Ұлытау облысы тұтынушылардың құқықтарын қорғау Департаменті облыс аумағында жапондық массаж құрылғыларын түрлі іс-шара жасау арқылы әлдеқайда қымбат бағаға сатып жүрген алаяқтарға алданған жандардың ақшасын қайтартты. Бұл жөнінде аталмыш құзырлы орын өкілдерінің жергілікті БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында мәлім болды.
Облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау Департаменті берген ақпаратқа қарағанда өткен жылдың желтоқсаны мен биылғы қаңтар айының аралығында массаж құрылғысына қатысты 2 өтініш тіркеліп, алаяқтар арбап алған 2 090 000 теңге иелеріне қайтарылған.
– Өнімді сатушы жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер құрылғыларды жапондық сападағы өнім, бағасы – 1 100 000 теңге деп жалған құжат әзірлеген. Ал, шын мәнінде бұл массаждық құрылғылардың базар нарығындағы құны – 200-250 мың теңге және қытайлық сападағы арзан тауар, – дейді департамент мамандары.
Алаяқтарға алданып, шағымданушылар көп. Олардың дені егде жастағы кісілер. Шағымданушылардың айтуы бойынша телефон номерлерге операторлар қоңырау шалып 35-70 жас аралығындағы тұрғындарды мейрамханада өтетін жапондық массаж құрылғысын таныстыру жөнінде іс-шараға шақырылғандығын жеткізеді екен. Ұйымдастырушылар іс-шараға қатысушылар арасында билет таратып ұтыс ойынын ұйымдастырған. Билеттер арасында 25-45 процентке дейін жеңілдіктер қарастырылған. Алайда, іс-шараға құрылғының қандай екенін көруге келген тұтынушылар шара барысында гипнозға түскендей сезімде болып және құрылғыны «жеңілдікпен» қалай сатып алғанын байқамай да қалған. Құрылғыны алушылар үйлеріне барған соң оның сапасының нашар екенін және нарықта әлдеқайда арзан екенін түсінген.
Сұхбат соңында тұтынушылардың құқықтарын қорғау Департаментінің мамандары келешекте сақ болып, мұндай алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырды.
Аманкелді Ақшал.