Ұлы Жеңіске биыл 80 жыл толса, менің апайым Рымбала Сатанқызы да дәл 9 мамыр күні мерейлі 80 жасқа толады. Рымбала апамыздың өмір жолы – бір буынның тағдырын, бір әулеттің тарихын, бүтін бір қоғамның дамуына қосқан үлесін айқын бейнелейтін өнегелі ғұмыр.
Соғыстан кейінгі ауыр жылдарда білім алып, еңбекке ерте араласқан Рымбала апамыз жасынан жауапкершілікті мойнына алып, отбасына сүйеу бола білді. Анасының орнына сауыншы болып, адал еңбек етсе, кейіннен Саран қаласындағы педагогикалық училищені тәмамдап, білікті маман ретінде Жаңаарқа ауданындағы № 1 мектепте ұстаздық жолын бастады. Одан кейін Қаражал қаласындағы № 3 мектепте шәкірт тәрбиеледі. Сол жылдары Рымбала апайдан тәлім алған талай жас әлі күнге дейін ұстаздарына деген алғыстарын айтып жүреді. Мектеп түлектері мерейлі датаға орай жыл сайын шақырту жібереді. Былтыр Жаңаарқа ауданында мектепті аяқтағанына 50 жыл толған түлектердің шақыртуымен Алматыдан арнайы келіп, шәкірттерінің ортасында болып, құрметке бөленді. Бұл – нағыз мұғалімнің биік беделінің көрінісі.
Тек шәкірттерге ғана емес, отбасына да үлгі бола білген апайымыздың інісі Рақымжанның елге сыйлы азамат, білікті ұстаз, мектеп директоры, одан соң Қаражал қаласының Құрметті азаматы болып қалыптасуына да оның ықпалы зор болды. Қандай отбасылық мәселелерде болмасын, өзінің ақылын айтып, дұрыс шешім қабылдауымызға үнемі себепші болады
Жездеміз Жұматай Матайұлының Жаңаарқаның белгілі азаматтары – Жетпісбай Алиев, Жабай Әбенов, Шәлен Шуданбеков сынды тұлғалармен тығыз араласуы, отбасылық жолдас болуы ел ішіндегі беделінің айғағы.
Рымбала апайдың ұл-қыздары – Анар, Орал, Райхан, Азамат, Самат және Гүлден – әрқайсысы өз саласының мамандары, үлгілі жанұя иелері. Немере-шөберелері де білім мен спортта жетістікке жетіп, әжелерінің мерейін асқақтатуда. Мәселен, Толғанай Құдайбергенова дзюдодан 52 кг салмақта Қазақстан Республикасының чемпионы атанса, Шамшиддин Апаков 73 кг салмақта жастар арасындағы ел біріншілігінің жеңімпазы болды. Немерелері жан-жақты болып, дзюдо, конькимен сырғанау, домбырада ойнау, ән айту, ағылшын тілін еркін меңгеруі, барлығын қадағалап, болашақта өздеріне үлкен жол ашатынын үнемі айтып отырады. Бұл – апайымыздың ұрпағына қалдырған тәлім-тәрбиесінің жемісі. Бүгінде Рымбала апай – өмір көрген, ел таныған, ұрпағымен мақтанатын абыз ана.
Апайымыз зейнет жасына шықса да, қоғамнан қол үзіп қалмай, ақыл-кеңесімен бөлісіп, туған-туысына, ұрпағына әрдайым тірек бола білуде. Ағайын-туыс арасында бітімгер, бірліктің ұйытқысы болып, үлкенге – құрмет, кішіге – үлгі көрсете алған жан. Қандай жағдай болмасын, сабырлылық пен парасаттылық танытып, әрқашан әділдік пен адамгершілікті алға қояды. Оның өмірлік тәжірибесі мен даналық сөздері жас буын үшін үлкен мектеп іспетті.
80 жасқа келсе де, Алланың берген денсаулығының арқасында ағайын-туыстың той-томалағынан қалған емес. Белсенді өмірлік позициясы үнемі тек алға жетелейді. Алматыда белсенді өмір сүру орталығының белсенді мүшесі. Балаларымен бірге әлемнің бірнеше мемлекетін аралап, танымын одан сайын арттыруда. Исламның бес парызын адал атқарып, қажылыққа барып келді. Үнемі жақындары үшін дұғада болып, ғибратты ғұмыр кешіп келе жатқан апайымыздың тілектері қабыл болғай. Қымбатты апатайым Рымбала Сатанқызы, сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасы амандығын тілейміз. Шаңырағыңызда шаттық пен береке орнап, балаларыңыздың қуанышы, немере-шөберелеріңіздің жетістігі сізге мәңгілік шабыт сыйлай берсін! Сіздің өміріңіз – бір әулетке ғана емес, елге үлгі боларлық ғибратты ғұмыр! Мерейлі мерейтойыңыз құтты болсын, аяулы апатайым!
Ізгі тілекпен, бауырыңыз Гүлнұр САТАНОВА.