Рамазан айы — мұсылмандар үшін өте маңызды және қасиетті айлардың бірі. Бұл айда мұсылмандар ораза ұстап, Аллаға жақындауға, рухани тазалыққа қол жеткізуге тырысады. Құран Кәрімнің «Бақара» сүресінің 185 аятында: «Рамазан – адамдарға тура жол нұсқаушы, ақ пен қараны айырушы, бекем тұтынатын жолбасшы ретінде Құран түсіріле бастаған ай. Рамазан айы туғанын көрген адам бірден ораза ұстасын. Егер біреулер ауру болып, әйтпесе, жол сапарда жүрсе, онда басқа күндерде өтесін. Алла сендерге жеңілдік болуын қалайды, ауырлық түсіргісі келмейді» делінеді. Демек, осы айда қадір тұтатын Құран аяттары түсіріліп, мұсылман халқына ораза парыз етілген.
Рамазан айында мұсылмандар күндізгі уақытта астан, сусыннан, жаман әрекеттер мен сөздерден аулақ болып, тек Алланың разылығын мақсат етіп, ораза ұстайды. Ораза — бұл тек тәннің ғана емес, жанның да тазалануы. Ол адамдарды сабырлылыққа, имандылыққа, көркем мінез-құлыққа баулиды. Сонымен қатар, бұл ай мұсылмандарға мұқтаж жандардың жағдайын түсініп, оларға көмектесу үшін садақа беруді де үйретеді.
Мұсылман қауымы үшін қасиетті Рамазан айы биыл 1 наурызда басталып, 29 наурызда аяқталады. Наурыз айының 26-сынан 27-сіне қараған түн – қасиетті Қадір түні. Рамазан айынан кейінгі Ораза айт 30 наурыз күні тойланады. Ал Құрбан айт биыл 6-8 маусым аралығына түсіп тұр. Еліміздегі Еңбек кодексіне сәйкес, мұсылман күнтізбесі бойынша аталатын Құрбан айттың бірінші күні демалыс күні болып бекітілген. Сондықтан, қазақстандықтар жұмаға түсіп тұрған 6 маусым күні демалады. Дегенмен, айттың қалған екі күні, яғни, 7-8 маусым да сенбі мен жексенбіге сәйкес келіп тұр.
Рамазан айы тек діни ғана емес, әлеуметтік мәнге де ие. Бұл айда адамдар бір-біріне көмек көрсетуге, қарт адамдарға жәрдемдесуге және мұқтаж жандарға садақа беруге тырысады. Көбіне, ораза ұстаған адамдар мұқтаж адамдарға көмек қолын созып, қоғамда ынтымақ пен бірлік орнатады.
Сөз соңында айтарымыз, қызылды-жасылды әшекеймен көмкерілген алдамшы дүниенің соңына түсіп жүріп, мәңгілік мекендегі салиқалылардың сарайынан құр қалмайық, қымбатты бауырлар! Мұқтаж, міскін, қамкөңіл, жетім-жесірлерге қолымыздан келгенше көмек көрсетсек, Алланың алдында жүзіміз жарқын, жүрегіміз тыныштықта, төбеміз көк тірердей керемет күй кешеміз. Жаратқан Иеміздің жәннатына кіруге қам жасайық. Ораза қабыл болсын, ұстаған жан!
Талғат СОВЕТОВ,
Қаражал қалалық
«Нұр» мешітінің
бас имамы.