Мемлекеттегі бейбітшілік және келісім, оның қауіпсіздігі және тұрақтылығы этносаралық қарым-қатынастың орнықтылығына, төзімділігіне және оң бағытталғандығына көп байланысты. Жастарда патриотизмді, азаматтықты, дінге төзімділікті және халықтар достастығы сезімін қалыптастыруда көпұлтты мемлекет шеңберінде дамып жатқан ұлттық қатынастар мәнді әсер етеді.
Қазақстан Республикасы бабалардан қалған және жалпыадамзаттық дәстүрлерді сақтай отырып, тұрақтылық пен ұлтаралық келісімді сақтауға мүмкіндік беретін өз дамуының саясатын таңдады. Көп этносты, көп мәдениетті мемлекетіміздің өркендеп дамуы жағдайында этносаралық бірлік пен келісім аса маңызды құндылық болып табылады. Этносаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық моделі белсенді түрде Қазақстанның тұрақты даму факторы ретінде қарастырылуда.
Қазақстандық идея — бұл демократиялық ашықтық, әлеуметтік әділеттілік идеясы, жаңа рухани адамгершілік кеңістікті қалыптастыру және соның негізінде әрбір этностың ұлттық сана-сезімін қайта түлету, татулықтың, бейбітшіліктің және аман-саулықтың кепілі ретіндегі күшті де өркениетті тәуелсіз мемлекеттілік құру символы.
Көп этносты еліміздегі тыныштық табиғатынан сабырлы қазақ халқының еңбегінің нәтижесінде болып отыр. Әрине, қарама-қайшылықтар мен жанжалдар мәселелерін жоққа шығармаймыз. Бір ел аумағында өмір сүріп отырғандықтан, қоғамдық сананың қарама-қайшылығын туындататын мәселелер, жанжалды жағдайлар сөзсіз болып тұратындығын күнделікті өмір көрсетіп отыр.
Асел КУДИКЕНОВА,
Қаражал қаласы № 3 ЖББМ директоры.