Бүгінгі қоғамның іргесін бекем ұстап тұрған, әр саланың дамуына үлес қосып жүрген қарапайым, бірақ қаһарман жандар бар. Олар — біздің еңбек адамдары. Таңның атысынан кештің батысына дейін адал тер төгіп, елге қызмет етуді өмірінің мәні еткен осы жандар нағыз құрметке лайық.
Еңбек адамы — күн сайынғы қажырлы еңбегімен туған өлкесінің гүлденуіне, елінің өркендеуіне үлес қосып жүрген нағыз патриот. Олар — зауытта жұмыс істейтін қарапайым жұмысшы да, жердің берекесін келтіріп жүрген дихан да, шахтада тер төгіп жатқан кенші де, білім мен тәрбие беріп жүрген мұғалім де, адам өмірі үшін күресетін дәрігер де. Әрбірінің еңбегі — бағасыз.
Ел экономикасының қозғаушы күші де — осы еңбек адамдары. Олар болмаса, ешбір жоспар іске аспайды, ешбір бастама жүзеге аспайды. Олар — істің адамы, сөздің емес.
Бүгінде технология дамып, заман өзгерсе де, адал еңбек пен маңдай тердің орны бөлек. Еңбектің аты — еңбек. Ол қай кезде де қадірлі, қай кезде де құрметті.
Міне, сондықтан да біз әрбір еңбек адамын бағалап, олардың еңбегін насихаттап, өскелең ұрпаққа үлгі етуіміз керек. Себебі елдің болашағы — адал еңбекте.
Иманбекова Акмарал Елибаевна – «AMANAT» партиясының «Мәдениет» БПҰ төрағасы