Қайта жанданған «Қызғалдақ көктем»

Қаражалда «Қызғалдақ көктем» фестивалі биыл да дәстүрлі түрде бастау алды. Халықпен қайта қауышқан дәстүрлі ән додасының ашылу салтанаты 14 сәуірде өтті. Ол 1998 жылдың көктемінде бастау алғаны бәрімізге мәлім. Шынайы өнер сайысына айналып кеткен «Қызғалдақ көктем» де биыл 25 жылға толыпты.

Қаламыздың танымал әншілері Азамат пен Алмагүл дуэт болып, «Қаражал вальсі» әуезді әнімен «Қызғалдақ көктем-2023» мекемелер арасындағы қалалық фестивалінің шымылдығын ашып берді. Одан кейін әлбетте жүргізушілер «Қызғалдақ көктемнің» шығу тарихын көрермендердің естеріне сала кеткенді жөн көрді. Жалпы алғаш фестиваль мектеп арасында басқа атаумен өткізілген екен. Кейін 1994-1998 жылдары Қаражал қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарған Ғабдол Досмақовтың бастамасымен «Қызғалдақ көктем» болып атауы өзгертілген. Фестиваль көрерменнің үлкен қызығушылығын тудырғанын ұйымдастырушылар байқап, мұнымен тоқтап қалмауға шешім қабылдайды. Міне, сол 90-шы жылдардан бастау алған фестиваль осы уақытқа дейін өз жалғасын тауып келеді. Жыл сайынғы фестивальдің мақсаты – қаланың мекемелер мен кәсіпорын ұжымдарының өнерін байқастап, шығармашылық қасиеттерін дамыту.

Қазылар алқасы құрамында Қаражал қаласы әкімінің орынбасары Ақжол Құрмансейіт, қалалық Өнер мектебінің директоры Әбдірәсіл Рақым, қаланың Құрметті азаматы, мәдениет ардагері Жарқынбай Жетімек, ЮНЕСКО клубы «Балалар өнер мектебінің» фортепиано сыныбының жетекшісі Жанар Орынбаева және Өнер мектебінің хореография бөлімінің оқытушысы Татьяна Новоковская болды.

Фестиваль өзіне тән шарттарымен ерекшеленеді. Мәселен, 5 кезеңнен тұратын байқауға мектеп жасындағы балалар мен мектепке дейінгі жастағы балақайларға қатысуға тыйым салынған. Әр кезеңнің өз ерекшеліктері бар. Алғашқы кезең – «Ең үздік хор» сыны. Биылғы жыл Қаражал қаласының 60 жылдық мерейтойына орай «Қаражал» тақырыбындағы немесе осы өңірден шыққан ақын, сазгерлердің әндерін орындау қажет. Ал екінші кезеңде түрлі музыкалық аспаптарда ұжымдық орындау керек екен. Үшінші кезеңге келсек, ең үздік пародия, яғни, эстрада әншілеріне және актерларға жанды дауыста өнерпаздарымыз пародия салады. Үздік би композициясы төртінші кезеңге келіп тұр екен, яғни, ұжым болып би өнерлерін көрсетеді. Бесінші кезең — ең қызықты кезең. Неге десеңіз, ең үздік театрландырылған қойылымдар қойылады. Ең соңында — Гала-концерт. Гала-концертке қатысу үшін мекемелер мен кәсіпорындардың үздік нөмірлері таңдалады. Сондай-ақ, марапаттау шарты (Гран-При, I, II, III), Үздік номинациялар бойынша үздік мекемелерге, кәсіпорындарға грамота мен ақшалай сертификаттар ұсынылады.

Өнер додасының ашылу салтанатының құттықтау сөзі қала әкімінің орынбасары Ақжол Құрмансейітке бұйырып, барлық көрерменге ақжарма лебізін білдіріп, қатысушыларға сәттілік пен жеңіс тіледі.

Барлық кезеңде қала мекемелері мен кәсіпорындары арасындағы өзара түсіністік пен достықтың айқын бейнесі, ұжымдық ұйымшылдық көрінсе, ортақ мақсатта жұмыла бірігіп, шығармашылық жағынан белсенділік танытқан қатысушылар Бас жүлдеге ие болады. Еске салсақ, «Қызғалдақ көктем-2022» фестивалінің жеңімпазы Тау-кен техникалық колледжі болатын. Директоры Данияр Мейіржанұлы Дыбысов. «Тау-кен техникалық колледжінің» ұжымы өздерінің ұйымшылдығымен, өнерге деген құлшыныстарымен, мықты дайындықтарымен мекемелер арасынан суырылып шығып, жеңіске жеткен еді.

Сонымен, салтанаттың соңында барлық мекеме мен кәсіпорын қызметкерлерін ортаға шақырып, жеребе тартылды. Әркім өз таңдауын жасады. «Қызғалдақ көктем-2023» фестивалінің алғашқы кезеңі 21 сәуірінде әдеттегідей «Ең үздік хор» бөлімінен бастау алады. Ал біз қатысушыларға тек сәттілік тілейміз. Көрерменге айтарымыз келіңіздер, көріңіздер, тамашалаңыздар!

Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ