Қазақтың күй өнерінде есімі алтын әріппен жазылған, дара дарынымен ел есінде мәңгі қалған композитор, күйші-домбырашы, дирижер – Халық Қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің туғанына биыл 100 жыл. Осы айтулы датаға орай Қаражал-Жәйрем-Жаңаарқа өңірлерінің ұстаздары бас қосқан «Ата толғауы» атты аймақтық педагогикалық INVENT-жоба жоғары деңгейде ұйымдастырылып, өнер мен педагогиканы тоғыстырған тағылымды бастамаға айналды.
INVENT – ағылшын тілінен аударғанда «ойлап табу» деген мағынаны білдіреді. Бұл – жай ғана жоба емес, тың идея мен шабыттың, жаңашылдық пен шығармашылықтың тоғысқан алаңы. Жобаның басты мақсаты – аймақтағы білім беру сапасын жетілдіру үшін әдістемелік жаңалықтарды тарату, ұстаздар арасындағы озық тәжірибені ортаға салу, әсіресе, педагогика саласындағы ер мұғалімдердің белсенділігін арттыру болды.
Іс-шараның ашылу салтанатында Қаражал қаласы білім бөлімінің басшысы Тлеш Аштаев пен Жаңаарқа ауданы білім бөлімінің басшысы Махаббат Балабаева қатысушыларға ақ жол тілеп, осындай бастамалардың маңызына тоқталды. Олар жастардың белсенділігі мен жаңашылдығына, сонымен қатар, кәсіби біліктілігіне жоғары баға берді.
Педагогикалық инвент-жоба 3 номинациядан: «Әлқисса», «Құстар қайтып барады» және « Көш керуеннен» тұрды. «Әлқисса» номинациясы — сабақта цифрлық технологияларды қолдану негізінде бейнеөнім. «Құстар қайтып барады» — сабақта педагогикалық технологияларды қолдану, «Көш керуен» оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыру және дамытуға бағытталды.
Сонымен, байқау бар жерде әлбетте қазылар алқасы қатар жүретіні анық. Әділқазылар қатарында білім мен өнер саласының білікті мамандары төрелік етті. Айта кетсек, Жаңаарқа ауданы білім бөлімінің басшысы Махаббат Балабаева, Қаражал қаласы білім бөлімінің басшысы Тлеш Аштаев, Қаражал қаласының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің бас маманы Манара Жетімекова, Ұлытау облысы ардагер ұстаздар алқасының мүшесі Әбдірәсіл Рахым және Жаңаарқа ауданы «Балалар өнер мектебі» КМҚК дәстүрлі ән сыныбының мұғалімі, инвент-жобаның тұрақты әділқазылар мүшесі Ерғанат Көшенов төрелік етті.
Осымен төртінші мәрте өткен инвент-жобаның қорытындысына тоқталсақ, 3 номинация бойынша 18 қатысушы өз өнерлерін көрсетті. «Әлқисса» номинациясы бойынша бас жүлдені жаңаарқалық № 1 мектеп-лицейі информатика пәнінің мұғалімі, педагог-модератор Жастілек Серік иеленді. 1 орын Ынтымақ ЖББМ биология пәнінің мұғалімі, педагог-сарапшы Эльдар Жұмабаевқа, 2 орын Е.Шаханов атындағы тірек мектебінің информатика пәнінің мұғалімі Азат Шоманға және 3 орын О.Әлібаев атындағы ЖББМ тарих пәнінің мұғалімі Айбек Оспанға бұйырды. Сондай-ақ, «Құстар қайтып барады» номинациясы бойынша бас жүлдені О.Жұмабеков атындағы тірек мектебі музыка пәнінің мұғалімі, педагог-модератор Рауан Нұрғалиев қанжығасына байлады. Ал, 1 орынға № 1 мектеп-лицейі музыка пәнінің мұғалімі, педагог-модератор Ербота Ұзақбаев, 2 орынға № 101 ЖББМ тарих пәнінің мұғалімі, магистр Базарбай Дәуіт, 3 орынға Балалар өнер мектебі домбыра сыныбының мұғалімі, педагог-модератор Асылбек Дәулетбай ие болды. Кезекті «Көш керуеннің» бас жүлдегері Азат Шоман атанды. Ал, 1 орынға №101 мектеп-лицейі тарих пәнінің мұғалімі, педагог-модератор Нұрсұлтан Жылқыбаев, 2 орынға Ынтымақ ЖББМ ұстаздары Мұқағали Әкімжанов пен Ерген Кукенов, 3 орынға қаражалдық № 1 ЖББМ тарих пәнінің мұғалімі Шынболат Төлегенов ие болды. Осы жобада ерекше көзге түскендердің бірі – О.Жұмабеков атындағы тірек мектебі информатика пәнінің мұғалімі, педагог-модератор Асхат Амангелдинов болды. Ол өз жобасы «Смарт-домбыра» арқылы тың технологияны ұлттық өнермен шебер үйлестіріп, республикалық кезеңге жолдама ұтып алды. Ал, басқа да өнерлерін көрсеткен қатысушылар Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Жоба қорытындысы ұстаздардың шексіз әлеуетін, ұлтқа деген жанашырлығын және жаңашыл ізденіске деген құлшынысын көрсетті. Бұл – болашаққа салынған нұрлы жол. Себебі, Нұрғиса Тілендиевтің мұрасы – жүректегі саз, санамыздағы рух, ұрпаққа қалған аманат.
Мөлдір ОМАРОВА,
№ 1 ЖББМ тарих пәнінің мұғалімі.