Қаражал қаласы әкімдігінің мәжіліс залында қалалық мәслихаттың ХХХІ кезектен тыс сессиясы өтті. Сессия жұмысына Қаражал қаласы әкімінің міндетін атқарушы Аманқазы Наукенов, Қаражал қалалық мәслихатының депутаттары, Жәйрем кенті әкімінің міндетін атқарушы Бектемір Темірбай және бөлім басшылары, жергілікті қауымдастық мүшелері қатысты. Жиынға қалалық мәслихат төрағасы Зәмзагүл Оспанова төрағалық етті.
Күн тәртібінде Қаражал-Жәйрем өңірі бойынша атқарылуы тиіс бірқатар жоспарлар сөз болып, Қаражал қалалық мәслихатының 2024 жылғы 27 желтоқсандағы сессиясының №219 «2025-2027 жылдарға арналған Қаражал қаласының бюджеті туралы» шешіміне өзгерістер енгізу, Қаражал қалалық мәслихатының 2024 жылғы 27 желтоқсандағы сессиясының №241 «2025-2027 жылдарға арналған Жәйрем және Шалғы кенттерінің бюджеті туралы» шешіміне өзгерістер енгізу, 2026-2030 жылдарға арналған Ұлытау облысы Қаражал қаласының даму жоспарын бекіту, Қаражал қалалық мәслихатының 2017 жылғы 26 қыркүйектегі ХVI сессиясының «Қаражал қаласы әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия құрамын бекіту туралы» №117 шешіміне өзгерістер енгізу, Қаражал қалалық мәслихатының 2017 жылғы 26 қыркүйектегі ХVI сессиясының «Қаражал қаласы әкімдігінің жанындағы құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның құрамын бекіту туралы» №150 шешіміне өзгерістер енгізу, Қаражал қалалық мәслихатының 2019 жылғы 26 желтоқсандағы ХХХХІ сессиясының «Қаражал қаласы әкімдігінің жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия құру туралы» №346 шешіміне өзгерістер енгізу, Қаражал қалалық мәслихатының 2023 жылғы 14 қыркүйектегі VII сессиясының «Қаражал қаласы әкімдігінің жанындағы қылмыстық жазаны және қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын орындайтын органдар мен мекемелер қызметіне жәрдемдесу жөніндегі, сондай-ақ, қылмыстық жазаларын өтеген адамдарға әлеуметтік және өзге де көмекті ұйымдастыру жөніндегі консультациялық-кеңесші орган құрамын бекіту туралы» №70 шешіміне өзгерістер енгізу туралы мәселелер талқыланды.
Қаражал қалалық мәслихатының Жәйрем кентіндегі депутаттары мен Жәйрем кенті қауымдастығы тарапынан жергілікті бюджеттен бөлінген қаржыларға байланысты көптеген сұрақтар қойылды.
Жәйрем кенті жергілікті қауымдастық төрағасы Асқарәлі Омаров:
– Жәйрем кентіне бөлінетін бюджеттің бүйірі солып бара жатқанын байқаймыз. Халықтың талабы жоғарылған сайын жүдеп бара жатқан бюджет бізді алаңдатпай қоймайды. Сонымен қатар, көптеген шаруаларға жаз бойы секіріп, қыс келгенде тамақ таппаған шегіртке құсап қалатынымыз тағы бар. Неліктен біз, маусымдық жұмыстарға бір тоқсан бұрын қамданбаймыз? Мысалы, қазан, қараша айында жүргізілетін жылу беру маусымына дайындықты қазірден бастап, дәл осы сессияда жоспарланған қаражатты бөлулеріңізді сұраймын, халыққа аса қажетті мәселелерге сұралған қаражат орта жолдан қиылып жатса, кеше көтерілген мәселелердің еш кедергісіз қаржылануы да бізді ойландырады, – деді.
Асқарәлі Омаровтың бұл талабын депутаттар корпусы да бірауыздан қолдады. Ал, «Қаражал қалалық экономика және қаржы бөлімі» ММ бастығы Нұргүл Әбдірахманова әр сұрақтың жігін жіктеп, талап етілген қаржылардың не себептен бірден толықтай қанағаттандырылмайтындығын түсіндіріп, халық үшін жобаланған, жоспарланған әрбір іске сұралған қаражат заңды жолмен, мүмкіндігінше берілетінін жеткізді.
Бірнеше сағатқа созылған сессияда көптеген мәселелер қозғалып, Қаражал-Жәйрем өңірінің әлеуметтік дамуына жұмсалатын қаражаттың ең бірінші маңызды бағыттарға жұмсалуын қарастыруға ортақ келісімге келді.
Гауһар НАУРЫЗБАЕВА