Қазақстан халқы Ассамблеясы – елдегі бейбітшілік пен келісімді сақтауға арналған бірегей ұйым. 1995 жылы құрылған сәттен бастап, Қазақстан халқы Ассамблеясы Қазақстандағы этносаралық татулық пен бірліктің символына айналған бұл құрылымға 30 жыл толып отыр. Бұл – тек мерейтой ғана емес, еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі үлкен белес. Отыз жыл ішінде ҚХА көптеген маңызды жетістіктерге қол жеткізді. Ең алдымен, Ассамблея еліміздегі 130-дан астам этностың өкілдерін бір ортақ мақсатқа біріктіре алды. Әр этнос өз тілін, дәстүрін сақтай отырып, Қазақстанның патриоты болуға тәрбиеленді. Бұл – ұлттар арасындағы келісім мен татулықтың нақты көрінісі.
1 наурыз – Алғыс айту күні мерекесі қарсаңында Қаражал қаласының мәдени-сауық орталығында өткен «Бірлігіміз жарасқан» атты қалалық этнофестиваль-байқауын ел бірлігін нығайтуды көздеген қоғамдық ұйым жұмысына жасалған қолдаудың бір бөлшегі деп есептеймін. Бұл байқауға қаламыздағы мекемелердің ұжымдары қатысып, өздеріне белгіленген түрлі этностардың бірін таныстырды. Әртүрлі этностардың салт-дәстүрлерін дамыту және ұлттық мәдени мұраны ұрпақтан ұрпаққа жеткізу мақсатын көздеген фестиваль-байқауында қазақ халқын қалалық мәслихат аппараты мен Қаражал қаласы әкімдігінің ұжымы, орыс халқын Қаражал қалалық білім бөлімі, Қаражал тау-кен техникалық колледжі, Қаражал қаласының өнер мектебі және дзюдоға бағытталған мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің ұжымдары таныстырса, № 1 жалпы білім беретін мектеп ұжымы «Балбөбек» балабақшасының ұжымымен бірлесіп еңбекқор өзбек халқының мәдениеті мен болмысын таныстырып, үш негізгі «Ұлттық тағамдар», «Ұлттық киімдер» және «Ұлттық өнер» номинациясы бойынша бақ сынасып, сертификат иеленіп, өзара ынтымақ пен бірліктің жарқын үлгісін көрсетті. Қаражал қаласының мәдени өмірінде маңызды кезеңге айналған фестивальге қатысушылардың өнері жарқын әрі мерекелік сипатта өтті. Ұлтаралық татулықты қолдауға арналған жұмыстар білім алушылар арасында жүйелі түрде жүргізіліп, 5 қыркүйек — Қазақстан халықтары тілдерінің мерекесі мен 1 наурыз — Алғыс айту күніне орай өткізілген шаралар барысында аталмыш жұмыстардың қорытындысы жарияланып, тың бастамалар қолға алынды. Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық жолы – бейбітшілік пен бірлікті басты құндылық еткен елдің жарқын тарихы. Алда да ҚХА еліміздің дамуына, ұлтаралық татулық пен қоғамдық тұрақтылыққа қызмет ете беретіні сөзсіз. Бұл ұйым – әрбір азаматтың өз елінде қадірлі екенін дәлелдейтін бірегей құрылым. ҚХА-ның бастамасымен елімізде жүздеген этномәдени бірлестіктер құрылды. Олар тілдерді үйрету, салт-дәстүрді сақтау, мәдени шаралар ұйымдастыру бағытында жұмыс істейді. Сонымен қатар, Ассамблея жанынан құрылған Қоғамдық келісім кеңестері ауыл-аймақтарда да бірлікті нығайтуда үлкен рөл атқаруда. Ассамблеяның тағы бір маңызды жетістігі – заң шығару саласындағы белсенділігі. ҚХА-ның Мәжілісте өз өкілдері бар. Бұл – әрбір этностың дауысын естіртіп, олардың мүддесін мемлекеттік деңгейде қорғауға жол ашады.
Жұмакүл АХМЕТОВА,
№ 1 ЖББМ директоры.