Абаттандыру — басты басымдық

Қаражал қаласының әкімі Айқын Елеусізовтың төрағалығымен қала аумағын абаттандыру және инфрақұрылымдық мәселелерді шешу мақсатында мердігер ұйымдармен жұмыс кездесуі өтті. Жиында 2025 жылдың басынан бері жүзеге асырылып жатқан бірқатар негізгі жұмыстардың барысы талқыланып, келешек міндеттер айқындалды.

Көше жарығы жаңғыртылады
Абаттандыру жұмыстарының аясында Мақатаев, Кенесары, Битабар, Тәуелсіздік және Сары Тоқа көшелеріне барлығы 66 дана жаңа жарық тіректері орнатылды. Бұл – тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығы үшін атқарылып жатқан маңызды қадамдардың бірі. Сонымен қатар, қала аумағындағы жарықтандыру жүйесінің әлсіз немесе мүлде жұмыс істемей тұрған учаскелерін толықтай қамту бойынша нақты тапсырмалар берілді.

Спорт және ойын алаңдарында
Кездесу барысында балалар ойын және спорт алаңдарындағы ескі, сынған ойын элементтері мен тозығы жеткен жабдықтар анықталғаны мәлім болды. Осыған байланысты, барлық алаңдарды қалпына келтіру және жөндеу жұмыстары бойынша жауапты мердігер ұйымдар белгіленіп, қажетті жұмыстар басталып кетті. Бұл бағыттағы жұмыстар балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіз әрі сапалы демалысын қамтамасыз етуге бағытталған.

Білім беру нысандарында
Жиында білім беру нысандары да назардан тыс қалмады. Атап айтқанда, Тау-кен техникалық колледжі аумағын абаттандыру және инфрақұрылымын жақсарту бойынша нақты тапсырмалар беріліп, анықталған кемшіліктерді жою жұмыстары қолға алынды.

Жасыл желек – қала көркі
Экологиялық жағдайды жақсарту және қаланың эстетикалық бейнесін арттыру мақсатында қала аумағында 300 түп ағаш пен 3500 түп гүл отырғызылды. Бұл – табиғатты аялауға бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі.

Түйін
Кездесу қорытындысында қала бойынша анықталған барлық проблемалық учаскелерге қатысты тиісті мердігер ұйымдарға нақты тапсырмалар жүктелді. Жұмыстардың сапалы әрі уақытылы орындалуы қатаң бақылауға алынды. Қаражал қаласын көркейту мен тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыс мұнымен тоқтамайды. Қала аумағын кезең-кезеңімен абаттандыру жұмыстары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғаса бермек.

Аманкелді АҚШАЛ.