Жәйрем кентіндегі су жаңа «Алдияр Grand HALL» мейрамханасында өткен «Бір ауыл – бір өнім–2026» өңірлік көрме-байқауы ауыл кәсіпкерлігінің әлеуетін айшықтаған тағылымды да тағдырлы шара ретінде есте қалды. Қаражал қаласының әкімдігі мен Ұлытау облысы кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен өткен бұл бастама – жергілікті өндірісті дамыту, ұлттық өнімдерді дәріптеу және ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік белсенділігін арттыруға бағытталған маңызды жоба.
Шараның шымылдығы «Гүлдер» би ансамблінің әсем қойылымымен түріліп, қатысушылар мен қонақтарға ерекше көңіл-күй сыйлады. Жүргізушілер өңірлік жобаның маңыздылығына тоқталып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл шаруашылығы саласын дамыту туралы стратегиялық бағытымен үндестігін атап өтті.
Ресми бөлімде сөз сөйлеген Қаражал қаласы әкімінің орынбасары Думан Бүкірбаев, Ұлытау облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Гүлмира Қаженова және қалалық мәслихат төрағасы Зәмзагүл Оспанова кәсіпкерлікті қолдаудың өңір дамуына тигізер оң әсеріне ерекше мән беріп, қатысушыларға табыс тіледі.
Көрме барысында 22 жергілікті кәсіпкер өз өнімдерін таныстырып, келушілердің жоғары бағасына ие болды. Ет және сүт өнімдері, ұлттық тағамдар, кондитерлік өнімдер, ұлттық киімдер, қолөнер бұйымдары мен кәдесыйлар – барлығы да жергілікті шикізаттан дайындалып, ұлттық нақыш пен сапаның үйлесімін көрсетті.
Байқау қорытындысы бойынша үздіктер анықталып, Қаражал қаласы әкімдігі ұйымдастырған ақшалай сертификаттар табысталды.
1 орын иегері — Лаура Абильдина (ЖК «Laura Lauovna») өз әсерімен былай деп бөлісті:
- Бұл жоба біз сияқты шағын кәсіпкерлер үшін үлкен мүмкіндік. Өз өнімімізді халыққа кеңінен таныстырып, тұтынушылардың сеніміне ие болу – басты жетістігіміз. Осындай қолдау болса, ауыл кәсіпкерлігі міндетті түрде дамиды.
2 орын иегері — Мәулен Төлеубаев (ЖК «Нұрперзент»):
- Біздің өнімдер – табиғи, ауылдың таза шикізатынан жасалған. Осындай көрмелер ауылдағы еңбек адамдарының еңбегін бағалап, алға жетелейді. Бұл тек жарыс емес, тәжірибе алмасу алаңы, — деді кәсіпкер.
3 орын иегері – Айдана Кашенова (ЖК «KasheNOVAidana») ұлттық құндылыққа ерекше тоқталды:
- Ұлттық киім – біздің мәдениетіміздің айнасы. Осы жобаның арқасында өз жұмысымызды көпшілікке көрсетіп, тапсырыс берушілер санын арттыруға мүмкіндік алдық.
Барлық қатысушылар Алғыс хаттармен және естелік сыйлықтармен марапатталып, олардың еңбегі үлкен құрметке ие болды.
«Бір ауыл – бір өнім» жобасы – Қазақстанда соңғы жылдары қарқын алып келе жатқан стратегиялық бағыттардың бірі. Бұл бастама Жапониядағы табысты тәжірибеге негізделген және әрбір елді мекеннің өзіндік ерекшелігіне сүйене отырып, бірегей өнім шығаруға бағытталған.
Жоба аясында ауыл кәсіпкерлерінің өнімдері бренд ретінде қалыптасады, жергілікті шикізаттың тиімді қолданылуы артады, жаңа жұмыс орындары ашылады, өңірлік экономика нығаяды.
Ұлытау облысында бұл жоба қарқынды жүзеге асырылып, алдымен аудандық деңгейде басталып, кейін облыстық кезеңге ұласты. Жәйремдегі көрме – осы жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі.
Жәйремде өткен бұл көрме тек байқау ғана емес, ауыл еңбеккерлерінің маңдай тері мен табанды еңбегінің мерекесіне айналды. Әрбір ұсынылған өнім – бір отбасының кәсібі ғана емес, тұтас өңірдің әлеуеті мен мүмкіндігін көрсететін айқын дәлел.
«Бір ауыл – бір өнім» жобасы алдағы уақытта да жалғасын тауып, ауыл кәсіпкерлігінің кең қанат жаюына, ұлттық өнімдердің жаңа деңгейге көтерілуіне жол аша беретіні анық.
Теректі ШАҒАТАЙ.
