АЛМАТЫДАН ҚОС ГРАН-ПРИ

Қазыналы қаламыздың қара шаңыраққа айналған өнер ордасы Балалар өнер мектебінің жас таланттары өткен аптада Алматы қаласынан тағы да сүйінші хабармен оралды.
Сәуір айының 9 күні алып шаһар Алматы қаласының төрінде Dance fest «Fantastic talent» атты Халықаралық би және шығармашылық фестиваль-конкурсы өтті. Аталмыш фестивальдың басты мақсаттарының бірі – әлем бойынша дарынды және талантты балаларды анықтау және білікті көшбасшылар мен мұғалімдерді тану. Байқау жас санаттарға және әртүрлі жанрларға бөлінді. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген өнерпаздар бір-бірінен асады. Соған қарамастан біздің шағын қаламыздан шыққан өнерпаздар театр (актерлік шеберлік), фортепиано және би жанрында өнер көрсетіп, бірнеше жүлделі орындарға ие болып қайтты. Иә, өнер – жастан дей тұрғанмен, баламен айналысып, оны өнерге баулу өз алдына бір бөлек дүние. Сондай-ақ, 1 пайыз талант, 99 пайыз еңбек деген қағиданы алға тартқан ұстаздың да еңбегі нәтижелі екенін мойындауымыз қажет. Балаларымызбен бірге көш бастап, Өнер мектебінің білікті мамандары Жанар Орынбаева мен Ива Әбиева да барып қайтты. Сахна сыртынан тақымын қысқан ұстаздар мен қолдаушы болып барған ата-аналардың да үміті ақталып, төбелері көкке жетті.
Сонымен жүлдеге келсек, театр (актерлік шеберлік) жанрынан «Жауқазын» тобының қыздары «Мама» қойылымымен залды тебірентіп, көздеріне жас ұялатып, Гран-Приді қанжығаға байлады. Расымен залда көңілі босамаған жан қалмады. Бас жүлдеге қол жеткізген болашақ актриса қыздарымыз: Нұрай Кеңес, Айнұр Ғабдулла, Мадина Аринова, Чолпон Асанова, Әсем Нұрлан, Балауса Бақтияр, Жасмина Хамитжан, Дәрия Кәрібай болды. Жетекшілері Ива Мақсатқызы болғанымен, осы қойылымның қоюшы-режиссері, білікті де білімді маман Еркеназ Бекенқызы Сердалинаның есімін, оның ерен еңбегін үлкен ризашылықпен атап өткен жөн. Өз жұмысына тиянақты ұстаздың тәлімін алған қыздар еш демеушісіз, ата-аналарының қолдауымен үлкен сахнаға осы қойылымды абыроймен алып шықты.
Ал фортепиано жанрынан Чолпон Асанова 1 орынға ие болып қайтты. Жетекшісі Жанар Орынбаеваның да еңбегі еш шүбәсіз. Ұстаздың бірнеше өнерпаздары түрлі байқаулардан жүлделі орындармен оралуда. Сондай-ақ, Ива Мақсатқызының жетекшілігімен «Асылай» би тобы 1 орынды, ал «Айгөлек» би тобы 2 орынды иеленіп келді.
Тағы бір Гран-Приды көркем сөз оқу жанрынан әсерлі монологымен Айнұр Ғабдулла еш қиындықсыз иеленді. Дәл осы жанрдан Жасмина Хамитжан 1 орынды және Әсем Нұрлан 2 орынды місе тұтты. Жауқазындай болып өсіп келе жатқан «Жауқазынымыз» болашақта да қала атын танытуға әзір. Осыған дейін де бірнеше халықаралық, республикалық байқаулардан Гран-при жүлдесімен оралып жүрген болашағы жарқын өнерпаздарымыздың әлі талай белестер мен жеңістерге қол жеткізетініне халық болып кәміл сенеміз.

Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ