Аға

Халқымыздың «аға» деген сөзінде бір жылы шуақ, ерекше қасиет бар. Менің Ахат Құрмансейітов ағамды осынау бір-ақ ауыз сөз Алатаудай алып тұлғасын айнадай анық көрсетіп тұр. Ағаға деген алтынға айырбастағысыз қымбат та таза көңілімізді тағы да осы сөзбен жеткізгіміз келеді. Өйткені, ағам жасаған жақсылығын ешқашан бұлдамайды. Сондықтан болар, қамқор алақанымен алқаған інілері, кейінгі толқын жастар аға үмітін ақтауға талпынып, ұмтыламыз. Бүгінгі таңда алпыстың жалын тартып мінген Ахат ағаның қай қызметті атқарса да, адами қадір-қасиетін, табиғи болмысынан жырақтамаған тұлғасын одан әрі тани түсіп, үлгі етеміз.

Ахат ағамен облыстық «Орталық Қазақстан» газетіне жұмысқа тұрғанымда жақын таныстым. Жауапты хатшы кейін редактордың орынбасары қызметін тізгіндеген ағаның талай қамқорлығын көрдік. Әдетте кемшілікке кеңшілік жасап, көңілге қарап, төрелігін айтып, төнген қауіптен қорғап қалатын. Көл-көсір пейілі кісінің бағын ашып, көңілге қанат бітіріп, жүзіміз жадырап, керемет мақтаныш сезімі кеудемді кернейтін. Әсіресе, Жәнібек Әлиман екеумізге жұмсақтық танытатын. Кабиентіне шақырып алып, кезек-кезек өлең оқытады. Бізді тыңдап болған соң шақшасын қағып-қағып жіберіп, насыбай атады. Содан кейін өмір – дегеніңе көнбейтін тылсым тіршілік екенін тарқата айтып, «өлең-өмірді, өмір-өлеңді еске салады» деген пікірін алға тартып, өз өлеңін күндей күркіреп оқиды. «Өзін таппаған қаламгер оқырманын да таппайды», – деген сөзді жиі есімізге салады. Санаңа сәуле, зердеңе ақыл болып құйылатын ойлы жыр­лар Ахат ағамен болған әңгімеден кейін ақтарылып түседі. Кілтін табу қиын сыр сандықтың кілтін ашып, жыр қашаудай жаныңа жігер береді. Қасіретті күндерден қасиетті дүние туатындығын тамыршыдай дөп басып ескертетін.
Сонда көп жылғы мемлекеттік қыз­метін тастап, журналистиканың жүгін арқалап, «Орталықтың» отымен кіріп, күлімен шыққан жанның бұл қадамына таң қалатынмын. Сөйтсек, сүлей сөздің сахабасы өлеңнің өлкесін, өнердің ортасын аңсап келген екен. Біз секілді бауырларына жазуына ықпал етсем деген ниетте жүреді екен. Салмағы ауыр міндетті абыроймен алып жүру үшін де кемел кісілікпен қатар арғы-бергіні саралай білер салмақтылық, төрелік іздегенге байламын айтар байыптылық, адасқанды ағалық ақылмен жөнге салар көшелілік қасиет қажет қой. Ахат ағамның бойынан осынау мінездің бәрі табылады. Біз бірде-бір рет өз басының ғана қызығын күйттеп, жалғанды жалпағынан басып жүрген кезін көрмеппіз.

Ахат ағаның біреуге қабақ шытып, ашуланғанын көрмеппін. Қашан көрсең, сол байсалды қалпы. Жұмысқа деген ұқыптылығы, бойындағы азаматтығы, жөн білетіндігі бізді қатты таң қалдыратын. Кейде бір ісің көңілінен шықпаса, қасына шақырып алып, ақырындап түсіндіреді. Арасында «Нешедесің қазір?» деп сұрайды. Сосын өзінің сол жастағы атқарған қызметінен, басынан өткергендерінен түрлі мысал келтіреді. Келесіде ұялғаныңнан сол кемшілікті қайталамауға тырысасың. Қазір ойлап отырсаң, осындай ағалардың жанашырлығы бізді үлкен өмірге дайындаған екен…

Шынайы құрметті ешкім де сатып алмайды. «Аға» деген сөзге деген шексіз құрметіміз бен ұлы сүйіспеншілігіміз еркелігіміз сыйып тұр. Ертеңің түгілі бүгінгі кештің қалай батарын білмейміз ғой. Бірақ, біз Ұлытауда жүрсе де, ағаның ақ самалдай пейілін алыста жатып сезінеміз. Бір жолы барғанымда Ұлытау туралы ақындарға өлең жаздырып, бәйгесін өзі көтергені бар-тын. Сол жолы «Ұлытау» деген өлең жазып едім. Осылайша бізді бір қамшылаған.

Қамшылап, қанаттандырып жүретін ағаңның болғаны қандай жақсы.

«Сіздер бәрін көрдіңіздер,
Сіздер бәрін бердіңіздер,
Сіздер бәріне сендіңіздер,
Сіздер алпысқа келдіңіздер!» – деп ақиық ақын Мұқағали ағынан ақтарылған екен. Жақсы ағамыз, жүзге дейін мөлдіреген пәк тілек пен таза жүректерден төгілген аппақ алғыстарды арқалап жүре берсін демекпіз!

Нұрдос КӘРІМ,
Ortalyq.kz