Нәзік жандылар — еңбек майданында

Өндіріс – ауыр еңбек пен табандылықты талап ететін сала. Бұл – ер-азаматтардың еншісіндегі жұмыс деп есептелетін арена болғанымен, бүгінде нәзік жанды арулар да бұл майданда қажыр-қайрат танытып, ерен еңбектерімен көзге түсіп келеді. Олар болаттай берік, ал жүректеріндегі мейірімі мен төзімі – нағыз кәсібиліктің көрінісі.

Қазыналы Қаражалдың өндіріс ошақтарында әйелдердің белсенділігі күннен күнге артып келеді. Кен өндіру, қолға күрек алып, ер адамдармен иық тіресе жұмыс жасау, бұл салада әйел мамандардың кәсіби шеберлігі, іскерлік ұстанымы жоғары бағаланып келеді. Олар – инженер, зертханашы, технолог, экономист, есепші тағы басқа жерлерде, яғни, әр салада өз орнын тапқан жандар.

Осыған орай бүгінгі кейіпкерім де өндірістің бел ортасында 20 жылдай қызмет жасаған нағыз еңбек майдангері «Өркен-Атасу» ЖШС «Өркен» өкілдігінің конвейер машинисі Зәуре Үйсімбаева.

Зәуре Мұхитбекқызы Жезқазған облысы, Рудник поселкесінде 1970 жылы 26 сәуірде дүниеге келген. 1987 жылы орта мектепті тәмамдаған соң, бірден оқуға түспей, өз күшімен қаражат жинап, өзінің туған жерінде қызмет қылған. Кейін Қарағанды қаласында тігінші оқуын оқыған. 1989 жылы оқуын тәмамдап келген соң Қаражал қаласымен тағдырын байланыстырып, осы жерде тұрмыс құрады.

Ал, еңбек жолын 2005 жылы «Өркен-Атасу» ЖШС «Өркен» өкілдігінің конвейер машинисі болып бастаған. Зәуре ханым өз сөзінде: — Фабрика ашылғаннан кейінгі алғашқы түлектері біз едік, осы жылдан қазіргі кезге дейін жұмыс істеп келе жатқан адам саны санаулы ғана қалды. Сол жылдан бастап осы 2025 жылға дейін жұмыс атқарып келемін. Еңбек өтілім толық 20 жыл. Жұмысым алғашқы жылдары не дегенмен әйел адамы үшін ауыр болды. Бірақ, уақыт өте келе үйрене бастадық. Ұжымым өте керемет. Жұмысқа бірге орналасып бастаған адамдардың көбісі зейнетке шығып жатыр, бірақ, сонда да арамыз суымай араласып, көрісіп, білісіп отырамыз, — деп ұжымы жайлы да айта кетті.

Зәуре ханымның бұл өндірісте абыройы асқақ. Тіпті, мемлекет тарапынан еңбек жетістіктері де аз емес. Қаншама марапат қағаздары, сертификаттар және 2016 жылы III дәрежелі «Еңбек Даңқы» төсбелгісімен марапатталған.

Зәуре Мұхитбекқызы – отбасының да ұйытқысы. Ол – асыл ана, аяулы жар, керемет әже. Күнделікті тұрмыстың тауқыметімен қатар, өндірістегі үлкен жауапкершілікті қатар арқалап жүрген жанашыр әріптес. Оның кәсібіне деген адалдығы, жұмысына деген махаббаты – жастарға үлгі, қоғамға – мақтаныш.

Отбасында Иманәлі отағасымен 35 жылдан астам өмірдің ащысын да, тұщысын да бірге көруде. 5 балапанының ата-анасы, яғни, 4 гүлі мен 1 ұлы бар. Жолдасы Иманәлі де осы өндіріс ошағының құрметті зейнеткері.

Ұлы Дархан осы салада жұмысын 2013 жылдан бастап Электр механикалық жабдықтарды жөндеу жөніндегі техник. Тұңғышы Назым, Жезқазған қаласында Халыққа қызмет көрсету орталығында (ХҚКО) бас маман міндетінде. Ортаншысы Тоғжан, Жезқазған қаласында «Қазақмыс» корпорациясында кран машинисі болып жұмыс істейді. Балжан қызының мамандығы мұғалім, қазіргі таңда баламен үйде декреттік демалыста. Ең кенжесі Зайра 2024 жылы Қарағанды қаласында, Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде оқуын қызыл дипломмен аяқтады.

Өндіріс саласында қызмет етіп жүрген әйелдердің еңбегі – ел экономикасының тұрақтылығы мен өркендеуінің кепілі. Олардың қажырлы еңбегі, төзімі мен кәсібилігі қандай құрметке де лайық. Нәзіктігімен қатар қайсарлығын да көрсете білген әйелдер – бүгінгі Қазақстанның шын мәніндегі батырлары.