Президент шекаралық елді мекендердің ахуалы туралы: Стратегиялық маңызы бар мәселе

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық құрылтайда шекаралық елді мекендердің проблемасын атап өтті.

— Біз 2022 жылы жаңадан үш облыс құрып, осы өңірлердің дамуына күшті серпін бердік. Бұл ақыры дұрыс шешім болды. Әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер едәуір артты, аймақтарға инвестиция келе бастады. Соның арқасында жергілікті тұрғындардың тұрмыс сапасы да жақсара түсті. Дегенмен Үкімет жаңа облыстардың ахуалын бақылауда ұстауға тиіс. Оларға көмектесу қажет. Менің тапсырмаммен Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында шекара маңындағы бірнеше аудан қалпына келтірілді. Мұны жұрт өте жақсы қабылдады, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық құрылтайда.

Мемлекет басшысының айтуынша, жаңа аудандарда тіршілік жанданып, инфрақұрылым жақсара бастады.

— Ауылды дамыту тұжырымдамасында шекаралық аумақтарға қатысты жұмыстың негізгі бағдары айқындалған. Шеткері жатқан елді-мекендердің ахуалы ел іргесінің бекем болуына тікелей әсер етеді. Бұл – стратегиялық маңызы бар мәселе. Сондықтан осы бағыттағы жұмысты жүйелі түрде жалғастыру керек,- дейді Президент.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық құрылтайда қазақ халқын данышпан деп айтсақ, қателеспейміз деген болатын.

Сондай-ақ Президент елімізде Абай институтын құрып, серіктес елдерде төл мәдениетімізді насихаттайтын орталыққа айналдыруды тапсырды.