Жемқорлық — қазіргі заманның кеселі

Сыбайлас жемқорлық терминдік сөз тіркесінің кейінгі кездері қоғамымызда өкінішке орай белең алып, жиі көрініс бере бастағаны баршамызға аян. Оған себеп боларлықтай да көптеген факторлар бар. Көкірегі ояу, көзі ашық әр азамат бүгінде сыбайлас жемқорлық жайында бұқаралық ақпарат құралдарымен қатар, ғаламтордан да біле алады. Сыбайлас жемқорлық елдің дамуына үлкен қауіп төндіретін кері факторлардың бірі. Әлем бойынша барша дамыған және дамушы елдер де сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізіп келеді.

Жалпы жемқорлық жайында ақпарат көздерінде әртүрлі анықтама берілген, солардың бірі: «Жемқорлық – осы заманның кеселді үлкен дерті» делінген. Жемқорлық туралы Құранда айтылғандығы діні мұсылман барша қазаққа белгілі. Пара алу, пара беру, т.б. үшін қандай жазаға тартылатыны туралы шариғатта анық жазылған. Өзінің қара қамы үшін халықтың несібесіне ұрлана қол созғандарға бүгінде заң жүзінде жазаның ең ауыры тағайындалғаны жөн.

Сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізу үшін мемлекет өз алдына көптеген заңдар мен іс-шаралар қолға алынуда. Бүгінде мемлекет пен халық арасында тығыз байланыс жасайтын мемлекеттік билік органдары, оның ішінде мемлекеттік қызметшілерге міндетті Этика кодексі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңдар қабылданды.

Сонымен бірге, бұқаралық ақпарат құралдары да сыбайлас жемқорлыққа байланысты мағлұматтармен қалың әлеуметті хабардар етуде. Алайда, бұл айтылғандармен істің орайы толығымен шешілмесі анық. Сондықтан, ең алдымен сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың, яғни, мүлдем болдырмаудың амалын іздестіру керек. Ол үшін еліміздің әр азаматында еліне, жеріне деген адал махаббатын, Отан алдындағы борышын, перзенттік парызын, патриоттық сезімін ояту керек. Сонда әр азамат елінің дамуына аянбай еткен адал еңбегімен өз үлесін қосары анық.

Самал ТУСИПОВА,

Қаражал қалалық қазынашылық басқармасының басшысы.