Биыл Ұлы Жеңіске 80 жыл толып отыр. Бұл адамзат тарихындағы ең қасіретті де қаһарлы кезеңдердің бірі. Миллиондаған адамның тағдырын күрт өзгерткен бұл соғыс – халқымыздың батырлығы мен бірлігінің, Отанға деген шексіз сүйіспеншілігінің айқын айғағы. Осындай тарихи маңызы зор датаға орай, қалалық кітапханада «Ұлы Жеңіс жасасын!» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
Іс-шараның басты мақсаты – өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу, тарихымызды терең танытып, ұлт батырларына деген құрмет сезімін қалыптастыру. Сонымен қатар, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлік пен жанқиярлықты үлгі ете отырып, жас буынның адамгершілік қасиеттерін дамыту көзделді.
Дөңгелек үстелге № 1 ЖББМ тарих пәнінің мұғалімі Мөлдір Хамитқызы және 9 сынып оқушылары қатысты. Жас ізденушілер мен ұстаздар соғыс жылдарының маңызын терең талдап, қазақстандық жауынгерлердің майдандағы ерлігін, тылдағы еңбектің де Жеңіске қосқан зор үлесін ерекше тебіреніспен жеткізді. Іс-шара барысында Диляра Бақытжанова «Ұрпақ ұмытпайтын еңбек ерлері» атты мазмұнды баяндамасымен ерекше әсер қалдырды. Ол өз сөзінде майдандағы және тылдағы еңбек ерлерінің табандылығы мен төзімділігін баяндап, қазіргі ұрпақтың сол ерлікті ешқашан ұмытпауы тиіс екенін айтты. Ал Кәмшат Қуаныш «Ұлы Жеңіс – ұрпаққа қалған аманат» тақырыбындағы баяндамасында соғыстың адамзат өміріне әкелген ауыр зардаптарын баяндап, бейбіт өмірдің қадірін білуге шақырды.
Сонымен қатар, дөңгелек үстел кезінде майдан даласында қаза тапқан боздақтар мен Жеңіс күнін көре алмай кеткен жауынгерлерді, өмірінің соңына дейін еліне адал еңбек етіп, бейбіт күн кешкен ардагерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды. Бұл – тек формалды құрмет емес, жүректен шыққан, өткенге тағзым етудің шынайы көрінісі еді.
Кездесу барысында жастар ардагерлердің ерен ерлігіне тәнті болып, рухы мықты халықтың ұрпағы екенін мақтанышпен сезінді. Ардагерлерге арналған бұл мерекелік шара олардың жанқиярлық еңбегін ұлықтауға, келешек ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды.
«Ұлы Жеңіс жасасын!» атты дөңгелек үстел – бұл тек естелік емес, бұл – ерлікке тағзым, тарихқа тағылым, ұрпаққа аманат. Осындай шаралар арқылы біз өз өткенімізді ұмытпай, болашаққа нық қадам басамыз.
Жансая САДУАҚАСОВА,
«Қаражал қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ библиографы.