Қарыштай бер, кенді мекен!

Арқа төрінде қызу еңбектің көрігін қыздырып, темір кенін молынан өндіріп жатқан Қаражал кентіне 1963 жылы қала мәртебесі берілген. Аралығы бес жүз шақырымнан артық болатын Қарағанды мен Жезқазған қалаларының арасындағы алғашқы қала еді бұл, сонысымен де маңызды болды.
Сол 1963 жылы менің құрдастарым өмірге келді, дүние есігін ашты. Менің құрдастарым деп отырғаным 1963 жылы туып, 1970 жылы Қаражал қаласының №1 орта мектебінің 1 «а» класының партасына отырып, 1980 жылы 10 «а» сыныбы болып мектеп бітірген аяулы да ардақты кластастарым.
10 жыл бірге оқыған, балалықтың бал дәуренін алаңсыз бастан кешкен, біріміз үшін біріміз туысқаннан да артық жанашыр болған сыныптастардан, достардан артық қимастық болмас, сірә! Біздің 10 «а» класында жиырма шақты оқушы, параллель 10 «б» класында жиырмадан артық бала мектеп бітіріп шықтық. Сол кездердегі қалыптасқан тәртіп пен түсінікке қарай, қоғамның қалыптасқан талаптарына сәйкес біздің ұрпақтың оқуға, білімге деген құштарлығы өте керемет еді. Сабақты бәсекелесе барымызды салып оқып, ұстаздардың алдында таласып жауап беріп жататынбыз.
Біздің класс өте білімді болды, бір-екі еркетотайларды есептемегенде класымыз түгелімен «үздіктер» мен «жақсылар» болатын. Ұстаздарымыз да керемет еді, әрқайсысы туралы ұзағынан баяндауға болады, ол кездегі оқушылардың мұғалімге деген құрметі де өте жоғары еді ғой. Біз де ұстаздарымызды аялап өттік. Әсіресе, класс жетекшісін. Біздің сынып жетекшіміз – Мұқанов Сейсен мұғалім болды. Білім беру жүйесінде ұзақ жылдар абыройлы қызмет атқарған майталман ұстаз – Сейсен мұғалім бүкіл класымыздың шамшырағы болғанын мойындаймыз. Көп сөйлемейтін, дауыс көтеріп ұрыспайтын, әрбір оқушысының көңіл-күйін бір сәтте бағамдайтын ардақты ұстазымыз мәңгілік есімізде! Ол кісі бүгінде ортамызда болмаса да өмірлік жары Кекіл апайымызды ұмытпай, үйіне барып, қал-жағдайын біліп тұрамыз. Көзіне жас алып, ризашылығын айтып, батасын береді. Жақында ғана класымыздың бас ұйымдастырушысы Зейнеп-Бақыт арнайы барып, сый-сияпат жасап шықты.
Біздің кластың ұл-қыздары өмірде де, мамандықта да өз орындарын тапқан, Тәуелсіз еліміздің тіршілігіне өзіндік үлес қосқан берекелі буын өкілдері. Кластастарымыздың арасынан еліміздің дамуына, экономикасының аяққа тұруына үлес қосқан азаматтар көптеп табылады. Бірнешеуін атап өтсем артық болмас. Мысалы, Ізтілеу Аманжолов – медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі. Нұргүл Байдәулетова – ҚР Ұлттық Банк жүйесінде білікті қаржы менеджері. Нұрлан Есенбеков – полиция полковнигі, Қаражал қаласының ішкі істер бөлімінде Күзет басқармасын басқарған. Зейнеп-Бақыт Оразбекова – мемлекеттік қызметкер, Қаражал қаласы санитарлық-эпидемиологиялық басқармасының білікті маманы. Өнеркәсіп салаларында өндірістің көрігін қыздырып жүрген Жақсылық Балапанов, Ерғазы Байділдінов, Айбаршын Бейсенбаева, Қоңырша Оспанова сияқты ұл-қыздарымыз класымыздың мақтаныштары. Білім беру, денсаулық сақтау, халыққа қызмет көрсету сияқты әлеуметтік салаларда табысты еңбек етіп, халықтың сүйіспеншілігіне бөленіп жүрген Хасенова Жұмакүл, Жұматаева Гүлназия, Төкенова Ләйла, Ахантаева Ләззат, Баймағамбетова Күнжан, Елемесова Дәржан және басқалары да біз мақтанатын кластастарымыз.
Ең қуаныштысы, мектеп бітіргенімізге 43 жыл уақыт өтсе же жылдар сорабы мен мезгіл сарыны біздің арамызды алыстата алған жоқ. Ұйымымыз бір, татулығымыз берік, ұйымшылдығымыз басым. Соңғы қоңырауды естігенімізге 40 жыл толуына байланысты кездесуіміз әлемді жайлаған коронавирусқа байланысты ұйымдастырылмағанымен біз 2023 жылы 7-8 мамыр күндері сүйікті қаламыз Қаражалда бас қосып, кездесу өткізіп мәз-мейрам болдық, 27 ұл-қыздар жиналдық. Кездесуімізді мешіттен бастадық, класс жетекшімізді қосқанда класымыздан жеті сыныптасымыз бақилық болған екен, соларға құран бағыштадық. Өкінішке орай, тірлік бар жерде, өлім де бірге жүретіні заңдылық. Сол кездесуімізден кейін екі апта өткенде ортамызда жарқылдап жүрген асыл азамат, ардақты дос Тоқабаев Жүмкен өмірден өтті… Арулап жерледік, құран бағыштадық.
Балалық шағымыз, жалындаған жастық кезіміз, өмір арнасына бейімделген саналы ғұмырымыз өткен сүйікті Қаражал қаласы қайда жүрсек те біз үшін қымбат. Қазіргі таңда кең байтақ Қазақстанымыздың түрлі өңірлерінде еңбек етіп, тіршілік етіп жүрсек те Қаражалымызды аңсап тұрамыз. Енді міне, Қаражал қаласының 60 жылдық мерейтойына қосқан үлесіміз болсын деп, класымыздың атынан жеке киіз үй тігуді, сөйтіп тойдың бір шетін көтерісуді мойынымызға алып, жоспарлап қойдық.
Қасиетті қара шаңырағымыз, біреулерге шағын моноқала болып көрінсе де біз үшін қадірі мен құндылығы аса жоғары болатын сүйікті Қаражал қаламыздың 60 жылдық мерейтойы құтты болсын, ағайын! Қаражал қарыштай берсін!

Ізтілеу АМАНЖОЛҰЛЫ,
Еуропа жаратылыстану
академиясының
академигі,
А.Байтұрсынұлы атындағы «Алтын медаль» иегері.