Қайсар мінезді Айдар қола жүлдегер атанды

Өткен аптада еліміздің ең үздік жас боксшылары Тараз қаласында бас қосты. Жалпы, бұл тартыс бокстан «Лондон 2012» олимпиадасының қатысушысы, Әлем және Азия чемпионатының қола жүлдегері, ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ғ.Жайлауовтың жүлдесіне арналған облыстық ашық турнир болатын. 800-ге жуық үздік спортшылар арасында біздің жерлестер де бақ сынасуға аттанды.

Ғани Жайлауовтың арнайы жүлдесінен біздің жерлестер де құр қалмады. Серік Шайхинның жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар спортшыларының арасынан 4 боксшыны таңдап апарып, ортадан суырылып шыққан 38 келі салмақ дәрежесінде шаршы алаңға шығып, бағын сынаған Айдар Жылқыбаев 3 орынға ие болып, қола жүлдегер атанды.

Тақымын қысқан бапкер Серік аға бірден сүйіншілеп редакциямызға хабарласты. Әлбетте, біз де халыққа жағымды жаңалықты жеткізуді жөн көрдік. Бұл жеңіс ата-анасынан кейін тілеуін тілеген осы бапкердің зор еңбегі екенін ескеруіміз керек. Былтыр ғана ашылған бокс секциясы өте керемет нәтижелер беруде. Болашақта бұл секция қаламыздың үлкен бокс мектебіне айналатынына кәміл сенеміз. Әлі талай жерлестеріміз былғары қолғап шебері атанып, әлемді бағындырып, шағын ғана қаламыздың атын шығаратынына да сенімдіміз. Тек жеңіс тұғырынан ғана көрінуге нәсіп етсін.

Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ.