Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспековтің төрағалығымен кезекті аппарат жиыны өтті. Онда алдағы жылыту маусымына дайындық барысы, «Ұлытау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының атқарылған жұмыстары және алдағы жоспарлары талқыланды.
Өңір басшысы облыстағы әлеуметтік нысандарда былтырғы қателіктерге жол берілмеуін қатаң ескертті. Барлық мекемелердің қысқа әзірлік паспорттарын 10 қыркүйекке дейін өткізу міндеттелді. Әкім дайындық шаралары талапқа сай жүргізілмеген жағдайда жауапты басқармалардың басшыларына тек ескертумен шектелмей, қатаң шара қолданылатынын атап өтті.
Сонымен бірге, облыстық энергетика басқармасына жылу беру кәсіпорындарына апта сайын бақылау жүргізіп, олардың дайындығын мұқият қадағалау тапсырылды. Ал, қала және аудан әкімдеріне жылу жүйелерін жуу, жылу тұтыну қондырғыларын қысыммен тексеру жұмыстарын дереу бастау жүктелді.
Жиында облыс әкімі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік пен тауарлар бағасының қымбаттауына талдау жүргізуді талап етті. Бұл мәселе бойынша нақты есеп бір аптаның ішінде ұсынылуы тиіс.
Кеңесте сондай-ақ, инвестиция тарту мен туризмді дамыту мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Дастан Рыспеков өз орынбасарына ӘКК-мен бірлесе отырып, іске асырылып жатқан инвестициялық жобалар бойынша күтілетін жұмыс орындарының санын бағалап, оларды облыс тұрғындарына ұсыну шараларын бақылауда ұстауды тапсырды.
Кеңесте Сәтбаев қаласында жүзеге асырылып жатқан индустриалды аймақтың маңыздылығы ерекше атап өтілді. Өңір басшысы оның уақытылы іске қосылуын қатаң бақылауда ұстау қажеттігін ескертті.
Жалпы, жиын барысында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар маңызды мәселелер талқыланып, нақты міндеттер айқындалды.