Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күні – халқымыздың рухын асқақтататын, елдігіміз бен бірлігіміздің айғағы болған маңызды мерекелердің бірі. Бұл күн – Ту, Елтаңба мен Әнұранға деген құрмет пен сүйіспеншілікті арттыратын, отансүйгіштік сезімді нығайтатын ерекше сәт.
Осыған орай, Қаражал қаласында «Рәміздерім – елдігімнің белгісі» атты салтанатты жиын Рәміздер алаңында өтті.
Іс-шара Тудың әкелінуімен басталып, барша жұртшылық мемлекеттік Әнұранды ерекше тебіреніспен орындады. Бұл – елдік пен бірліктің, рух пен намыстың шынайы көрінісі болды.
Салтанатты жиында Қаражал қаласының әкімі Айқын Елеусізов сөз сөйлеп, барша тұрғындарды қасиетті мерекемен құттықтады. Ол өз сөзінде Мемлекеттік рәміздердің тәуелсіз ел үшін маңызына тоқталып, жас ұрпақтың бойына елдік пен патриоттық сезімді сіңірудің маңыздылығын атап өтті.
Шара барысында № 1 жалпы білім беретін мектептің оқушылары Рәміздерге арналған әдеби оқуларын мәнерлеп оқыса, Азамат Кәдірсізов «Атамекен» әнін орындап, жиынға рухты леп сыйлады.
Мерекелік көңіл-күйді одан әрі жандандыру мақсатында Қаражал қаласының Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған автошеру мен велошеру қаланың басты көшелерін аралап өтті. Шеруге қала жастары, мекеме қызметкерлері, белсенді еріктілер мен тұрғындар қатысып, көліктеріне Мемлекеттік Ту іліп, бірлік пен мақтаныштың айқын көрінісін көрсетті.
Бұл бастама – ұлттық бірлікті нығайтудың, рәміздерге деген құрмет пен патриоттық сезімді қалыптастырудың нақты үлгісі болды. Шеруге қатысушылардың жүзінен қуаныш пен мақтаныштың лебі сезіліп тұрды.
Кешкісін «Ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі» мемлекеттік мекемесі аталмыш мерекеге орай қалалық жеңіл атлетикалық жүгіріс ұйымдастырды. Ерлер арасында өткен бұл жарыста 3 шақырымдық қашықтықты онға жуық азамат жүгіріп өтті.
Жарыс нәтижесінде І орын мен кубок иегері Ораз Маханов атанды. ІІ орын — Айбар Илиясовқа бұйырса, ІІІ орынды — Дастан Даиров иеленді. Жеңімпаздарға медальдар, мақтау қағаздары мен ақшалай сыйлықтар табысталды.
Бұл мерекелік күн – Отанға деген сүйіспеншілік пен елдік рухты арттырып, әрбір қазақстандықтың жүрегінде Мемлекеттік рәміздерге деген құрметті тереңдеткен жарқын күн болды. Мемлекеттік рәміздер – елдігіміздің белгісі, Тәуелсіздігіміздің тұмары.
Осындай тағылымды шаралар арқылы жас ұрпақтың бойында Отанға деген сүйіспеншілік пен мақтаныш сезімі нығая түсетіні сөзсіз. Қаражал жұртшылығы бұл күні Ел Туына тағзым етіп, жүректеріндегі патриоттық рухты оятты. Бірлік пен берекені ту еткен халықтың болашағы жарқын, келешегі кемел болмақ!
Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ