Отбасы – адамзатқа ең жақын әрі қасиетті ұғым. Ол – ұрпақ пен ұрпақты жалғастырушы, ұлттық болмыстың алтын тамыры, қоғамның тұрақтылығы мен тұтастығының берік іргетасы. Осындай ұлық ұғымды ұлықтау мақсатында өткен аптада Қаражал қаласында ерекше мазмұнға ие, тағылымы терең іс-шара ұйымдастырылды.
«Ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі» мемлекеттік мекемесінің бастамасымен өткен «Ұрпақтар сабақтастығы» атты ауқымды мерекелік кеш – отбасылық құндылықтарды дәріптеуге, ұрпақтар арасындағы рухани байланысты нығайтуға бағытталды.
«Отан – отбасынан басталады» деп жатамыз. Жанұяның береке-бірлігі – әр сәбидің болашақ қадамы. Бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі. Жалпы, отбасы – шағын мемлекет. Дәл осы мерекелік шараның сәнін келтірген кеш қонақтары өздерінің шағын мемлекеттерімен бірге келіпті.
Ең алдымен, жарты ғасыр шаттығы мен ыстығын бірге өткерген, алтын той иелері Хабдулхалим мен Меңсұлу Шахметовтарды ерекше атап өтуге болады. Әдемі қартая білген жарасымды жұптың жүзінде ескірмеген махаббат пен сарқылмаған сыйластық тұнып тұр.
Одан кейін 25 жыл бойы берік отбасы құра білген күміс той иелері – Сатановтар мен Қартабаевтар жанұясы – өзгелерге үлгі боларлық отбасы екені анық. Осындай мерейлі күні қала әкімі Айқын Елеусізов той иелерін ортаға шақырып, жүрекжарды лебізін білдірді.
Сондай-ақ, ҚР Президентінің 2025 жылғы 15 мамырдағы №623 Жарлығымен көпбалалы ана Айсұлу Халыққа «Күміс алқа» медалі табысталды. Жакуповтар отбасы «Алтын шаңырақ» иегері атанса, Сатановтар мен Қартабаевтар «Күміс кереге» иегері атанды. Ал өмір есігін енді ғана ашқан Томирис Сәкенқызы салтанатты түрде өзінің алғашқы құжаты – туу туралы куәлігін алды.
Мерекелік рәсімді мәдени-сауық орталығының қызметкері Алмагүл Мұхамеджанова жүргізді. Бұдан тура елу жыл бұрын тағдырдың талқысын бірге өткеріп, бірге шаңырақ көтерген Хабдулхалим ата мен Меңсұлу апа бүгінде алтын той иелері атанды. Елу жылда ел жаңарса да, бұл жұптың аяулы сезімі әлі де сол қалпында. Олар үш бала тәрбиелеп, сегіз немере сүйіп отыр. Хабдулхалим ата поштада басшылық қызмет атқарса, Меңсұлу апа ауруханада фармацевт болған.
Күміс той иелері – Жанат аға мен Гүлшат ханым – осыдан ширек ғасыр бұрын Қаражал қаласының АХАЖ бөлімінде некелерін тіркеп, отау құрған. Жанат Рахымжанұлы – қалалық мәслихат аппаратының басшысы, ал Гүлшат Құманғалиқызы – көші-қон полициясының ардагері, қазіргі таңда «Мансап орталығында» бөлім басшысы. Олар да үш бала өсіріп, өнегелі отбасының үлгісін көрсетіп келеді.
Келесі кезекте, Текебай Әкішұлы мен Дәмежан Елеусізқызының да 25 жыл бұрынғы тойлары еске алынды. Бұл отбасы – Қаражал қаласына етене таныс. Текебай аға 20 жылдан бері «Батыс Қаражал» шахтасында слесарь болып қызмет атқарса, Дәмежан апа да сол шахтада еңбек етуде. Екеуі бес бала тәрбиелеп, үлгілі жанұя санатына енген.
Шараның басты мақсаты – өмірлік серігімен бірге қоса ағарған, жұптық жарасымын сақтап, өнегелі өмір сүріп келе жатқан отбасылардың тәжірибесін өскелең ұрпаққа үлгі ету. Бұл – бүгінгі жастарға бағыт-бағдар боларлық тағылым.
Кеш соңы әдемі концерттік бағдарламаға ұласып, келген қонақтар мен көрермендер ұйымдастырушыларға шынайы алғыстарын білдіріп, ақ баталарын жаудырды.