Еңбек адамдарына деген құрмет әрқашанда ерекше. Бүгінде бір жерде табан аудармай еңбек етіп, көпшіліктің құрметіне ие болып жүрген жандар қаншама. Осындай еңбекқор жандардың бірі – Мақсұт Тәжібаев.
Ол 37 жыл бойы бетоншы болып, соңғы екі жылда Жәйрем кен байыту комбинатында автокөліктерді жөндеуші слесарь қызметін атқарады. Оның өмір жолы – еңбекқорлықтың, тұрақтылықтың және басқа салада ондаған жылдар бойы жұмыс істегеннен кейін де жаңа мамандықты игеруден қорықпайтын батылдықтың үлгісі.
Мақсұт Ордашбайұлы Оңтүстік өңірінің тумасы. 1986 жылы Сарыарқа төріне нағашыларына қонақтап қыдырып келіп, осында қалып қалған екен. Анасының туған бауыры Әмір нағашысының қолына келген жас жігіт «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ Шахта құрылыс басқармасына бетоншы болып жұмысқа орналасады.
Бетоншылық жұмыс жас жігітке аса қатты қиындық туғызбайды. Себебі, туған жерінде алғашқы еңбек жолын осы құрылыс саласымен бастаған. Жәйремге алғаш келгендегі бастығы Құсайын Камалұлынан бастап, әріптестері Марлан Шамбулов, Аманкелді Төлепбергенов, Қуат Құсбеков, Бектұрсын Иваков ұжымның бірлігін көрсетіп, жаңадан келген азаматты өздеріне бірден тарта біледі.
1992 жылдың ақпан айында Шахта құрылыс басқармасы жабылып, барлық ұжым Болат Қонақбаев есімді азамат басшылық еткен «Құрылыс» ЖШС мекемесіне ауысады. Алайда, аталған мекеменің өмірі тек үш жылға ғана созылып, толықтай жабылады.
Ұжым қайтадан Жәйрем кен байыту комбинатының құрамына кіреді де жөндеу-құрылыс цехы атауы беріледі. Цехты Марлан Шамбулов басқарады. Ол кейіннен «Казцветметремонт» ЖШС болып өзгереді. Жұмыс істеген жерлерінің атауы өзгергенмен, Мақсұт Ордашбайұлы сол бетоншы мамандығынан ешқайда ауыспайды.
Жалпы құрылыс саласының мамандары – бесаспап шебер десек, артық айтпаған болар едік. Ол қажет десең ағаш ұстасы, темір ұстасы, сылақшы, керек болса тас қалаушы бола салады. Бұл тек еңбексүйгіш, жауапкершілігі мол, мінездері бірқалыпты жандардың ғана қолынан келері анық.
Мақсұт Ордашбайұлы да сол құрылыс саласында өткен еңбек жолында өзін түрлі кәсіпте сынап, аталған саланың қыр-сырын әбден жетік меңгерді. Қарапайым еңбектен бақыт тапқан Мақсұт аға айрандай ұйыған жанұяның тірегі.
Жары Ардақ Жүсіпбекқызымен 1992 жылы көңіл қосып, шаңырақ көтереді. Ол кісі – ұлағатты ұстаз, жергілікті №10 жалпы білім беретін мектептің тәжірибелі бастауыш сынып мұғалімі. Ерлі-зайыптылардың қазір екі ұлы, екі қызынан 7 немересі бар.
Үлкен ұлы Ербол Тәжібаев Жәйрем кен байыту комбинатының полиметалл байыту фабрикасында механик болып еңбек етсе, екінші ұлы Бексұңқар Мақсұт биыл мектеп бітірмек. Бексұңқар да әке, аға жолын қуып, тау-кен саласына бармақшы.
Үлкен қызы Айгүл тұрмыста, Сәтбаев қаласында тұрады. Бала күтімімен үйде. Күйеу баласы Елтай – жеке кәсіпкер. Кенже қызы Айсамал Жәйрем кен байыту комбинатының цифрлық технология және сервис кешенінде жүйе механигі-инженер болып еңбек етеді. Жолдасы Шалқар Бозанов – көліктер цехында көліктерді жөндеу және желіге шығару жұмыстары бойынша ауысым шебері.
Мақсұт ағаның бір кіндіктен тараған тоғыз бауыры бар. Үйдің үлкені Ынтымақ Тәжібаев Жезқазған қаласында тұрады. Өзінен кейін қарындасы Шолпан Ұлытау облысы, Кеңгір ауылында тұрады. Қарындасы Айман мен бауыры Марат – Жәйремде. Кенже бауыры Әсет – мал шаруашылығын дөңгелетіп отырған жеке кәсіпкер. Қарындастары Күміскүл, Ақкенже Астана қаласында, ал Мадина қарындасы Қарағанды қаласында.
– Мен 1964 жылы Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Жайылма совхозында дүниеге келдім. Мектепті бітіргеннен кейін үш жылдай Жайылма совхозында құрылыс саласында еңбек еттім. 1983 жылы қараша айында Отан алдындағы борышымды өтеуге Амур облысы, Серышево кентіне аттанып, ракета әскерінде болдым, – деп әңгімелейді Мақсұт Ордашбайұлы.
– Елге оралған соң бір жылдай ауылда еңбек етіп, кейін Жәйрем кентінде тұратын нағашыларыма келдім. Жәйрем кен байыту комбинатына жұмысқа орналастым. Ол кездері комбинат нысандарына жөндеу жұмыстарын жүргізетінбіз.
Тоқсаныншы жылдардағы тоқырау Жәйремді айналып өтпеді. Сол кездері ауылда жарық болмайтын, айлық жоқ. Ол күндерді де артқа тастадық. Қазіргі таңда Жәйремнің жағдайы жақсы. Қаңырап, бос қалған үйлер сүріліп, орнына басқа ғимараттар жоспарлануда. Әдемі саябақтар салынып, жаңа үйлер бой көтеруде.
Өзім еңбек ететін «Казцинк» компаниясы Жәйрем кенті үшін, тұрғылықты халық үшін көп қолдау көрсетуде. Жалақымыз тұрақты. Құрылыс саласының қыр-сырын жетік меңгеруге 37 жылымды арнап едім, енді тау-кен көліктерінің әлемінде саяхаттамын. Мұнда көліктердің әр бөлшегі үлкен ұқыптылық пен қырағылықты талап етеді. Сол талапты бұлжытпай орындауға тырысамын.
Ауысымда бірнеше тау-кен көліктері желіге шығады. Тонналаған салмақтары бар БелАЗ-дардың, экскаваторлар, жүк тиегіштер, су тасымалдайтын самосвалдар, бульдозерлердің техникалық жай-күйі біздің мойнымызда. Өндірістің сапалы еңбек етуіне, тиісті мөлшерде кен өндіруге біздің де қосатын үлесіміз зор.
Жалпы, өндіріс үрдісіндегі жұмыс тізбегін әр маман, әр жұмыс орны тиісті деңгейде үлкен жауапкершілікпен атқарса, өндірісіміз өркендеп, жоспар да орындалады деп ойлаймын.
Жұмыстан бос уақытында Мақсұт аға үй шаруашылығымен айналысады. Қолында азын-аулақ малы, бала-шағаға арнап егетін бау-бақшасы бар.
– Балдан тәтті немерелерім бөлек бір тәтті әлем, – дейді кейіпкеріміз. – Сүйіп атқарар қызметің, жанға жайлы жұмысың болса, шаттыққа толы ыстық ұяң мен бар қызықты бірге бөлісер жарың барда, өрісіңді кеңейткен бала-шағаң мен бар шаршағаныңды ұмыттырар немерелерің болса, одан басқа қандай бақыт керек?!