Өткен ғасырдың қасіретке толы кезеңдерін көзімен көріп, ел үшін ерен еңбек еткен аналарымыздың өмір жолы – бүгінгі ұрпаққа мол тағылым. Сондай аяулы жанның бірі – Амантай Жамболова.
Амантай Жамболова апа 1938 жылы Жаңаарқа ауданының Өркендеу ауылында дүниеге келген. Ол кез – халық еңсесін енді-енді тіктеп келе жатқан, елдің басына қара бұлт үйірілген уақыт еді. Амантай апа дүниеге келген отбасы – мал шаруашылығымен айналысқан қарапайым еңбек адамы болатын.
БАЛАЛЫҚ ШАҒЫ – АУЫР ЖЫЛДАРМЕН ӨРІЛГЕН
1941 жылы соғыс басталғанда Амантай апа небәрі үш жаста еді. Бірақ, оның балалық шағы ойынмен емес, еңбекпен өрілді. Ауылдастары қатарлы ол да тылдағы еңбекке ерте араласты. Анасына еріп жүріп, өгізбен жер жыртып, бұзау бағып, егін күзетіп тыл даласында тер төкті. – Үлкендер мен сияқты балаларды өгіздің үстіне отырғызып, қолымызға шыбық беретін. Сосын, көкжиекте көлбеңдеп көрінген төбе, ұшқат, қарағанды көрсетіп, тура соған қарай жүр, өгіз бұрылып кетпесін, мына шыбықпен ұрып отыр дейтін. Өздері өгізге жегілген соқаны кезектесіп ұстап отырады. Осылай жүріп жер жы ртып, бидай, тары ектік, – деп күрсінеді Амантай апа.
Көктемгі дала жұмысы бітісімен ел мал бағу, сиыр сауу науқанына кіріседі. Ол кезде сиыр үш мезгіл сауылады екен. Ал, Амантай сияқты балалар сол сиырлардың бұзауын бағады. Міндеттері ауыр. Бұзау жамырап кетпеуі керек. Жамыраса бітті.
Ол күні сүт болмай қалады. Бұзау деген бағымға қарай ма. Сиырлардың ауылға қайтқанын алыстан көрісімен бытырай қашады. Оларды қуып қайыру деген қияметтің қияметі еді. Соның бәрін басынан өткерді апа. Талай рет бұзауға жете алмай жүгіріп жүріп зар жылады да. Қаршадай қыз сол кездің өзінде ауылдағы үлкендермен бірге тыл жұмысына атсалысып, еңбекке ерте араласты. Жер жыртуға, сиыр саууға көмектесіп, колхоз тіршілігінің бел ортасында жүрді. – Ол кезде көп қиындықтар көрдік, киер киімге, ішер тамаққа жарымадық. Үкімет әр үйге түтін салығын салатын, аз ғана сүт пен майды майданға деп өткізетінбіз, – деп еске алады апа.
СОҒЫСТАН КЕЙІНГІ БІЛІМ ЖОЛЫ
Соғыс аяқталған соң да қиыншылық тоқтамады. Ел еңсесін тіктеуге талпынды. Амантай апа сол кезде мектепке барып, интернатта оқыды. -Қи тасып, от жағып, интернатты жылытып оқитынбыз. Үйіміз алыс болған соң айлап бармайтынбыз – дейді ол. Бұл – еліміздің ең ауыр кезеңдерінде өмір сүріп, білім мен еңбекке құштар болып өскен ұрпақтың көрінісі. Сол уақыттың әрбір баласы от пен судан өткен десек, артық айтқандық емес. Қарапайым ауыл балалары сияқты ол да таңмен таласа қи тасып, от жағып, су тасып жүріп білім алды.
– Қазір бәрі бар, бейбіт заман ғой. Ол кезде бізде балаға киіп шығатын аяқ киім деген де болмайтын. Бір үйдің баласы бірлі-жарым киімді кезектесіп киіп жүретінбіз. Әсіресе, күз, қыс, көктем уақытында қиын еді. Ұлы сөздің ұяттығы жоқ, кейде далаға дәретке жалаңаяқ шығатын кездеріміз де болды. Мұндайды кейінгі ұрпақ көрмесін, – дейді апай.
ОТБАСЫ – ӨМІРІНІҢ МӘНІ
Жастық шағында Амантай апа Бекетай Дүйсенбековке тұрмысқа шығып, бақытты отбасын құрды. Бір шаңырақтың астында 11 бала өсіріп, тәрбиеледі. Бұл – үлкен төзімділік пен махаббаттың нәтижесі. Бекетай ата әскер қатарынан оралған соң шахтада жұмыс істеп, ұста, кейін токарь болған. Еңбек жолын дробилкада аяқтап, зейнеткерлікке шықты. Ол кісі 84 жасында өмірден озған.
– Мен отағасыма 19 жасымда келіп едім. Ол 27 жаста болатын. Екеуміз тату-тәтті ғұмыр кештік. Қиындықты да, ауырлықты да бірге көтердік. Ол шахтада еңбек етті. Мен тігінші болып, халықтың қажетін өтеуге үлесімді қостым. Осылай жүріп 11 перзентімізді өсіріп, жеткіздік. Шүкір, қазір сегіз балам көз алдымда жүр. Алланың өзі беріп өзі алған үш перзентім жер бесігінде жатыр, – деді апа өзінің отбасылық өмірін әңгімелей келіп.
Амантай апа мен Бекетай әкей ұл-қыздарына ұлттық тәрбие мен еңбекқорлықтың үлгісін көрсетті. Балалары бүгінде әр салада елге қызмет етіп жүр. Амантай апа немере-шөберелерінің ортасында ақылман әже атанып отыр.
ҰРПАҚҚА АМАНАТ: «СОҒЫС БОЛМАСЫН!»
Амантай апа – еңбекпен есейген, тағдыр тәлкегін төзіммен еңсерген, ана атына лайық жан. Қазіргі таңда ұрпағының ортасында, шөберелерінің шаттығына бөленіп отырған ардақты әженің кейінгілерге айтары да көп.
– Біз көрген қиыншылықты ешкім көрмесін. Соғыс болмасын, бейбіт заман болсын! Бейбіт күннің қадірін білсін ұрпағымыз. Еліміз тыныш, халқымыз аман болсын. Біз көргенді ешбір бала көрмесін, – дейді Амантай апа.
Бұл – тек ананың емес, бүкіл халықтың тілегі. Мұндай жандардың өмір жолы – бүгінгі ұрпаққа аманат. Өткенді ұмытпай, бейбіт күннің әр сәтін бағалай білейік.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ