Кәсібіне адал, жұмысқа жанашыр

Газеттің беті – оның келбеті. Ал, сол келбетті күнделікті қалыптастырып, әр нөмірдің мазмұны мен мәнін көзге көрінбейтіндей етіп көркемдеп, сапалы шығуына үлес қосатын маман – техникалық редактор. Бұл міндет – аса жауапкершілік пен шеберлікті қажет ететін күрделі жұмыс. Осындай қызметтің жүгін қапысыз арқалап жүрген, өз ісінің нағыз маманы – Айгүл Байпелова.

Айгүл Сағынтайқызы 1971 жылдың 11 қаңтарында бұрынғы Жезқазған облысына қарасты Жаңаарқа ауданында дүниеге келген. Арнайы кәсіби білім алып, Қарағанды қаласындағы мәдени-ағарту училищесін кітапханашы-библиограф мамандығы бойынша тәмамдаған. Қарапайым еңбек жолын ерте бастаған оның жалпы еңбек өтілі – 38 жыл. Осы жылдар ішінде түрлі салада қызмет еткен тәжірибесі оны білікті маман, еңбек майданында шыңдалған кәсіби тұлға ретінде қалыптастырды.

Айгүл Байпелова «Қазыналы өңір» газетінің редакциясына 2001 жылы хатшы қызметіне қабылданды. Бұл сәт – оның журналистика саласындағы жаңа кезеңінің бастауы еді. Қарапайым хатшылықтан бастап, жауапты хатшы, корректор сынды маңызды міндеттерді атқара жүріп, ол газет шығару процесінің бүге-шігесіне дейін жетік меңгерді. Бүгінде техникалық редактор ретінде газеттің көркемдік безендірілуіне, материалдардың мазмұндық құрылымына, беттеуіне толық жауап береді.

Көпшілігіне тасада қалатын бұл жұмыс – газет шығару ісінің жүрегі деуге болады. Айгүл Сағынтайқызына сеніп тапсырылған кез келген нөмір – тиянақты, ұқыпты, әсем. Ол – жеделдік пен сапаны қатар алып жүре алатын сирек мамандардың бірі. Әрбір беттегі материалдардың үйлесімді орналасуы, көрнекі суреттердің таңдалуы, қаріптердің оқылымдығы – барлығы осы техникалық редактордың күнделікті көз майын тауысқан еңбегінің жемісі.

Ұжымда Айгүл Сағынтайқызы жоғары беделге ие. Ол – кішіпейіл, сабырлы мінезімен де, жұмысқа деген ұқыптылығымен де өзгеге үлгі. Өз ісіне адалдық пен табандылықты серік еткен оның еңбегі ескерусіз қалған емес. Түрлі деңгейдегі Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар, БАҚ қызметкерлеріне арналған «Ular-2024» сыйлығы – соның айғағы.

Бүгінде Айгүл Сағынтайқызы редакциядағы жас мамандар үшін ұстаз іспетті. Өзінің бай тәжірибесімен бөлісуден жалықпайтын ол – еңбек мәдениетін, жауапкершілік пен кәсіби этиканы нақты ісімен көрсетіп жүрген маман.

Қорыта айтқанда, Айгүл Сағынтайқызы – редакция жұмысының тынысын терең түсінетін, газет бетінің шынайы шебері. Оның қолынан шыққан әр нөмір – шынайы еңбек пен шығармашылық ізденістің көрінісі. Мұндай мамандар қай ұжымға да абырой, ал жас буынға – үлгі.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ