Мамыр мейрамдарында ақшалай көмек кімдерге тиесілі

Қаражал қалалық әкімдік ғимаратында қалалық мәслихаттың кезектен тыс ХXІХ сессиясы болып өтті. Аталған сессияны Қаражал қалалық мәслихатының төрағасы Зәмзагүл Оспанова ZOOM платформасы арқылы онлайн түрде ашып, сессия жұмысына қала әкімі, қала әкімінің орынбасарлары, Жәйрем, Шалғы кенттерінің әкімдері, облыстық мәслихаттың депутаттары, Қоғамдық кеңес мүшелері, бөлім және мекеме басшылары, БАҚ өкілдері қатысты.

Кезектен тыс жүргізілген сессияда Қаражал қалалық мәслихатының 2024 жылғы 9 ақпандағы № 133 «Қаражал қаласының әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидаларын бекіту туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы мәселелер қозғалып, талқыланды. Аталған тақырып бойынша Қаражал қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Анар Молдабаева баяндама жасап, Қаражал қалалық мәслихатының «Қаражал қаласының әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидаларын бекіту туралы» 2024 жылғы 9 ақпандағы № 133 шешіміне бірқатар өзгерістер енгізу қажеттігін жеткізді. Алдағы келе жатқан 7 мамыр, 9 мамыр мейрамдарына қатысты келесі өзгерістерге біз аса мән бердік: 7 мамыр – Отан қорғаушы күні: — 1992 жылғы қыркүйек-2001 жылғы ақпан аралығындағы кезеңде Тәжікстан-Ауғанстан учаскесінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының шекарасын күзетуді күшейту жөніндегі мемлекетаралық шарттар мен келісімдерге сәйкес міндеттерді орындаған Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне – 300 000 теңге; — 2003 жылғы тамыз-2008 жылғы қазан аралығындағы кезеңде Ирактағы халықаралық бітімгершілік операцияға бітімгерлер ретінде қатысқан Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне – 300 000 теңге; — 1986-1991 жылдар аралығындағы кезеңде Таулы Қарабақтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілеріне, сон дай-ақ, бұрынғы КСР Одағы ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына – 300 000 теңге; — 1986-1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарын жоюға қатысқан, сондай-ақ, ядролық сынақтарға тiкелей қатысқан адамдарға – 300 000 теңге; — оқу жиындарына шақырылған және Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде жiберiлген әскери мiндеттiлерге – 100 000 теңге; — бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қызметтің өзге де міндеттерін басқа кезеңдерде атқару кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты, сондай-ақ, Ауғанстанда немесе ұрыс қимылдары жүргізілген басқа да мемлекеттерде әскери қызметін өткеру кезінде ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген әскери қызметшілеріне – 100 000 теңге. Көрсетілген шешімнің 1-қосымшасының 5-тармағының 5) тармақшасы жаңа редакцияда жазылсын: 9 мамыр – Жеңіс күні: — Ұлы Отан соғысына қатысушыларына, атап айтқанда, Ұлы Отан соғысы кезеңінде, сондай-ақ, бұрынғы КСР Одағын қорғау бойынша басқа да ұрыс операциялары кезiнде майдандағы армия мен флоттың құрамына кiрген әскери бөлiмдерде, штабтар мен мекемелерде қызмет өткерген әскери қызметшiлеріне, Ұлы Отан соғысының партизандары мен астыртын әрекет етушiлерiне – 5 000 000 теңге; — Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға, атап айтқанда, Ұлы Отан соғысы кезеңінде майданда, ұрыс қимылдары ауданында, майдан маңындағы теміржол учаскелерінде, қорғаныс шептерінің, әскери-теңіз базалары мен әуеайлақтардың құрылысжайларында жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген майдандағы армия мен флоттың әскери қызметшілеріне, Ұлы Отан соғысының партизандары мен астыртын әрекет етушілеріне, сондай-ақ, жұмысшылар мен қызметшілеріне – 300 000 теңге; — екiншi дүниежүзiлiк соғыс кезеңiнде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерьлердегі, геттолардағы және басқа да мәжбүрлеп ұстау орындарындағы кәмелетке толмаған тұтқындарға – 200 000 теңге; — Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға – 200 000 теңге; — 1941 жылғы 22 маусым-1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдарға – 200 000 теңге; — бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қыз меттiң өзге де мiндеттерiн (қызметтік мiндеттерді) атқару кезiнде жаралануы, контузия алуы немесе мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан қаза болған (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердің, партизандардың, астыртын әрекет етушiлердің, «Ардагерлер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 4-6-баптарында аталған адамдардың отбасыларына – 100 000 теңге; — Ұлы Отан соғысында қаза тапқан, жергiлiктi әуе шабуылына қарсы қорғаныстың объектiлiк және авариялық командаларының өзiн-өзi қорғау топтарының жеке құрамы қатарындағы адамдардың отбасыларына, Ленинград қаласының госпитальдары мен ауруханаларының қаза тапқан жұмыскерлерінiң отбасыларына – 100 000 теңге. Мәслихат төрағасы Зәмзагүл Оспанова желтоқсан айында қаланың бюджеті толық бекітілгенін, енді осы бүгінгі өзгерістерді қоса алғанда бекітілген қаражат жеткілікті болатындығына алаңдаушылығын жеткізді. Ол сұраққа Анар Молдабаева: – 2024 жылы осы 007 бағдарлама бойынша 61 млн теңге көлемінде қаражат бөлінген болатын. Ал 2025 жылға біз 64 млн теңге көлемінде қаражат бекіттік. Оның ішінде 3 млн теңге 9 мамыр — Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай берілетін қаражат. 15 ақпанда – 11 адамға 300 000 теңгеден, 8 наурызда – 673 адамға 20 000 теңгеден, 7 мамырда – 18 адамға (3 санат) 30 000 теңгеден, 9 мамырда – 17 адамға: 15 адамға 200 000 мыңнан және 2 адамға 100 000 мыңнан, 31 мамырда – 2 адамға 20 000 мыңнан және басқа да санаттардағы азаматтарға қарастырылған, – деп жеткізді. Сессияға қатысушылар қозғалған тақырып бойынша бірнеше сұрақтарын қойып, ортада талқылады. Жиын соңында күн тәртібінде қозғалған бір тақырып, яғни, Қаражал қалалық мәслихатының 2024 жылғы 9 ақпандағы № 133 «Қаражал қаласының әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидаларын бекіту туралы» шешіміне өзгерістер енгізу сессияға қатысушылар тарапынан толық қолдауға ие болды. Қаражал қалалық мәслихат депутаты Марлан Шамбулов Қаражал-Жәйрем өңірінде арнайы санатқа кіруге лайықты жандар тізімнен қалып қоймауын қатаң қадағалауды сұрады.

Гауһар НАУРЫЗБАЕВА,

 Қаражал қалалық мәслихат депутаты.