Өңір басшысы Айқын Елеусізов спортшыларымызға жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Жуырда ғана қала тұрғындары Азия және Мұхит елдері арасында өткен самбодан чемпионатта жеңіске жеткен жерлесіміз Константин Голяткинді құрметтеп қарсы алған болатын. Қуанышқа қуаныш қосылып, спорт шыңында міне, тағы бір жаңа жұлдыз жанды. Ол – былғары қолғап шебері, болашағынан зор үміт күттіретін жас спортшы Айару Файзуллаева.
Рымғали Мұздыбаевтың шәкірті, 12 жастағы Айару биыл сәуір айының соңында Иорданияның Амман қаласында өткен 15 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатына Қазақстан құрамасы сапында қатысып, 52 келі салмақ дәрежесінде қола жүлдегер атанды. 18 елдің спортшыларын жинаған бұл дода World Boxing атты жаңа халықаралық бокс ұйымының ұйымдастыруымен өткен алғашқы құрлықтық жарыс болды. Қазақстан құрамасы турнирдің абсолютті жеңімпазы атанды.
Біздің жас спортшылар 44 медаль жеңіп алды: 16 алтын, 15 күміс, 13 қола. Өңір мақтанышы Айару финалға дейін жетіп, үндістандық қарсыласына есе жіберіп, үшінші орынды еншіледі. Айару өз мүмкіндігін дұрыс бағалап, «Жеңіске не жетпеді?» деген сұраққа жалтақтамай: «Жылдамдық» деп жауап берді.
Жас спортшы мен оның жаттықтырушысы елге оралғанда ыстық ықыласпен қарсы алынды. Өткен аптада олар қала әкімінің қабылдауында болды. Мұндай кездесулер атақты да, жас спортшылар үшін де аса маңызды. Өңір басшылығының назары шабыттандырады, жігер береді.
Өз сөзінде Айқын Қылышұлы:
— Бұл маңызды оқиға туралы ести сала, өздеріңізді құттықтап, ең ізгі тілектерімді білдіру үшін арнайы шақырдым. Біз өте қуаныштымыз! Бұл жеңіске әрқайсыңыздың еңбегіңіз сіңді. Біз сенің жарқын болашағыңа сенімдіміз. Алда әлі талай жарыстар бар, соның ішінде әлемдік деңгейдегілері де. Біз сені әр турнирде жеңіс тұғырының ең биік сатысынан көргіміз келеді. Қала басшысы ретінде туған жердің дарынды қызы – сені қолдауды жөн көрдік. Сенің табанды еңбегің жоғары бағасын алды, – деді.
Сөзден іске көшкен Айқын Елеусізов Айаруға 300 мың теңгелік сертификат табыстап, Рымғали Мұздыбаевтың иығына шапан жапты. Жаттықтырушы шәкіртінің қабілетін ашуға зор үлес қосты. Ол бекер емес – «Құрметті спорт қайраткері», «Ерен еңбегі үшін», «Үздік бапкер» медальдарымен марапатталған.
Бапкер өңір басшысына жылы қабылдауы үшін алғыс айтып, бұл Айарудың спорттық Олимпке көтерілу жолындағы алғашқы қадамы ғана екенін атап өтті. Бапкер мен шәкірт демалыссыз-ақ, Халықаралық бокс қауымдастығы (IBA) ұйымдастыратын алдағы чемпионатқа дайындықты бастап кеткен.
Сондай-ақ, ол Қазақстанда спортшыларды қолдауға бағытталған үлкен жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты. Қазір Айаруға республикалық құраманың мүшесі ретінде облыстық бюджет есебінен шәкіртақы тағайындау мәселесі қаралуда.
Былғары қолғаптың жас шебері жасына сай емес – өте байсалды. Бұл – оның рухының мықтылығының дәлелі. Ал дене күшін оның берік қол алысынан аңғаруға болады. Бар болғаны үш жыл бұрын Айару боксты өмірінің маңызды бөлігіне айналады деп ойламаған да еді.
№10 мектептің 7-сынып оқушысы рингке алғаш рет Рымғали Хасенұлының тобына қатысып жүрген құрбыларымен бірге еріп барған.
— Бұл менің алғашқы ірі жарысым. Бірақ қорыққан жоқпын – өз күшіме, техникамға сенімді болдым, – деді ол.
Өзіне деген сенім – спортшы табысының негізі. Айару биік нәтижеге бағытталған: қазіргі басты мақсаты – Олимпиада ойындарының «алтыны».