Төзіміңді берсе сенің темірге, Темірдің де түгі кетпес көмірге, – деп Қадыр атам нәзік жандыларға сол заманда-ақ жыр арнаған. Үй шаруасымен қатар, түз тірлігін бірге алып жүрген, өмірді нұрландырып, шаңыраққа шаттық нұрын сыйлаған аналарымыздың, әжелеріміздің, аруларымыздың 8 наурыз — Халықаралық мерекесі әдеттегідей қаламызда жоғары деңгейде өтеді.
Ең алдымен Қаражал қаласының әкімі Тілектес Досаев және қалалық мәслихаттың хатшысы Зәмзагүл Оспанова қаламызға еңбегі сіңген, әр саланың ардагер аналарын шуақты мерекемен құттықтап, үйлеріне барып қайтты.
Мәдениет саласының майталманы әрі ардагері Бибіғайша Жаманованы құттықтады. Бибіғайша апа 30 жылдан астам өмірін кітапханаға арнап, оның дамуына үлкен үлес қосты. Сондай-ақ, ізгі лебізбен Раушан Ықыласоваға барып, өңір басшысы сый-сияпатын тапсырды. Раушан Мақайқызын да қаламызда мықты педагог екенін білмейтін жан жоқ шығар. Қаражалдықтардың бірнеше ұрпақтарын тәрбиелеу мен білім беруде баға жетпес үлес қосқан тұлға. Көктемнің гүлді мерекесімен Нина Циммерманды да басшылар қалыс қалдырмай, құттықтап барып қайтты. Нина Васильевна 20 жылдан астам кәсіби өмірін әлеуметтік салаға арнаған ардагер. “Қарты бар үйдің қазынасы бар” демекші, апаларымыз басшылардың түймедей көңілдеріне түйедей алғыстарын жаудырып, бата берді.
Бұл мереке басқа мейрамдарға қарағанда өзгерек. Неге десеңіз, қандай теңеу алсаң да, Құран беттерін парақтасаң да ең алдымен ана жайлы ғибратты сөздерге еріксіз көзің түседі. Жат жерге барып, бүтін әулеттің келініне айналып, алысты жақындатып, жақынды біріктіретін де сол үйдегі ақжаулықты анаң. Ал, қазіргі заманауи қыз-келіншектерге тіптен оңай деп айту бос сөз. Күйбең тірлікпен бірге үйдегі бала тәрбиесімен қатар, мемлекеттің жұмысын, өз кәсібін дөңгелетіп отырған қаншама аналарды көріп жүрміз. Өңір басшысы мен мәслихат хатшысының құттықтауынан кейін қаламыздың сүйкімді аруларына арналған кеш те ұйымдастырылып, мереке әрмен жалғасын тапты.
Әлбетте, шұғылалы көктемнің мерекесімен қала әкімінің орынбасары Дәурен Жақыпов сахна төріне шығып, жылы лебізін білдірді. Ақ жаулықты әжелер, аяулы аналар, гүлдей құлпырған аруларға ақжарма тілегінен кейін қаламыздың әлеуметтікэкономикалық дамуына елеулі үлесін қосып, жеке еңбек жетістіктері үшін, сондай-ақ қоғам дамуына мүлтіксіз қызмет еткені үшін нәзікжандыларды өңір басшысының Грамоталарымен марапаттау рәсімін өткізді.
Атап айтсақ, қала әкімінің Құрмет грамотасымен №1 ЖББМ қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Айсұлу Тілегенова марапатқа ие болды. Сондай-ақ, дәл сол мектепте бірнеше жыл қызмет еткен кітапханашы Раушан Омарова қала әкімінің грамотасымен марапатталды. №7 ЖББМ бастауыш сынып мұғалімі Хабиба Алданова, № 5 ЖББМ мұғалімі Әсем Акишева, сол мектептің техникалық қызметшісі Дана Осажанова, «Улыбка» балабақшасы тәрбиешінің көмекшісі Гүлсім Соколюк пен сол балабақшаның тәрбиешісі Бибігүлсін Сыздықова, Теміржол цехының теміржол станциясы бойынша кезекшісі Әлия Исабекова, қаланың мәдени-сауық орталығының техникалық қызметшісі Қаламкас Сейтенова, «Өркен Атасу» өкілдігінің өңдеу зауытының конвейер машинисі Светлана Симахина, Қаражал қалалық ауруханасының медбикесі Вера Мышкина, №7 ЖББМ математика пәнінің мұғалімі Ольга Рымарь сынды барлық аруларға қала басшысының Грамоталары мен сый-сияпаттары табысталды.
Қызметте абыройға, үйде әйел бақытына кенелген әрбір ару теңдесі жоқ марапатқа ие екені айқын. Жоғарыдағы аты аталған қаламыздың нәзікжандылары «әйелдің орыны — ошақ қасында» деген ғибратты ойды түйсе де, жұмысы отбасы тауқыметіне зияны тимей, барлық істі қатар дөңгелетіп, қаланың дамуына да өз үлестерін қосып жүргендіктері қазіргі батыр аналарымыздың айқын бейнесі. Тек 8 наурыз күні ғана емес, әйел үшін — әр күн мереке болса да артық етпейді.
Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ.