Аймақтың жаңа Бас жоспары таныстырылды

Бүгінде аймағымызда Менделеевтің барлық элементтері табылмаса да, біразы бар екені айқын. Қазынаға бай өлкеге айналып үлгерген Қаражал-Жәйрем аймағының қарыштап дамып, ел тамсанатындай халге жеткені белгілі. Аспанмен таласқан зәулім ғимараттар болмаса да, талайды тамсандырар жерлеріміз де көбейді. Ұлт ұясы Ұлытаудың әдемі аймағының көркеюі, ең әуелі, қаланың бекітілген Бас жоспарына байланысты.

Өткен аптаның сейсенбісі күні қала әкімінің орынбасары Досбол Құлымбетовтың төрағалығымен қаланың бас жоспары таныстырылды. Жобаны әзірлеуші «Казгипроград» жобалау институты ЖШС құрылыс саласының бас мамандары Әділжан Төлеуқажы мен Шахмұрат Досанов барша жұртшылықты, оның ішінде мүдделі қауымды аумақтық-экономикалық даму, функционалдық аймаққа бөлу, экологиялық ахуалды жақсарту, қаланың инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту мәселелер  қаралатын «Ұлытау облысы Қаражал қаласының бас жоспарын түзету», «Ұлытау облысы Жәйрем кентінің бас жоспарын түзету» жаңа жобасы бойынша қоғамдық талқылау өткізді.

Қазіргі уақытта бас жоспар жобасы келісу сатысында тұр. Қаражал қаласының қазіргі санағы бойынша 8240 адам бар екен. Алайда, халықтың жыл сайынғы артуын ескере отырып, жаңа бас жоспар әзірленгенін құрылыс саласының бас маманы Әділжан Төлеуқажы түсіндіріп өтті.  Ең бірінші кезекте бас жоспар 2028 жылға дейін есептелсе керек. Ал қорытындылайтын кезеңі 2038 жылға дейін екені анықталды.

Бүгінде қала аумағында мектепке дейінгі балаларға арналған жалғыз балабақша жұмыс істеп тұрғаны жасырын емес. Бас жоспарда 2038 жылға қарай қосымша 3 балабақша салу көзделген. Қазіргі уақытта спортсүйер қауымға бассейн, «Горняк» стадионы салынып жатқанын да білеміз. Алайда бас жоспарға сәйкес болашақта денешынықтыру-сауықтыру кешені, ашық алаңдағы мұз айдыны, жабық мұз сарайы, ат жарысы өтетін орын сияқты нысандар қарастырылған. Сондай-ақ, бірнеше бизнес обьектілер, шіркеу, мешіт, бірнеше көпқабатты үйлер салыну жоспарда бар екен. Мұнан бөлек,  қалаға жақын арада  өрт сөндіру ДЕПО-сын салу жоспарлануда.

Тыңдауға қатысқан барша жұрт өз пікірлерін ашық түрде айтып, талқыға салды. Әлбетте, бұл тек бастама. Осы бастамамыз жоспар бойынша іске асса, одан әрі аймағымыз гүлденіп, болашағы жарқын болатыны бесенеден белгілі.

Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ