Азамат ажары

Әрбір пенде үшін өзі адам болып келген дүниеден сол адамдық қалпына дақ түсірмей өтуден артық қандай мақсат, қандай арман болуы мүмкін?! Қызылды-жасылды мына өмірде үлкеннің алдында інілік ізетін бұзбай, кішінің алдында ағалық келбетіне кір түсірмей жүру оңай емес екені тағы аян. Десек те, ондай жандар да бар. Солардың бірі біздің бүгінгі кейіпкеріміз, ақын, журналист, ұстаз – Ахат Құрмансейіт.

Кез келген ата-ана адам болса деп үлкен үмітпен өсірген баласының әуелі ат жалын тартып мінуін қалайды, содан кейін мінген арғымағының үстінде тақымы мығым отырғанын дұрыс көреді. Бүгінде есімін ел білетін, көпшілік қадірлейтін Ахат Құрмансейітұлы да осындай кезеңдерден өткені айқын…

Өзге емес, өзі айтады

Біздің буын 60-тың ауылына ат шалдыра бастады. Сыртылдаған секундтар мен минуттар, сырғыған сағаттар мен жылжыған жылдар өз дегенін істейді… Бұл – ӨМІР атты көш-керуеннің өзгермес заңдылығы!

1981 жылы Жезқазған облысы, Ұлытау ауданы, Шеңбер совхозындағы №2 Қорғасын орта мектебін 29 ұл-қыз тәмамдаған едік. «Жазмыштан озмыш жоқ», сыныптастар арасынан әр кезеңде ортамызды ойсыратып, ажал аранына жұтылып кеткендер де бар. Топырақтары торқа болғай марқұмдардың. Ал, тірлігіне тәубе айтып жүргендердің алды (Гүлнар, Қоянбай, Қанипа) алты белесті бағындырып үлгерді.

Осындайда «Мұхтар Әуезов айтыпты…» – дейтін сөз еріксіз еске түседі. Әдебиетшілер мен ақын-жазушылар бас қосқан әлдебір жиында дара бітімді тұлғаға бір қаламгер інісі шақыру билетін ұсынып, «Аға, алпысқа толып жатырмын. Соны атап өтпекшімін, тойдың ортасында болыңыз» – деген сыңайдағы өтінішін білдірсе керек.

Сонда ұлы Мұхаң шақыру қағазын аударып-төңкеріп қарап тұрып, «Апырмай, бұрын 60-қа шалдар келуші еді. Енді бала-шаға да келе беретін болған ба?» – деген екен.

P.S. Көңіл шіркін, әлі де 40-тың төңірегінде…

Бұл Ахаңның «Фейсбук» әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазған риясыз ойы. Өздеріңіз де ұққан боларсыздар Ахат Құрменсейіт те биыл қазақ «талтүс» дейтін 60-тың асқарына шығып отыр.

Туған жерге ту тіккен

Пенденің ойлағанының бәрі орындала кетсе өмір де басқаша болар ма еді. Ахаттың да ә дегенде жолы бірден бола қойған жоқ. Он жылдықты бітірген соң Алматы қаласына заң институтына құжаттарын тапсырып еді. Абитуренттің өлеңмен өрілген шығармасын оқыған қабылдау комиссиясы «Мына қалпыңа қарағанда сот болу сенің қолың емес-ау» деген сараптама жасаса керек. Құжаттарын қайтып алған ол ауылына келіп, еңбек жолын шопандықтан бастады. Сол кездегі мектеп бітірген жастардың «еншісіне» тиетін бір ерекшелік, ауылда комсомол-жастар бригадасын құрып, еңбек ету еді. Ахат та «Таң нұры» комсомол-жастар шопандар бригадасының құрамында бір жыл тер төкті. Одан кейінгі екі жылы Кеңес әскерінің қатарында өтті.

Осылардың бәрі кейін оның қызметтік жолында үлкен өмір мектебі болды. Одан сырт қалған жоқ. Олай дейтініміз, Ахат әскер қатарынан келгеннен кейін Жезқазған қаласындағы педагогикалық институттың орыс тілі мен әдебиеті факультетіне оқуға түсті. Ауылда туып, ауылда өскен, ауыл мектебін бітірген адам үшін мұндай шешім қабылдау ерлікпен пара-пар еді. Шеңберде орыс ұлтының өкілі «емге» табылмайтынын ескерсек Ахат орысшаны қайдан үйренген деген заңды сұрақ туындары анық. Оның жауабы — Ахаңның әскерде болғаны. Әскери қызметін өтеген бөлімде өзінен басқа қазақтың болмағанына әуелде қапаланса да кейін орысшаны біркісідей сауатты меңгеруіне сол бір күндердің пайдасы шаш-етектен екенін әлі айтып жүр. Соның арқасында орысша оқу бітіріп, туған ауылына орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып оралды. Сол кездері мектептің оқу ісінің меңгерушісі болған Жеңіскүл мұғалім Ахаттың сабағына кірген сайын оның орыс тілін жетік меңгергеніне, сол білгенін ауыл балаларына үйретудегі тың қадамдарына тамсана қарайтын. Ауылдың қарадомалақтары да Ахаттың сабағына бар ынта-ықыластарымен қатысатын. Егер сол жолда жүре берсе кім біледі, ауыл балалары орысша ағып тұрар ма еді. Мұғалімдік қызметі бір жылға жуықтағанда аудан басшылары оны совхоз комсомол комитетіне алып кетті. Осылайша  оның комсомол, кеңес қызметіндегі еңбек жолы басталды. Тоқсаныншы жылдардың басында аудандық комсомол комитетінің ұйымдастыру бөлімін басқарды. Араға сегіз айдай уақыт салып аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болды. Партия мен комсомол тараған кезде аудандық туризм бөлімін бастап әкімдіктің қызметіне араласты. Аудан әкімінің орынбасары, Қарсақбай кентінің әкімі, аудандық оқу бөлімінің басшысы сынды қызметтерді абыроймен атқарды.

Көңіл төрінде – Қаражал

«Әркімге өзі туған жер – Мысыр шаһары» деген тәмсіл бар ғой. Солай екені солай. Бірақ, Ахат үшін көңіл төрінде Қаражал қаласына да орын бөлек. Кешегі оңтайландыру жылдары салған ойраннан кейін еңсесін тіктеп келе жатқан қазыналы өңірге алғашқыда жүрексіне барғаны әлі есінде. Тіпті, сол кездегі қала әкімі Ерболат Каргин мұны қаншама рет шақырып, әрең келтірген еді. Әуелі Қаражал-Жәйрем аймақтық «Қазыналы өңір» газетіне редактор болып барды. Кейін қала әкімінің орынбасары болды. Қазыналы өңірде он жылға жуық тұрды. «Мың қосшыдан – бір басшы» дегендей, осы он жыл ішінде Қаражал өңірінің жұртшылығы Ахатқа, ол болса Қаражалға әбден үйренісіп қалғаны соншалық, кейін Ахат қызмет бабымен Қарағандыға ауысқанда қимай қоштасты. Мұның бәрі әрине, кезінде ұйымшылдықпен, ауызбіршілікпен көптеген шаруалар үйлесімін тауып, тындырылып жатқанының арқасы еді.

Ахаттың іскерлігін қазыналы өңірдің жұртшылығы аймақтық газеттің тізгінін қолына алған күннен-ақ байқады. Ол кезде аймақтық мерзімдік басылымдардың бәрі облыстық сараптау басқармасының қолынан өтетін. Апта сайын, ай сайын газеттерде жарияланған тақырыптар, айдарлар қалт жіберілмей қаралып, ай соңында мұның бәрі әкімдердің рейтингіне кіретін. Міне, сол сараптауда «Қазыналы өңір» газеті облыстағы ең төменгі санатты газеттердің қатарында еді. Бір айдың ішінде газет түбірінен өзгеріп, жаңаша мазмұнда, сараптамалық мақалалары бар, айтар ойы ашық газетке айналды. Оқырмандар да газетке көптеп жазыла бастады.

Кейін, қала әкімінің әлеуметтік сала жөніндегі орынбасары болып келгенде де Ахат өзін тың қырынан танытты. Қаладағы әлеуметтік салаға барынша талдау жасап, тығырықтан шығудың нақтылы жоспарлары түзілді. Іс алға басты. Елдің келешекке деген сенімі ұлғайды. Қала әкімі орынбасарының қабілет-қарымын аңғарып, оған экономиканы да, күрмеуі көп коммуналдық саланы да жүктеді. Ахат оған мұныңыз не демеді. Шамасы жеткенше алға сүйреді. Әкім де, қала тұрғындары да оған барынша жәрдем жасады. Кез келген күрмеуі көп шаруа туындағанда Ахат «Бұл мәселе таяуда шешімін табады» десе ел иланды. Өйткені, оның айтқан сөзі мен істеген ісінде алшақтық болмайтынын әбден біліп алған, сенім артқан еді.

Тобықтай түйін

Ол әже тәрбиесін көріп өсті. Әкесі Құрмансейітті көзі көрген жоқ. Кешегі сапты аяқтың сабына қарауыл қойып көже ішкен қан кешу қасап заманда «халық жауы» атанып, ұсталып кеткен екен. Бір деректер бойынша  атылған делінеді. Енді бір деректерде лагерьде қайтыс болған дейді. Нақты дерегін таппай дал болды. Үлкендердің, әсіресе әжесінің көп айтатыны, «әкең турашыл, әділ, адал кісі болатын» деген сөздері ғана.

Әжесі Ахатты ес білгеннен қасына алып жүріп, атқа мінгізді, шалғы оруды үйретті, қойға дейін қырықтырды, үлкендердің алдын кесіп өтпеуге тәрбиеледі. Кейін осының бәрінің пайдасы тиді. Азамат ат жалын тартып мінген күннен бастап сол әжесінің айтқан ақыл-кеңестері бұлжымас қағидаға айналды. Әжесінің атына, әкесінің атына кір келтірмеуге тырысты. Ол үшін әкеден, әжеден биік шың жоқ. Бүгінде өзі қандай биікке шықса да, ол үшін әке шыңы аласармайды. Солай тәрбиеленген. Әжесі әркез: «Сен Құрмансейіттің баласысың! Сондықтан да жаман болуға қақың жоқ» деп үйретіп отырды.

Ал Ахаңның өмірлік қосағы Тәслима да ұлдарына сол әжесінің тәрбиесін дарытқан секілді. Өздері ұрпақ өсіріп, өздері бір-бір үйдің егесі болып отырса да ұлдары әкенің рұқсатынсыз қия баспайды, әкенің батасысыз іс бастамайды. Бұл осы әулеттің жазылмаған өз заңы.

…Ел басқаратын жігіттің еңсесі биік келеді әдетте. Сондай сирек қасиетті тағдыры бойына лайықтап берген, қашанда топ ортасынан суырылып шығып, көпті алға бастап жүретін азаматтың алпысы оның айбынына айбар қосып, ел ағасының биік дәрежесіне көтеріп тұр бүгінде. «Азамат, сені сақтадым!» деп келетін арнау да Ахатқа лайық секілді. «Бір күніме керек деп…» деген сенім кез келген жігітке айтыла бермес, сірә!

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ