Қаражал – шалғайдағы шағын ғана қала. Шағын болғанымен Қаражалдың тамыры терең, тарихы зор. Кеншілер мекеніне айналған қалада әртүрлі ұлт өкілдері тұрады. Бір-бірімізбен татулығымыз да, бауырмалдығымыз да жарасқан жандар болдық. Қалада балалардың, жасөспірімдердің оқуына, ой-өрістерін молайтуға, өнерлерін шыңдауға, спортпен шұғылдануларына басшылық тарапынан көп көңіл бөлінетін. Көрген адамның көзін тойдыратын кеншілер сарайы, кітапханалар, саз мектебі, спорт кешені. Ең кереметі — суға тапшы қаламыздағы ашылған бассейн. Осының бәрі сүйікті қаламызды көркейтіп, көңілге шуақ шашып тұратын. Бүгінде халық алғысына бөленіп отырған кітапхана меңгерушісі — Бибіғайша Жаманова, Мәдениет сарайын басқарған — Айман Нұрғалиқызы, саз мектебінің директоры — Клара Хайриддинқызы қаламыздың ардақты ардагерлері. Ал Қаражалдан шыққан әлем чемпиондары қаншама! Әрине, бұл Дүйсен Тәжікейұлының ерен еңбегі. Осы айтылған апаларының жолын қуған, бүгінде өздерінің ерен еңбектерінен халық қалаулыларына айналған Зәмзагүл Қажымұқанқызы, Айгүл Құлқызын айтсақ артық болмас еді.
Мен тура 30 жыл Қаражалдағы №1 мектепте қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі болып еңбек еттім. Қоғамдық жұмыстарға белсенді түрде көп араластым. Саналы ғұмырымның бәрі осы қалада өтті. Сол қаламен байланысты. Қазақ тілі қоғамының төрайымы болдым. Есімнен кетпейтін естелік — егемендігімізді алғаннан кейінгі алғашқы жылдан бастап-ақ Науырыз мерекесінің ұйымдастырушысы, әрі жүргізушісі болдым. Байқап отырсам, қалада да, далада да тура 21 жыл науырызды өткізіппін. Оқушылар да, жалпы халық, ата-аналар да тіл байлығыма, оқу мәнеріме (дикция) қатты қызығатын. Шәкірттерімнің алғысына көп бөленген ұстазбын.
Қаражалымның мерейтойы құтты болсын!
Гүлнәр Ахметбекқызы АМАНБЕКОВА,
Қарағанды қаласы.