«Алтын орда» есігін айқара ашты

«Той десе қу бас домалайды» дейтін қазақпыз ғой, шын мәнінде қазекем «тойға бұйырсын» деген үмітпен мал жиған, дәулет құрған. Бірер жылдан бері қазыналы өлкеміз мейрамханасыз тойды бастан өткергені де жасырын емес. Қалтасы көтергендер облыс орталығында тойларын өткізіп, ал қарапайым халық шағын ғана шаңырағында немесе кішігірім кафелерде той-домалақтарын атқарып жүрді. Ашығын айтсақ, тойдың ел айта жүрер ерекше көңілді, сән-салтанатпен өтуін қай той иесі қаламайды?!

Осыған орай сүйінші жаңалы­ғы­мызбен біз де бөлісуге асықпыз.  Қазыналы қаламыздың  60 жылдық мерейтойы қарсаңында су жаңа мейрамхананың ашылу салтанатын кеше ғана өткізіп, кәсіпкерлік нысан иелеріне тілектес болып қайттық. Ашылу салтанатына арнайы қонақ болып Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, айтыскер ақын Аманжол Әлтай, қала әкімі Тілектес Досаев, қалалық мәслихат төрағасы Зәмзагүл Оспанова және қала ақсақалдары қатысты.

Торқалы тойға сый ретінде ашылған тойхананың ашылу салтанатында айтыскер ақын Аманжол ағамыз бен қала әкімі Тілектес Темірбекұлы игі тілектерін білдірсе, қаламыздың беделді ақсақалдарының бірі Жарқынбай Жетімек ақ батасын берді.

Содан кейін, жаңа нысанның лентасы салтанатты түрде қиылып, шашу шашылды.

Жеке кәсіпкер Еркін Мақаев пен Эльмира Отыншина «Алтын Орда» атты мейрамханасының құрылысын жалғастырып, таза өз маңдай терлерімен ашқанына куәгерміз. Мейрамхананың кіші және үлкен залы бар. Кіші залына 50-60 адам сыйса, үлкен залына 260-280 адамдық еркін той жасауға мүмкіндік бар. Әзірше 5-6 адамды жұмыспен қамтып отырған мейрамхана иелері, әлі де жұмыскерлерді жұмыспен қамту ойда бар екенін жасырмады. Жаңа заманға сай салынған тойхана ішіне енген қонақтар сәулетті нысанның безендірілуіне таңдай қағысты. 300-ге жуық адамдық мейрамхана расымен де көрер көзге ерекше тартымды. Сол жерде тойхана иелері келушілерге арнап дастарқан жайып, құрмет көрсетіп, ақсақалдардан бата алды.

Әлбетте, басталған іске атсалысқан, басы-қасында жүрген ағайын-туысқа рақмет айтқым келеді. Сондай-ақ, қолдау көрсеткен қала әкімдігі, әсіресе Тілектес Темірбекұлы мен жергілікті билікке де алғысымыз шексіз,  – деп Эльмира әпкеміз ағынан жарылды.

Қазақта не көп, той көп. Бала туғаннан шілдехана, бесіктой жасап, тәй-тәй басқанда тұсауын кесіп, ырымдайды. Ұл болса сүндетке отырғызып, мұсылман етеді. Ұлы − ер, қызы − бой жеткен соң, ұлын − ұяға, қызын − қияға қондырудың қамына кірісіп кетеді. Құда түсу, сырға салып, беташар жасау да дәл осы мейрамханалар төріне жүгінетіні айдан анық. Той-томалақты тізіп санамалай берсек көп-ақ. Сондықтан мейрамхана иелері бұл бизнесте ұтылмайтыны бесенеден белгілі.

Ең бастысы туған жерін өркендетуге үлес қосқан бұл әулетке халық дән риза. Сәні мен салтанаты келіскен су жаңа мейрамхана құтты болсын, ағайын! Қазақтың тойы бітпесін!

Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ