Балалық шаққа саяхат

Халықаралық балаларды қорғау күні – бұл баршамызға балаларымызды қорғаудың, олардың қауіпсіздікте болуының, амандығының маңыздылығын еске салатын ерекше күн. Бұл күні олардың қажеттіліктеріне, құқықтары мен көңіл-күйіне ерекше назар аударылады. Балалардың қауіпсіз әрі сүйіспеншілікке толы ортада тәрбие алып, дамуына қолайлы ахуал құру үшін біз жауаптымыз және де әрбір мерекеде қуантуға міндеттіміз, қуантып та келеміз.

Биылғы балаларды қорғау күнін атап өту таңсәріден «Балалық шаққа саяхат» атты велошеруден бастау алды. Шамамен 100-ге жуық балақайлар мен «Жәйрем Спорт клубы» ҚБ спортшылары және цехкомдар бірлескен ұзын шеруге Жәйрем кенті Полиция бөлімінің қызметкерлері жетекшілік жасады.

М.Дәрібеков атындағы Спорт кешенінің жанынан бастау алған велошеру Абай көшесі, Металлург көшесі, Мұратбаев, Самал көшелері арқылы жүргізіліп, мәдени-сауық орталығының алаңында шегіне жетті. Велошеруге қатысқан барлық балақайларға Кәсіподақ ұйымы тарапынан сыйлықтар таратылды.

Велошеруден кейін мереке иелері өздеріне арналып, арнайы Ұлытау облысынан келген «Алғабас» театрының «Күштілер әлеміне саяхат» атты театрландырылған қойылымын тамашалады.

Мерекелік сахнаның алғашқы бетпердесін «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ Бастауыш Кәсіподақ ұйымының төрағасы Мүбәрак Кәрібаев, Әлеуметтік қолдау бөлімінің бастығы Ақтоты Жазыбекова ашып, барлық балақайларға шын жүректен бақытты балалық пен жарқын болашақ тіледі.

Өте қызықты және әсерлі болған қойылымнан соң, барлық балақайларға тегін балмұздақ үлестірілді. «Балаларды шаттандырамыз» деген волонтерлерге күннің күйіп тұруы еш кедергі болмады. +40 градусқа шамалас болған аптап ыстықта 1500 дана балмұздақ иелерін тауып, балақайлар мәз-мейрам болды.

Күнделікті жеп жүрген тәттілері болса да, осы атаулы күні таратылған балмұздақ дәмі ерекше болатынын бізді таңсәріден күтетін балалар әрекетінен сеземіз.

Сонымен қатар, «Казцинк» компаниясының тарапынан кентіміздегі ерекше балаларға әзірленген тәттілер қоржынын «Өндіріс волонтерлері» мен Жастар кеңесінің белсенділері мереке иелерінің мекенжайларына жеткізіп берді.

Балаларымыз еш мұңаймасын, аспандарын бұлт шалмасын! Ата-аналарының құшағында, білім мен тәрбиені мықтап алсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Балалар мерекесі мәдени-сауық орталығының алаңында да керемет өтіп жатты. Бұл күні балаларға бәрі тегін. Сыйлық та мол. Көңіл-күй де ерекше.

 Гауһар НАУРЫЗБАЕВА.