Аптаның басында Қаражал қаласы әкімінің орынбасары Досбол Кұлымбетовтың төрағалығымен қалалық штаб отырысын өткізді. Жиынның күн тәртібінде коммуналдық шаруашылық бойынша алда атқарылатын ауқымды жұмыстар жайлы сөз болды.
– Биылғы көктем күрделі жағдай тудырды. Бірақ, біздің Қаражал-Жәйрем өңірінде айтарлықтай қиындықтар бола қойған жоқ. Десек те, жергілікті атқарушы органдар барлық жағдайды бақылауда ұстап отыр. Алда ауқымды жұмыстар тұр. Енді соларды кезең кезеңімен жүзеге асыруымыз қажет, – деді жиынды ашқан Досбол Бүркітұлы.
Қала әкімінің орынбасары өз сөзінде атап өткен ауқымды жұмыстарын да саралап шықты. Ең әуелі өңірдегі жылу беру маусымының өтуі туралы мәселе сөз болды. Енді санаулы күндерден кейін бұл маңызды маусым да қорытындыланады. Қыс қанша қытымыр мінез танытса да аталмыш сала мамандары қарсы тұра білді. Қалада жылу беруде іркілістер болған жоқ.
Жиында сондай-ақ, аймақтың санитарлық ахуалы, қалалар мен елдімекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзушылықтарды анықтау, сондай-ақ инфрақұрылым объектілерін бұзу, қала мен елдімекендердің жасыл желектерін жою және бүлдіру жөніндегі жұмыстың нәтижелері туралы, «Жасыл Ел» жастар еңбек жасақтарының жұмыс жоспары, коммуналдық төлемдер туралы да кеңінен сөз болып, сала мамандары жоспарларын ортаға салды.
Штаб отырысы 2 айдың әлеуметтік-экономикалық қорытындысы және 2024 жылдың І тоқсанына болжаммен түйінделіп, тиісті мекеме басшыларына тапсырмалар берілді.
Ізбасар ОЙБАС.