектеп жанынан 34 млн. теңгеге жүгіру жолы, футбол және волейбол алаңы бар спорт алаңы жабдықталды.
2022 жылы Қаражал қаласында жүзу бассейнінің құрылысы басталды. Сондай-ақ, биыл Жәйрем кентінде теннис корты орнатылды.
– Бәрекелді! Шын мәнінде, ауыл толтырып айтарлықтай жұмыстар бар екен. Жетістіктер де соған сәйкес бола берсін. Әңгімеңіз үшін рахмет!
Сұхбаттасқан Ізтай БЕЙСЕНБАЕВ.