Әр мемлекеттің тұрақтылығы мен дамуы ең алдымен ішкі тәртібімен, құқық үстемдігімен өлшенетіні сөзсіз. Бұл ретте құқық қорғау органдарының, оның ішінде полиция қызметінің қоғамдағы орны ерекше. Ел тыныштығы мен азаматтардың қауіпсіздігін қорғауда жан аямай еңбек етіп жүрген сала мамандарының бірі – Ұлытау облысы, Қаражал қаласы Полиция бөлімінің тергеушісі, полиция лейтенанты Тұрар Мұқажанов.
Тұрар 1998 жылы 17 наурызда Қарағанды облысы (қазіргі Ұлытау облысы) Қаражал қаласында дүниеге келген. Тәрбиелі отбасында өсіп, бала кезінен тәртіпке бейім, әділдікке жақын болып қалыптасқан ол мектеп кезінен-ақ елге қызмет етуді армандады. 2015 жылы мектепті үздік аяқтап, бала арманын жүзеге асыру үшін Қостанай қаласындағы Ішкі істер министрлігіне қарасты Ш. Қабылбаев атындағы академияға оқуға түсіп, 2019 жылы құқық бакалавры және полиция лейтенанты шенін алып шықты. Бұл – жас офицер үшін үлкен жауапкершілік жүгін арқалаған кезең еді.
Білімін жетілдіруді тоқтатпаған Тұрар 2021 жылы «Орталық Қазақстан академиясынан» заң магистрі дәрежесін де иеленді. Тұрар Мұқажановтың ішкі істер саласындағы еңбек жолы Қаражал қаласы Полиция бөлімінің көші-қон қызметі тобында инспектор болудан басталды. Мұнда ол 2019–2021 жылдар аралығында мінсіз қызмет атқарды. Жас офицердің алғырлығы мен тиянақтылығы оның кәсіби тұрғыда өсуіне жол ашты.
2021 жылы өзі білім алған Қостанай академиясына қайта оралып, алғашқы даярлық курсында топ командирі қызметін атқарды. Бұл кезеңде болашақ офицерлерге бағыт-бағдар беріп, тәртіп пен жауапкершілікке баулыды. 2022 жылы Ш. Қабылбаев атындағы академияның докторантурасына оқуға түсіп, ғылыми қызметке бет бұрды. 2023 жылы «Әкімшілік қызмет» кафедрасының оқытушысы ретінде де білім мен тәжірибесін жас мамандармен бөлісті.
Алайда, туған жерге деген сағыныш пен ел алдындағы борыш сезімі оны қайтадан Қаражал қаласына жетеледі. Сөйтіп, 2023 жылдың шілдесінен бастап Қаражал қаласы Полиция бөлімінің тергеушісі қызметіне кірісіп, бүгінге дейін абыроймен еңбек етіп келеді.
Қызметтік тәжірибесі мол, заңгерлік білімі терең, ісіне адал азамат – Тұрар Қуантайұлы тергеу саласында да өзінің жан-жақтылығымен, ұқыптылығымен ерекшеленіп келеді. Қылмыстық істерді тергеуде шапшаңдық пен дәлдік, заңға сүйеніп шешім қабылдау, азаматтардың құқығын қорғау – оның күнделікті басты міндеті. Әрбір істі әділдік пен заң шеңберінде шешуге тырысатын ол – бүгінгі полиция қызметкерінің жарқын бейнесі.
Тұрар Қуантайұлы – тек қызметте ғана емес, өмірде де жауапкершілігі жоғары жан. 2020 жылы отбасын құрып, бүгінде аяулы жары Мерекемен бірге бір қыз тәрбиелеп отыр. Әке ретінде де ол – үлгі боларлық тұлға. Ол – отбасына, Отанына, қызметіне адал азамат. Қарапайымдылығы, кәсібилігі, білімге құштарлығы – әріптестері мен азаматтардың құрметіне бөленуіне себеп болды.
Полиция күні – бұл ел тыныштығы үшін тер төгіп жүрген мыңдаған тәртіп сақшыларының еңбегіне берілген құрмет. Бұл күні біз қоғам қауіпсіздігі жолында ерлік пен қажыр танытып жүрген азаматтарымызға шынайы алғыс білдіреміз. Осындай абзал мамандардың қатарында жүрген Тұрар Мұқажанов – жас болса да, болашағынан үміт күттіретін білікті тергеуші, нағыз халық қорғаушысы. Оның қызметі – адалдық пен абыройдың көрінісі.
Ізбасар ОЙБАС.