Қариялар да қалыс қалмады 

Қаражал қаласының 60 жылдығына арналған айшықты шаралар легі толассыз жүріп жатыр. Осы дүрмектен қаланың қариялары да қалыс қалмауды жөн санады. Сөйтіп, олар Қаражал қалалық орталық кітапханада «Әкем айтқан өсиет – бабадан қалған қасиет» деген тақырыппен байқау өткізілді. Іс-шараға қалалық кітапхана қызметкерлері мұрындық болды.

«Қарты бар елдің – қазынасы бар» дейді дана қазақ. Сол қазына қарттарымыздың тағылымын алып, өсиетін естіп өскен ұрпақ жаман болмайды. Бабадан балаға мирас болып қалған асыл қасиеттерімізді кейінгі ұрпақтың санасына сіңіру мақсатында қаламызда қазына қарттар бас болып айшықты шара өткізді. Оған айтары мол, парасат-пайымы зор деген аталарымыз бен әжелеріміз қатысты.

Аталмыш шараға  қатысқан ақ сақалды аталарымыз бен ақ жаулықты әжелеріміз екі кезең бойынша бақ сынасты. Бірінші кезеңде батагөй аталарымыз отау тіккен жас жұбайларға, Наурыз мейрамы мен балаға қатысты салт-дәстүрлерге, той-домалақтардағы дастарханға байланысты берілетін баталарын айтып сайысқа түсті. Ал, екінші кезеңде қазақ халқының ұлттық ойындары, жеті санына байланысты ырымдар мен балаға қатысты салт-дәстүрлер жайында, қазақ халқының үлкен мейрамдары мен мүшел жас атауларына қатысты сұрақтарға жауап берді.

Екі кезеңнен тұратын іс-шарада әуелеген ән-күй орындалып, ақындардың өлеңдері мен монологы оқылды. Мұның бәрі айшықты шараның әрін ашып, мазмұнын байыта түсті.

Байқау болған соң оған қатысқандардың парасат-пайымы сарапталады да ғой. Осы мақсатта құрылған қазылар алқасы қатысушыларға ұпай бере отырып, жеңімпаздарды анықтады. Нәтижесінде, Жарқынбай Жетімек ақсақал бірінші  орынды еншілесе, екінші орын Ертай Нұркеев пен Дәулет Халықов ағаларымызға бұйырды. Ал,  үшінші орынды әжелеріміз –  Мереке Ыбыраева мен Сәруар Рахымбаева өзара бөлісті.

Айшықты шараға Нұрым Кәдірсізов, Аманбай Жүнісов, Мереке Жұманбаева сында қаламыздың бетке ұстар қазына қариялары төрелік жасады.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ