Қасиетті Алтай төрінде түркі жұртының рухани тамыры мен мәдени тұтастығын айшықтаған ең ауқымды халықаралық мәдени шаралардың бірі — «Алтай — түркі әлемінің алтын бесігі» фестивалінің шарықтау сәті өтті.
Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ауданында ұйымдастырылған айтулы өнер мерекесіне Қазақстанның түкпір-түкпірінен және алыс-жақын шетелдерден келген 50 мыңға жуық қонақ пен көрермен жиналды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Салтанатты шараның ашылуында сөз сөйлеген Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Алтайдың түркі өркениетіндегі тарихи орнына тоқталды.

«Мыңдаған жылдар бойы Алтай өркениеттер тоғысқан, Ұлы Жібек жолының маңызды торабына айналған, рухани қуаттың қайнар көзі болған қасиетті өлке ретінде танылып келеді. Бүгінде Ұлы Алтай өзінің тарихи миссиясын қайта жаңғыртып, достар мен ниеттес халықтардың басын қосып отыр. Бауырлас мемлекеттерден келген қадірлі қонақтарымызға шынайы ризашылығымызды білдіреміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев түркі мемлекеттерінің ортақ тарихи-мәдени мұрасын сақтау — келер ұрпақ алдындағы ортақ жауапкершілігіміз екенін бірнеше рет атап өтті. Бүгінде Жаңа Әділетті Қазақстан құндылықтары аясында бұл сөздер ерекше мәнге ие болып отыр. Өзінің қалыптасу кезеңінен бері «Алтай — түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестивалі өнер, музыка және рухани мұра сынды мәңгілік құндылықтар арқылы түрлі елдердің өкілдерін тоғыстыратын айтулы халықаралық мәдени шараға айналды», — деді облыс әкімі аймақ басшысы.
Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған фестиваль түркі халықтарының ортақ тарихын, бай мәдени мұрасын және бауырлас елдер арасындағы рухани байланысты дәріптеуге бағытталған.
Алтайдың сұлу табиғаты аясында өтіп жатқан мереке бүгінде халықаралық мәдени үнқатысудың беделді алаңына айналып отыр. Гала-концерт театрландырылған «Пырақ» қойылымымен ашылды.
Сақ дәуірінен бастау алатын түркі дүниесінің киелі символы — ақ қанатты тұлпар бейнесі арқылы Ұлы дала өркениетінің рухы, көшпенділер мәдениетінің болмысы және жылқының адамзат тарихындағы айрықша орны заманауи сахналық шешімдермен әсерлі көрініс тапты. Кеш барысында Қазақстан мен түркі әлемінің танымал өнер жұлдыздары бір сахнада бас қосты.

