Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Біз болашақта қандай ел болатынымызды нақты білеміз. Бәріне бірдей мүмкіндік беретін өркениетті ел – Әділетті Қазақстанды құрамыз. Заң және тәртіп, өзара түсіністік, тілектестік пен жауапкершілік бәрінен биік тұратын тиімді мемлекет боламыз.
Қазақстан – біздің жалғыз ғана Отанымыз. Оның іргесі берік, керегесі кең, төрт құбыласы түгел болуы – өз қолымызда. Бабалардан мирас болған ұлан-ғайыр жерді қорғау, оны өркендету – біздің перзенттік парызымыз. Мен еліміздің әрбір азаматын осы қасиетті парызға адал болуға шақырамын. Берекелі бірлігімізді сақтап, табанды еңбек етсек, Отанымызды көркейтіп, ұрпаққа дамыған мемлекет ретінде табыстасақ, бабалар аманатына адалдық деген – осы!» деген еді.
Үкімет басшысының бұл үндеуі біздің Қаражал-Жәйрем өңірінде қаншалықты деңгейде атқарылып, жерімізді, елімізді өркендету, аймағымызды дамыту мәселелерін талқылау үшін, Қаражал қалалық мәслихатының төрағасы, қалалық мәслихат депутаты Зәмзагүл Оспановаға жолығып, сұхбаттасудың реті келді.
— Құрметті Зәмзагүл Қажымұқанқызы, «Аймақтың дамуы – әділетті қоғам құрудың өзегі» деген ойды қалай түсінесіз?
Бұл ұғым Қаражал-Жәйрем өңірінің дамуына қалай әсер етіп жатыр? — Рақмет, өте маңызды әрі өзекті тақырып. Аймақтың дамуы дегеніміз – тек эко номикалық көрсеткіштермен өлшенбейді. Бұл – халықтың тұрмыс сапасы, жұмысқа орналасуы, денсаулық, білім, қауіпсіздік пен әділетті мүмкіндіктердің барлығын қамтитын кешенді үдеріс. Әділетті қоғам құру үшін ең алдымен өңірлік даму тең әрі сапалы болуы тиіс. Қаражал- Жәйрем өңірінде соңғы уақытта бірқатар оң өзгерістер байқалып отыр.
— Осы өзгерістерге нақты мысал келтірсеңіз.
— Мысалы, өнеркәсіп саласы елеулі өсім көрсетуде. Өндіріс көлемі бір жыл ішінде 191 млрд теңгеге жетті. Бұл – экономикалық белсенділік пен еңбек нарығының тұрақтылығын білдіреді. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығында да өнім көлемі сақталып отыр. Дегенмен, кейбір көрсеткіштер бойынша межеден төмен түскен жағдайлар бар. Мәселен, жайылымдық жерлердің аздығы мен кейбір шаруа қожалықтарының Жаңаарқа ауданына тіркелуі де мал басының азаюына әсер етті.
— Инвестиция мен кәсіпкерлік мәселесі қалай шешілуде?
— Инвестиция тарту тұрақты жүріп жатыр – 42,4 млрд теңге көлемінде қаражат игерілген. Бірақ, бізге тек көлем емес, сапа да маңызды. Жергілікті кәсіпкерлікті қолдау – басты назарда. Қазір жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 1 186 бірлікке жетіп отыр. Бұл – қала экономикасының тірегі. Осы салада мемлекеттік қолдау құралдарын тиімді пайдалануға басымдық берілуде.
— Тұрғын үй, құрылыс, инфрақұрылым бағыттарында не өзгерді?
— Құрылыс жұмыстарының көлемі 30,8 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 168,9%-ға өсті. Ал пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі – 12 121 шаршы метрді құрап, көлемі үш еседен астам артты. Бұл – қаланың әлеуметтік тартымдылығы артып келе жатқанын көрсетеді. Тұрғын үй – азаматтардың өмір сапасының маңызды көрсеткіші. Біз әділетті қоғам құрамыз десек, әрбір тұрғынға лайықты өмір сүру жағдайын жасауымыз керек.
— Әлеуметтік сала, жұмыссыздық, білім мен денсаулық – халық үшін аса маңызды бағыттар. Бұл тұрғыда депутат ретінде не айтар едіңіз?
— Әлеуметтік саясатта бірқатар маңызды ілгерілеу бар. Мәселен, жұмысқа орналасқан азаматтар саны – 761 адам, бұл өткен жылмен салыстырғанда 129,2% өсім. Жұмыссыздық мәселесі де күн тәртібінде тұр – бұл көрсеткіш 141 адамға жетті. Бұл негізінен бағдарламалық жобалардың кезеңдік сипатына байланысты. Мысалы, «Күміс жас», «Жастар тәжірибесі» сияқты бағдарламалар бойынша қабылданған азаматтар келесі кезеңге өтеді. Сонымен қатар, жәрдемақы алу үшін өтінімдердің артуы да осы статистикаға әсер етіп отыр. Қалада мектеп жасына дейінгі балалар саны — 2 145-ке жетті, ал мектепке дейінгі біліммен қамтылған бала саны – 1 143, бұл – 129,9% өсім. Мектеп оқушыларының саны – 3 416. Бір компьютерге 4 оқушыдан келеді. Мектептердегі компьютермен жабдықталу да жақсарып келеді. Биыл «Вокзал» шағын ауданында 80 орындық мектеп құрылысы басталды. Медицина саласында да оң өзгерістер бар – емханалар заманауи құралдармен жабдықталып, қызмет көрсету сапасы арта түсіп келеді. Жәйрем кенті ауруханасында көп жылдар бос тұрған жертөлеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қаражал қаласы бойынша жұқпалы аурулар бөлімшесіне күрделі жөндеу жасалады. Бұл – тұрғындардың өмір сүру сапасы үшін маңызды.
— Қауіпсіздік мәселесіне тоқталсақ. Қылмыс деңгейі туралы не айтар едіңіз?
— Қылмыстың өсуі бірқатар заңнамалық өзгерістермен байланысты – кейбір әкімшілік баптар Қылмыстық кодекске өтті. Бірақ, аса ауыр және ауыр қылмыстар санының азаюы – бұл құқық қорғау органдары жұмысының нәтижесі. Халықтың қауіпсіздігі – кез келген деңгейдегі биліктің басты мақсаты.
— Қорытынды ойыңызды білдірсеңіз. Қаражал-Жәйрем өңірі әділетті қоғам құру жолында қай бағытта дамуы керек?
— Аймақтың дамуы – тек сандар мен жоспар емес, бұл – адамдардың өмірі. Әділетті қоғам құру үшін әр тұрғын өз өмірінің жақсарғанын сезінуі керек. Бізде әлеует бар: өндіріс, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, әлеуметтік салаларда нақты ілгерілеу бар. Бірақ, бұдан да маңыздысы – осы жетістіктердің әрбір азаматқа әділетті, тең үлесте жетуі. Қаражал-Жәйрем өңірі осы бағытта үздіксіз жұмыс істеп жатқан өңірдің нақты мысалы.
— Уақытыңызды бөліп, ашық әрі мазмұнды ойларыңызбен бөліскеніңіз үшін алғыс білдіреміз.
— Сіздерге де рақмет. Қаражал-Жәйрем өңірі болашағы зор аймақ. Біз халықпен бірге дамуға дайынбыз. Мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстан әділетті Қазақстан болады» деп кесіп айтуы халықтың және ел болашағына алаңдайтын қайраткер азаматтардың, халық қалаулыларының жауапкершілігін арттыра түскені сөзсіз. Әділетті Қазақстанды құру үшін әрбір қазақстандық адал азамат болуға ұмтылып, жас ұрпақты адал азамат етіп тәрбиелеп, ұлттық бірегейлігімізді нығайтып, еліміздің жаңа құндылықтарын орнықтыру үшін жүйелі жұмыс жасауымыз керек. Әділетті қоғамның құрылғаны аймақтың дамығаны болмақ.
Сұхбаттасқан Гауһар НАУРЫЗБАЕВА.