Адал азамат — адал еңбек

20 жыл деген аз уақыт емес. Бір адамның ер жетіп, ат жалын тартып мінер шағы. Ал, осы уақыт бойы бір салада еңбек ету — өз кәсібіңнің шынайы білгірі болып шығуыңның кепілі. Біздің кейіпкеріміз Мәдина Әлмолдина сондай жан.

Мәдинаның «Жәйрем кен байыту комбинаты» акционерлік қоғамындағы еңбек жолы сонау 2004 жылы басталыпты. Оған дейін Жәйрем кентінде әртүрлі салада қызмет етіп, өңірдің өркендеуіне үлес қосыпты. Алайда, мемлекеттік қызметтің мардымсыз айлығы отбасын асырауға жетімсіз болған соң өндіріске келген екен. Содан бері міне, бір салада, яғни, комбинаттың электр қондырғыларын жөндеу цехында электромонтер болып 20 жыл тер төгіп келеді.
– Өндіріске келгенде жүрексінгенім рас. «Бұрын-соңды істеп көрмеген жұмысты алып кете аламын ба» деп қобалжыған едім. Әйтсе де, сол кездегі білікті, іскер жандардың үйретуімен бұл істі де тез арада меңгеріп алдым. Ең бастысы, адамға ынта керек. Ынта болса үйренбейтін іс жоқ, – дейді Мәдина Құдайбергенқызы ағынан жарылып.
Мәдинаның айтуынша ал­ғашқы жылдары жұмыстың ау­қы­мы мол болыпты. Ол кезде «Үш­қатын» кен ошағы да жұмыс іс­теп тұрған екен. Карьерден келе­тін электр қондырғылары да аз емес. Соларды жөндеп, уақытылы тапсырып отыруы керек. Әйтпесе, жұмыс ырғағының бұзылуына себепкер боласың.
– Біздің негізгі міндетіміз істен шыққан электр моторлардың обмоткасын қайыра орау. Бұл іспен цехта 4 қыз айналысамыз. Слесарь жігіттер моторды жеткізіп береді. Біз оны бұзып, жанып кеткен обмоткасын алып тастап, жаңадан сым ораймыз. Басында жұмыс қиын, күрделі болып көрінетін. Әйтсе де, сол кездердегі тәлімгерім болған Галя апайдың арқасында бұл іске тез машықтанып алдым. Қазір ол кісі өмірден өткен. Есімін де ұмытыппын. Бәріміз «Тетя Галя» дейтінбіз, – дейді Мәдина бізбен әңгімесінде.
Мәдина Құдайбергенқызы жастай еңбекке машықтанды. Отбасында он бала болды. Әрқайсының өз міндеті бар үйде атқаратын. Ауыл тіршілігі белгілі ғой. Таңның атысы, күннің батысы тыным жоқ. Бұл істер Мәдинаны тез ширатты. Әкесі Құдайберген Жеңіс совхозында селолық кеңестің төрағасы болып 35 жыл еңбек етті. Анасы Шынар есепші. Олар күн ұзақ өкіметтің жұмысында. Үйдегі барлық шаруа осы балалардың мойнында болды.
– Мектеп бітірген соң еңбекке араластым. Банкте іс-қағаз жүргізуші, еңбекке орналастыру орталығында маман болып жүріп сауда саласына кеттім. Қазір осы өндірісте еңбек етіп, нәпақамды тауып жүрмін. Негізі мен қолымды енді тапқандаймын. Осы салаға келгеннен кейін жұмыстарым алға баса бастады. Өндіріске келгеніме еш өкінбеймін, – дейді ол.
Әрине, атқарып жүрген жұмысы жеңіл емес. Өзінің айтуынша 0,7 КвТ қуатты моторлардан 55-75 КвТ қуатты моторлардың обмоткасын орайды екен. Цехта барлығы 12 адам еңбек ететін көрінеді. Оның төртеуі осы обмотка ораушылар, өзгелері электрослесарьлар.
– «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ қазір қарыштап дамып келеді. «Казцинк» компаниясы құрамына кіргеннен бері, тек комбинатта ғана емес, Жәйремде де үлкен өзгерістер болуда. Әсіресе, кенттің әлеуметтік жағдайы оңалуда. Халқымыздың сан жылғы арманы, көп қабатты жекеменшік үйлердің төбелері мен жертөлелерін жөндеу жұмыстарын аталған компания атқарып беріп отыр. Мен өзім көп қабатты үйдің бесінші қабатында тұрамын. Сәл жаңбыр жауса, үйімнің іші көл-дария болып кететін. Қырық жылдан бері еш жөндеу көрмеген жертөлелердің сиқын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Әбден азып-тозып, іріп-шіріген жертөле иісі бесінші қабаттағы менің үйіме дейін келетін. Жұмыстан кейін дұрыс демала да алмайтынмын. Биыл міне, «Казцинк» компаниясы мен әкімдік арасындағы өзара ынтымақтастық Меморандумы аясында кентіміздегі барлық көп қабатты үйлердің жертөлелері де, төбелері де жөнделуде. Бұл бірінші Алланың сыйы болса, екінші аталған компанияның керемет көмегі. «Казцинктің» халық үшін жасап жүрген игі істерін айта берсем, бір күн керек. Мынау атап өткенім өзімнің талай жылдардан бергі ең күрделі проблемам болған жағдай.
Өндірісте жұмыс ауқымы да молайды. Бұл елдің әлеуметтік әлеуетінің көтерілуіне де оң әсер етуде. Мен өзім осы комбинаттың ырғақты жұмыс істеуіне үлесімді қосып жүрмін. Келешекте де өндірістен қол үзбей жұмыс істеймін, – дейді Мәдина Әлмолдина.

Теректі ШАҒАТАЙ.