Қазақстанда республикалық «Жасыл челлендж» бастау алды

Акцияны Маңғыстау, Түркістан, Павлодар облыстарының, сондай-ақ, Нұр-Сұлтан қаласының мектептері қолдады. «Қазақстанның экологиялық қоры» ҚҚ республикалық «Жасыл челленджге» бастау берді. Іс-шара Ұлы Жеңістің 77 жылдығына орайластырылған.

Челленджге «№43 қосымша білім беру орталығының мектебі» КММ оқушылары, тыл ардагерлері, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Акция барысында балалар белгілі қоғам қайраткерлерінің, экологтардың, қаланың соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің құрметіне ағаш талдарын отырғызды.
Республикалық «Жасыл челлендж» «Жастар арасында экологиялық мәдениетті нығайту жөніндегі шаралар кешенін әзірлеу және іске асыру» жобасын жүзеге асыру шеңберінде өткізілуде.
-Біз челленджді өткізуді бұл мектептен кездейсоқ бастаған жоқпыз. Себебі мұнда балалардың экологиялық тәрбиесіне көп көңіл бөлінеді. Мектептің оқушылары табиғатты қорғау, қалдықтарды қайта өңдеуге қатысты көптеген халықаралық жобалар мен конкурстарға белсене қатысып, үнемі жүлделі орындарға ие болып келеді.
Мектепте алма бағы да бар. Бүгін біз сол бақта оқушылармен бірге қарағай отырғыздық. Бүгінгі іс-шара балалардың демалуына, қоршаған ортамен танысуына ықпал етеді деп үміттенеміз», – деп атап өтті «Қазақстанның Экологиялық Қоры» ҚҚ президенті Айгүл Абдуалиева.
«Жасыл челлендж» аясындағы эстафетаны Маңғыстау, Түркістан, Павлодар облыстарының оқушылары жалғастырады деп күтілуде. Акция барысында мектептер аумағы көгалдандырылып, экологиялық мәдениетті дамытуға бағытталған іс-шаралар жүргізілетін болады. Мәселен, осы жылдың қыркүйегінде Түркістан облысының Шардара ауданында экобелсенділер 100 ағаш көшетін отырғызуды межелеп отыр.
Айта кетейік, «Жастар арасында экологиялық мәдениетті нығайту жөніндегі шаралар кешенін әзірлеу және іске асыру» жобасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылады.

Өз тілшімізден.