Қаражал төріндегі байрақты бәсеке

Қазыналы қаламыздың төрінде 27-29 қазан аралығында Ұлытау облысының ең үздік жас боксшылары бас қосты. 2010-2013 жылдары туылған кіші жасөспірімдер арасында алғаш рет бокстан ашық облыстық турнирі өтті. Бұл байрақты бәсеке Қаражал қаласының 60 жылдық мерейтойы мен Республика күні – ұлттық мерекемізге арналды.

Ұлытау облысының түк­пір-түк­пірінен жиналған жас спортшылар додасы намысты қолдан бермеуге тырысып бақты. 3 күнге созылған бәсеке өте тартысты әрі қызықты өтті. Жеңіс бар жерде жеңіліс те бар. Сонымен, әр салмақ дәрежесінде бақ сынасқан спортшылардың арасынан суырылып шыққан, сондай-ақ, 1 орынды қанжығалаған жүлдегерлерімізге тоқтала кетуді жөн көрдік. 2012-2013 жылдары туылған 24 келі салмақ дәрежесінде Санжар Жұмабек (Жезқазған қаласы), 26 келі салмақ дәрежесінде Глеб Регер (Қарағанды қаласы), 28 келі салмақ дәрежесінде Бек Әбдіманап (Жезқазған қаласы), 30 келі салмақта Марлен Амиров (Жезқазған қаласы), 32 келі салмақта Ярослав Белобородый (Қаражал қаласы), 36 келі салмақта Дінмұхаммед Абдулла (Жаңаарқа ауданы), 48 келі салмақта Пернехан Абдурахман (Жезқазған қаласы) топты жарып, 1 орынға ие болды. Ал 2010-2011 жылдары туылған спортшылардан 30 келі салмақта Аңсар Иманкулов (Қаражал қаласы), 32 келі салмақта Тамер Аязбаев (Қарағанды қаласы), 38 келі салмақтағы 1 топтан Бейбарыс Сұлтан (СК Намыс) пен 2 топтан Осман Жәнібек (Жезқазған қаласы), 40 келі салмақтағы 1 топтан Ернұр Олжабай (Сәтбаев қаласы) мен 2 топтан Арман Шайхин (Қаражал қаласы), 42 келі салмақтан Батыржан Қарсыбай (Жезқазған қаласы), 46 келі салмақта Әмірхан Смайылов (Жәйрем кенті), 48 келі салмақта Бейбарыс Алмасбай (Сәтбаев қаласы), 50 келі салмақта Ахмад Жайдар (Жәйрем кенті), 52 келі салмақта Жандос Қалқанов (Сәтбаев қаласы), 54 келі салмақта Арсен Сыздықбаев (Сәтбаев қаласы), 57 келі салмақта Ермек Баймұханбет (Кеңгір кенті), 60 келі салмақта Сұлтанәли Бейсенғалиев (Қаражал қаласы), +63 келі салмақта Ерсін Азаматов (Жаңаарқа ауданы) 1 орын иегері атанды. Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге медальдар мен Алғыс хаттар табысталды.
Өте жоғары деңгейде өткен бұл облыстық турнирдің ұйымдастырушылары «Қаражал қаласының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі» ММ және қаламыздағы былғары қолғап спортшыларының басын біріктіріп, бокс секциясын қолға алған Серік Шайхин ағамызға мың да бір алғыс білдіреміз. Бұл жеңіс ата-анасынан кейін тілеуін тілеген осы бапкердің зор еңбегі екенін ескеруіміз керек. Ашылғанына шамалы ғана жылдар болса да қаламыздың бокс секциясы өте керемет нәтижелер беруде. Болашақта бұл секция қаламыздың үлкен бокс мектебіне айналатынына кәміл сенеміз. Әлі талай жерлестеріміз былғары қолғап шеберлері атанып, әлемді бағындырып, шағын ғана қаламыздың атын асқақтатарына сенімдіміз. Тек жеңіс тұғырынан ғана көрінуге нәсіп етсін.

Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ