Қазақ тілі – рухани асыл мұра

«Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту –
бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту»
Б.Момышұлы

Тіл – тұмар. Тұмар – халқымыз қастерлейтін киелі ұғым. Тіл – еркіндіктің туы.
Тіл – адамзат баласына тән ғажайып құбылыс. Адамдар белгілі бір қоғамда өмір сүретіндіктен, саналы түрде қарым-қатынас жасауға, сонымен бірге өз ортасының мәдени-рухани әлемін өрістетуге мүдделі. Осы мақсатта қызмет ететін тіл – белсенді қарым-қатынас құралы әрі ойлау мен сөйлеу үдерісінің өкілі болып табылады. Қоғам дамуы мен қолданыс қажеттілігіне қарай тіл де үнемі жетілу үстінде болады.

Дүние жүзінде халық та, тіл де көп. Ұлттарды бір-бірімен ажыратып бөлетін де, жақындастырып туыс ететін де – оның тілі. Тіл – әр ұлттың ұлт ретінде сақталуының кепілі. Қазіргі кезде дүние жүзінде 5661 тіл бар. Сөйлеушілерінің саны жағынан алғанда, қазақ тілі осы тілдердің ішінде 70-орынға ие болып отыр.
Қазақ халқының ұлттық болмысымен бірге қазақ тілі де қатар дамып, кемелденіп келеді. Ұлан-байтақ жерді мекендеген барша қазақ халқына ортақ, түсінікті, әуезді ана тіліміз – елдігіміздің басты нышандарының бірі. Қазақ тілі – бай тіл. Оралымды, ырғақты, теңеу-бейнелеулері ерте туған тіл. Ғ.Мүсірепов: «Поэзияда Абай, Ілияс сияқты, прозада Мұхтар сияқты алыптар туғызған тіл. Мен осындай тілімізді таза ұстайық деймін» деп кейінгі жас ұрпаққа үлкен ой тастаған.
Қазақ тілі – барлық әдебиет пен мәдениеттің, ғылым мен білімнің тілі, оқу мен өнердің тілі, баспасөз бен саясаттың түрлі іс қағаздарының тілі. Мұның барлығы қазақ тілінің жұмсалу аясының кеңдігін, қоғамдық қызметінің шарықтап өскендігін көрсетеді. Мемлекеттік тілді меңгеру – кез келген Қазақстан Республикасы азаматының міндеті. Шындығында, мемлекеттік тілде сөйлеу, жазу, оның шұрайлы тілін, қуатты күшін жете білу – біздің парызымыз. Біз үшін қазақ тілі – ұлы. Әрбір тәуелсіз мемлекеттің өткені мен бүгінін әлемге танытатын да оның тілі. Қазақ тілі арқылы күллі әлем тәуелсіз мемлекетіміздің тарихын, мәдениетін, әдебиетін және өнерін таниды.
Ең алғашқы 1989 жылы 22 қыркүйекте қабылданған, «Тіл туралы» заңда «Тіл – халықтың ұлы жетістігі, әрі оның ажырамайтын және бөлінбейтін белгісі» деп атап көрсетіліп, бірінші баптың бірінші тармақшасында «Қазақ тілі Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі болып табылады» деген сөздердің жазылуы – тіліміздің тарихындағы алғашқы мәртебесі биік белес, сонымен бірге өзінің лайықты тарихи бағасын алуы. Қазақстан Республикасында қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қызмет етуінің толық негіздері бар. Біріншіден, елімізде қазақ тілін ана тілі ретінде қолданушылардың саны жеткілікті әрі басым. Екіншіден, қоғамдық өмірдегі ғылым мен техника, бұқаралық ақпарат құралдары, өнер мен мәдениет, т.б. салаларда қызмет көрсетуі.
Сонымен қорыта келгенде, тілді сақтап, оны келешектің керегіне жарату үшін қызмет ету – өз халқын сүйетін кез келген азаматтың парызы мен міндеті. Кез келген ұлт өз тілімен танылады, ерекшеленеді, еңселенеді. Ана тілін ардақтаған жан – халқының ұлттық құндылықтарын зерделеген үлкен жүрек иесі. Өз тілін қастерлеген жанның өз елінің болашағына да үлкен үлес қосатыны сөзсіз. Жүздеген ғасырлардың тарихын тербеген дала төсінде өмір сүрген ата-бабаларымыздың көкірек сыры мен жүрегінің үнін жеткізген қасиетті аманаты – тіл.

Асылзат ОТАРБАЕВА,

№7 ЖББМ қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.