Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі аясында еліміздің түкпір-түкпіріндегі қаламгерлерге лайықты құрмет көрсетілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық журналистикаға сүбелі үлес қосып жүрген бірқатар БАҚ өкілін арнайы марапаттап, олардың еңбегін жоғары бағалады.
Марапат иелерінің қатарында Ұлытау өңірінің де өкілдері бар. Мемлекет басшысының марапатына ие болғандар қатарында Ұлытаудан да жарқын есім аталды. Көп жылдық қажырлы еңбегімен өңірлік журналистиканың өркен жаюына елеулі үлес қосқан «Сарыарқа» газетінің бас редакторы Жаннұр Тілемісова «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Жаннұр Төлендіқызы – тек басылым тізгінін ұстаған басшы ғана емес, өңір руханиятының жанашыры. Оның қаламынан туған әр мақала – елдік мұрат пен ұлттық құндылықтың жүгін арқалаған салмақты дүние. Сондықтан, бұл марапат – бір ғана адамның емес, тұтас Ұлытау журналистикасының мерейі деуге толық негіз бар.
БАҚ қызметкерлерінің құрметіне арналған салтанатты шара облыс орталығында да жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Дәстүрлі түрде өткізілетін «ULAR» сыйлығын табыстау рәсімі биыл «Garden Hall» мейрамханасында өтті. Шараға облыс әкімі Дастан Рыспеков, облыстық мәслихат төрағасы Бауыржан Шыңғысов, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері мен бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері қатысты.
Жиында сөз сөйлеген өңір басшысы сала мамандарын кәсіби мерекемен құттықтап, ел мен қоғам арасындағы байланысты нығайтудағы еңбектеріне жоғары баға берді:
-
Қоғамда саяси мәдениет өсіп, шынайы пікір алмасу кеңістігі қалыптасып келеді. Осы бағытта ақпарат құралдарының рөлі ерекше. Бүгінде отандық медианың міндеті – шынайы ақпарат тарату арқылы ел мүддесін қорғау, — деді Дастан Адайұлы.
Салтанатты кеш барысында Мемлекет басшысының «Құрмет» ордені Ұлытау өңіріндегі БАҚ саласының ардагері Шамхан Рахметовке табысталды. Сонымен қатар, Жаңаарқа аудандық «Жаңаарқа» газетінің бас редакторы Салтанат Ералина «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Бұған қоса, бірқатар сала мамандарына «Ақпарат саласының үздігі» және «Ақпарат саласының ардагері» төсбелгілері табысталып, Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар ұсынылды.
Осы ретте «Қазыналы өңір» газетінің техникалық редакторы Айгүл Байпелова ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің Құрмет грамотасына ие болса, бас редактор Асель Курбалосова Қазақстан Журналистер одағының Құрмет грамотасымен марапатталды. Газет сайтының әкімшісі Нұрлыхан Қалқаман облыс әкімінің Алғыс хатын иеленді.
Шараның шарықтау шегінде облыс әкімінің «ULAR» сыйлығы табысталды. Биылғы мәртебелі марапатқа газетіміздің тілшісі Гаухар Наурызбаева ие болды. Ол «Өндіріс тақырыбын үздік жариялағаны үшін» номинациясы бойынша марапатталып, 500 мың теңгенің сертификатына ие болды.
Салтанатта саланың өзге де мамандары «ULAR» сыйлығының түрлі аталымдары бойынша 1 млн және 500 мың теңгелік сертификаттармен марапатталды.
Осындай марапаттар – ақпарат айдынында табанды еңбек етіп жүрген мамандардың еңбегіне берілген шынайы баға екені сөзсіз. Көңілді кеш кәсіби ынтымақтастық пен шабыт рухында өтті.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ