Қаңтар айында басталған Қаражал қаласының 60 жылдығына арналған мерейтойлық іс-шаралар легі желтоқсанның басында «Келешегі кемел – кенді өлке» атты халықаралық ақындар айтысымен түйінделді. Аламанда қазақ пен қырғыз елінің суырып салма ақындары сөз сайыстырып, қаражалдықтар мен осы жыр додасын көруге алыс-жақыннан арнайы келген жұртшылықтың айызын бір қандырды.
Орайы келгенде айта кетейік, халықаралық ақындар айтысы Ұлытау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының тапсырысымен, Қаражал қаласы әкімдігі мен «Аманат» партиясы және Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының қолдауымен өтті. Қос бәйге тігілген жыр додасында 12 ақын бақ сынасты. Оның сегізі Қазақстанның, төртеуі қырғыз елінің шайырлары. Атап айтқанда – Қырғызстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Максат Кулуев, Қырғызстан Республикасының Айтыс қоғамының төрағасы, Қырғызстан Республикасының Ардақ грамотасының иегері, Қырғызстан Мәдениетінің мықты қызметкері Асылбек Маратов, Қырғызстан Республикасының айтыскер ақыны, республикалық, халықаралық сыйлықтардың иегері Изат Айдаркулова, Қырғызстан Республикасының айтыскер ақыны, Мәдениеттің мықты қызметкері Ахматбек Сұлтануулы және қазақстандық айтыскер ақындар мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының Астана қаласы бойынша филиалының төрағасы, мәдениет саласының үздігі Иранғайып Күзенбаев (Астана), «Асыл домбыраның» алғашқы иегері, мәдениет саласының үздігі Қазірет Бердіхан (Алматы), «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегерлері, айтыстың ақтанкері Біржан Байтуов (Шымкент) пен Мейірбек Сұлтанхан (Қызылорда), «Алтын домбыра» иегері Аспанбек Шұғатай (Павлодар), айтыскер ақын, жыршы-термеші, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Дидар Қами (Қарағанды), Республикалық ақындар айтыстарының жүлдегері Ержан Әміров (Қызылорда), мәдениет саласының үздігі, республикалық ақындар айтыстарының жүлдегері Өміржан Көпбосын (Ұлытау) өзара сөз сайыстырып, қазақ-қырғыз халқына ортақ өнер – айтысты дәріптеп, екі елдің ынтымағы мен татулығын, бірлігі мен берекесін жырларына арқау етті.
Беташар
Жыр додасының түндігін Ұлытау облысының бас ақыны, осы аламанның екі тізгін бір шылбырын қолына ұстаған жүргізуші Төлеген Жаманов түріп, аламан айтыстың жай-жапсарын жария етті.
– Биылғы жыл Қаражал өңірі үшін мерекелі де берекелі жыл болды. Кешегі қырық бірдің қырғынынан бастап кеңес дәуіріндегі небір аумалы-төкпелі замандарды бастан өткерсе де қойнауындағы қазынасы арқылы мейманасы тасып, мәртебесі асқан Қаражал өзінің 60 жылдық мерейтойын арқа-жарқа тойлады. Күні кеше ғана Қаражалдың күнбатысында қырыққа жуық ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, алыс-жақыннан келген елді құшақ жая қарсы алған қаражалдықтар бүгін тағы сол мәрттігінен жаңылмай, Алатаудың арғы жағынан келген айыр қалпақ ағайын – қырғыз елінің ақындарын қарсы алып жатыр. Әмәнде тойы осылай тойға ұласа берсін, – деген ақжарма тілекпен айтыстың шымылдығын ашқан аймағымыздың бас ақыны бүгінгі аламанға келген шайырларды сахнаға шақырып, олардың сөз сайыстарын саралап, қазылық ететін құрметті меймандарды таныстырды. Айтысқа қазылар алқасының төрағасы Жүрсін Ерман онлайн қатысып отырса, тең төраға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, айтыскер ақын, филология ғылымдарының докторы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Аманжол Әлтай, айтыскер ақын, филология ғылымдарының кандидаты, ҚР білім беру ісінің қызметкері Светлана Жумкина, айтыскер ақын, қаламгер, журналист, филология ғылымдарының докторы Қойлыбай Асанов, айтыскер ақын, Ұлытау ауданының Құрметті азаматы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Мұқанбетқали Сейтқазинов, айтыскер ақын, жыршы, ҚР Мәдениет саласының үздігі Тілеген Әділов, айтыскер ақын, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі мен «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, республикалық, халықаралық ақындар айтыстарының жүлдегері Айтбай Жұмағұлов шайырлардың сөз сайысына төрелік жасады.
Айтыстың салтанатты ашылу рәсімінде Қаражал қаласының әкімі Айқын Елеусізов жерлестерін мерейтоймен тағы бір мәрте құттықтап, сөз сайысына келген шайырларға сәттілік тіледі.
– 60 жылдықтың тойы ел айта жүретіндей аталып өтті. Бір-бірімен астасқан айшықты шараларда толас болған жоқ. Ең бір ерекшелігі той мәзірінде ұлттық өнер мен ұлттық спорт түрлеріне де кеңінен орын берілді. Соның айқын айғағындай қаламызда бүгін аламан айтыс өткелі отыр. Бұл жай айтыс емес, халықаралық айтыс. Қала тарихына үңілсек өңірімізде бұған дейін де талай айтыстар өткен. Бірақ, бұл айтыс соның ең шоқтығы биігі. Қаражал өңірі айтыстың туын әмәнде желбірете берсін, айтыстың шынайы ортасына айналсын, – деп көсіле сөйледі қала басшысы.
Тұсаукесер
Әкім Айқын Елеусізовтың айтып тұрған сөзінің жаны бар. Қазақтың төл өнері, арда өнері – айтыс Қаражал өңірінде сонау 2000-шы жылдың басынан бері үздіксіз өтіп келеді десек болады. Бұл жайлы облыстың бас ақыны Төлеген Жаманов та тарқата айтты.
– Мен осы өңірде қызмет еткен 2001 жылдан бері Қаражалда айтыс шама келгенше үзіліссіз өтті. Әуелі қалалық деңгейдегі айтыс болып бастаған сөз додасы келе-келе аймақтық, облыстық деңгейге көтерілді. Өткен жылдары мұнда облыстық ақындар айтысы өтіп, еліміздің мықты ақындары сөз сайыстырып, елдің айызын бір қандырып еді. Енді міне, қалада халықаралық айтыс өткізіп, айды аспанға шығарып жатырмыз, – деді Төлеген төгілте сөйлеп.
Салтанатты рәсім сәтінде болған тағы бір айшықты шара осы Қаражал қаласында бұған дейін өткен айтыстарды жинақтап, «Қаражалдың төріндегі аламан айтыс» деген атпен баспадан шыққан жинақтың тұсаукесері болды.
«Кенді өлке – қасиетті Қаражал жерінде екі рет аламан айтыс өтті. Оның алғашқысы 2018 жылы Қаражал қаласының 55 жылдығына орай өтсе, араға бір жыл салып яғни, 2019 жылы дауылпаз ақын Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығына орай екінші рет арқалы ақындар қазыналы өлкеде бас қосып республикалық айтыс өткізілді. Аталған жинақта айтыс ақындарының қазыналы Қаражалдың өткені мен бүгіні, һәм келешегі жайлы айтқан жауһар жырлары мен ұтымды шумақтары топтастырылған. Бұл жинақ өнерсүйер қауым мен қара сөздің қадірін білетін қалың жұртшылықтың көңілінен шығатыны сөзсіз» делінген жыр жинағының алғы сөзінде.
Жинақ Алматы қаласындағы «Жалау баспасы» баспаханасында басылып шығыпты. Жобаның авторы сол кездегі қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Гүлнұр Сатанова.
Халықаралық айтыстың ашылу салтанатында жұртшылық аталмыш кітаптың тұсаукесеріне де куә болды.
– Құймақұлақ жастарға сөзбен сырға салуда көш бастайтын бірден-бір өнер болса, ол – айтыс. Айтыс ақыны атанудың да ғасырлар бойы өрлеп келе жатқан өз үрдісі бар. Бұл өнердің тамыры тарихымызға терең бойлап кеткендіктен де шығар, күні бүгінге дейін айтыс жүйріктеріне тыңдаушы қауым аса мәртебемен қарайды. Сол бір үлгілі үрдістің жалғасын Қаражалда өткен айтыс додаларынан да байқаймыз. Бұлардың бәрі мына кітапта көрініс тапқан, — деді жаңа жинақтың тұсаукесерінде сөз алған қазылар алқасының тең төрағасы Аманжол Әлтай. Бұдан соң ақын мен әкім жыр жинағының лентасын қиып, кітаптарды қазылар алқасы мен қаланың қазыналы қарияларына таратты.
Алғашқы айналым
Азғана салтанатты рәсімнен соң кезек ақындардың сөз сайысына берілді. Айтыстың алғашқы айналымын Ұлытау облысының ақыны Өміржан Көпбосын мен Қызылорда облысының ақыны Ержан Әміров бастады. Құдалардың жарасымды қалжыңына құрылған айтыс тыңдаушыларды бір серпілтіп алды.
«Үш жылдан соң теңізші де елге келеді, ал қарындасты көрмегелі төрт жыл болды» деп Сыр өңірінің келіні болып жүрген қарындасын сағынған Өміржан құдасына зілсіз өкпе айтып еді, онысын жазбай түсінген Ержан «Сәл шыда, қарындасың келер жылы жиеніңді ертіп келеді, бәсіресін дайындай бер» деп салмақ артты. «Жиен келсе қашанда құр қол қайтармаймыз» деген жаңаарқалық ақын жігіт жазиралы Жаңаарқа мен қазыналы Қаражал өңіріндегі үйір-үйір жылқы айдаған аға-әкелерін алға салып, жиенжан осылардан таңдағанын мінеді деп барлығы мен жомарттығын танытты.
Кезек қазақ пен қырғыздың ақындарына берілгенде зал дүр сілкінді. Екі елдің сен тұр мен айтайын дейтін, аузымен құс тістеген шайырлары шұрайлы айтыс жасап бақты. Ел бірлігі, әлем тыныштығы, халықтар достығы тілге тиек болса да екі елдегі әттеген-ай дегізетін жайттар да айтылмай қалған жоқ. Павлодарлық Аспанбек Шұғатаймен сөз сайыстырған қырғыз ақыны Ахматбек Сұлтануулы «Лениннің ескерткішін алып тастаған Қаражалдан үлгі алып, Павлодардың атауын сен де қазақшаласайшы» десе, Аспанбек те есесін жібермей «Сол Күн Көсем қырғыз елінің де төрінде тұр емес пе» деп бір түйреп өтті.
Айтыстың көркін қыздырған сәт шымкенттік Біржан Байтуов пен қырғыздың ақын қызы Изат Айдаркулованың сөз түйісі болды. «Мақсат Ахановқа жолықтырмаған Аллаға мың шүкір» дей келіп, «сен жігітке оңай шағылар жаңғағың емеспін» деген қырғыз ақынын шымқаланың шайыры «Шымкентский вариантпен» оп-оңай орап алды. Қыз бен жігіттің қалжыңына құрылған бұл айтыс та тыңдармандарды бір серпілтіп, ел екі ақынға да ризашылықтарын білдіріп отырды.
Қырғыз ақыны Асылбек Маратов пен қарағандылық дүлдүл Дидар Қамидың айтысы да шымыр болды. Қаншама айтыстарда Дидарға осы Асылбек қарсылас болып келе бергенін әзілге шаптырған Дидар «Бағым ба әлде сорым ба, қаншама қырғыздың ішінен Асылбектен басқа қырғызды маған бұйыртпады» деп еді, қырғыздың шайыры да шалт қимылдап «үйренген жау атыспаққа жақсы емес пе, менен басқасы кезіксе аяғың аспаннан келер ме еді» деп зілсіз әзіл тастады.
Төрт сағатқа созылған алғашқы айналымды ел тапжылмай отырып тамашалады.
Соңғы түйін
Бір сағат үзіліс жарияланып, қазылар алқасы соңғы айналымға шығатындарды саралауға кетті. Бұл кезде сахнаға Тайжан Қалмағамбетов атындағы облыстық филормониядан келген жезтаңдай әншілер шығып, әуелете ән салды. ҚР еңбек сіңірген әртісі, Тайжан ақынның әндерін жинақтап, насихаттаушы, Жезқазған қаласының және Жаңаарқа ауданының Құрметті азаматы Ғалым Мұхамедин және Жүсіпбек Елебеков атындағы Республикалық байқаудың бас жүлдегері, Т.Қалмағамбетов атындағы Жезқазған филармониясының әншісі Ардақ Мұқышев өз өнерлерімен жұртшылықты тәнті етті.
Шағын концерттік бағдарламадан соң қазылар алқасы ақтық айналымды жариялады. Бұл жыр сайысында қызылордалық Мейірбек Сұлтанхан мен шымкенттік Біржан Байтуов және қарағандылық Дидар Қами мен павлодарлық Аспанбек Шұғатай шаппа-шап шықты.
Сонымен жыр додасы да мәресіне жетіп, «кіл мықтыда кім мықты» деген ақындар анықталды. Жыр жарысының қорытындысы бойынша «қос жүлде» тағайындалды. Айтыстың бас жүлдесін Қырғызстан Республикасының ақыны Изат Айдаркулова мен Павлодар облысынан келген жүйрік ақын Аспанбек Шұғатай иеленді.
Ал, І орынды Қырғызстан Республикасының ақыны Акматбек Султануулы мен Қарағанды облысынан Дидар Қами иеленсе, ІІ орын Қырғызстан Республикасының ақыны Асылбек Маратов пен Шымкент қаласынан Біржан Байтуовқа бұйырды. Жүлделі ІІІ орынды Қырғызстан Республикасының ақыны Максат Кулуев және Астана қаласынан Мейірбек Сұлтанхан місе тұтты.
Жыр додасында сөз сайыстырған өзге ақындар да сый-сияпатсыз қалған жоқ. Алматы қаласынан келген Қазірет Бердіхан, Астана қаласынан келген Иранғайып Күзенбаев, Ұлытау облысынан қатысқан Өміржан Көпбосын, Қызылорда облысынан келген Ержан Әміров 300 мың теңге көлеміндегі сертификатпен марапатталды.
Айтыскер ақындардың бәріне «Қаражал қаласына 60 жыл» мерекелік медалі табысталды.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ