Айтарымыз тек алғыс болсын

Алғысты алтыннан да қымбат көретін халықпыз. Сондықтан болар, амандықтан кейінгі бірінші сөзіміз «Алла разы болсын!» деп келеді. Кез келген сәтте қасымыздағы жанға ризашылық сезімімізді білдіруге асығып тұрамыз.

Қазақстан күнтізбесінде ерекше мейрам – «Алғыс айту күні» пайда болғалы халқымыз көктемнің алғашқы таңын ризашылықпен, шүкіршілікпен қарсы алатын болды. Бұл күні бәріміз ата-анамыз бен жақындарымызға, тұтас қазақ еліне алғысымызды жаудырып жатамыз.

Жалпы, «Алғыс айту күні» – тарихтан сыр шертетін тағылымды мереке. Өйткені, қиын-қыстау заманда жер аударылып келген түрлі этнос өкілдері қазақ топырағында тұрақтап, біте қайнасып кетті. Халқымыз олардың ешқайсысын бөліп-жарған жоқ. Аузындағысын жырып берді. Қазақтың бұл пейілі қандай алғысқа болса да лайық екені сөзсіз. Сондықтан, бұл мерекені елімізде тұрып жатқан барлық этнос өкілдерінің ұлтымызға деген ризашылығын білдіретін күні деуге де болады.

Әйтсе де, биыл бұл атаулы күннің ауқымы да кеңейді. Енді әр адам өзіне көмек қолын созған, қиын-қыстау сәтте жәрдем көрсеткен ақжолтай жандарға да алғысын айтып, ризашылығын білдіре алады. 1 наурыз күні өтетін «Алғыс айту» күнінің іс-шаралары да осыған сай жаңғыртылды.

Алғыс айту күні әлемнің көптеген елдерінде бұрыннан тойланады. Мәселен, АҚШ пен Канада халқы 1691 жылдан бері қарашаның әрбір төртінші жексенбісін алғысқа арнаса, Израильде үш мың жылдан бері жиын-терім аяқталған тұста рахмет күні тойланады екен. Мұндай атаулы күн Корея мен Германияда да бар. Айтпақшы, Германия демекші, сонау 90-жылдардың басында атажұртына қоныс аударған немістердің арасында әлі күнге дейін Қазақстанды аңсап, сағынатындары бар екен. «Алғыс айту күні» қарсаңында қазақ жұртына рахметін айтып, арнайы сәлемін жолдап жататын шетелдегі «жерлестерімізді» әлеуметтік желіден көріп те жүрміз.

Сәлеміміз түзу, айтарымыз тек алғыс болсын!

Ізбасар ОЙБАС