Қазақстанның берік ұстанымы — ұлтаралық татулық пен конфессияаралық келісім

Биыл – Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына – 30 жыл. Бұл ұйым 1995 жылы құрылып, елдегі түрлі этностар мен мәдениеттердің ынтымақтастығын, бірлігін нығайтуға бағытталған маңызды институтқа айналды. Бір шаңырақтың астында 30 жыл бойы 140-қа жуық ұлт пен ұлысты, қырық түрлі дінді уағыздайтын үш мыңға жуық діни бірлестіктерді тату-тәтті ұстап отыру оңай емес. Алайда, еліміз қанша уақыттан бері шашау шығармай, достық пен бірлікті ту етіп, ортақ мүддеге жұмылдырып, олардың ортақ Отаны бола алып отыр. Тәуелсіздік алған кезеңнен бастап, күні бүгінге дейін еліміз мемлекет үшін ең маңызды ұлтаралық татулықты, конфессияаралық келісімді, өзара түсіністік пен тұрақтылықты, достықты өзіндік ұстаным етіп өмір сүруде.

Қазақ ұлтының тағдыры тауқыметке толы болғаны тарихтан аян. Алайда, өз тағдыры қыл үстінде тұрғанда, қазақ халқы қаны бөлек, жаны жат басқаны да құрдымға кетуге жол берген жоқ. Еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы жылдардан бастап, біздің көпэтносты еліміздегі татулық пен келісімді сақтауға, дамытуға, қауіпсіздігі мен бейбітшілігін қорғауға бар күш-жігерін салып, этносаралық және конфессияаралық тұрақтылық пен ынтымақты, келісім мен саяси тұрақтылықты сақтау ісіне жіті көңіл бөледі.
Қазақстан Тәуелсіздігін жариялағаннан кейін, өзін зайырлы мемлекет деп жариялады. Конституциямызда: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары», – деп көрсетілген. Сонымен қатар, өз азаматтарының заң жүзінде діни сеніміне, таңдауына және ұстанымына кепілдік береді. Бүгінде қазақ еліндегі этносаралық, дінаралық татулық, әрине, әлемнің көптеген елдеріне үлгі.
Алғашында ҚХА мәртебесі Президент жанындағы консультативті-кеңесші орган болып бекітілді. Десе де, ассамблея аталған мәртебеден де мықты құқықтық негізі мен қоғамдық-саяси мәртебесі бар конституциялық органға дейін өсті. Мемлекет басшысы Ассамблея ұсынған Парламент Сенатының 5 депутатын тағайындайды. Ел аумағында мыңнан астам этномәдени бірлестіктер, аналар кеңесі және ақсақалдар кеңесі жұмыс істейді.
2008 жылғы 20 қазанда Қазақстан Республикасының «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңына қол қойылды. Осы заң этносаралық қатынастар саласындағы негізгі принциптерді айқындай отырып, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен оның құрылымдарының мәртебесін заң деңгейінде бекітті.
Бүгінде республикада Қазақстан этностарының мәдениеттері, тілдері, дәстүрлерінің дамуына қажетті барлық жағдай жасалған. Этномәдени бірлестіктердің өзінің саны тұрақты өсуде.
Қазақ және орыс театрларын қоспағанда елімізде тағы төрт ұлттық – өзбек, ұйғыр, корей және неміс театрлары жұмыс істейді. Әр жыл сайын Қазақстан этностарының тілдерінде бірнеше ондаған жаңа кітаптар жарық көреді. Жыл сайын 1 наурыз – Алғыс айту күні, Наурыз мейрамы, 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесі, Айт мерекесі, Рождество аталып өтеді.
Алғыс айту мейрамы – Қазақстанның барлық тұрғындарының бір-біріне құрмет білдіріп, алғыс айтатын күні. Еліміз 2016 жылдың 1 наурызында алғаш рет бұл күнді тойлай бастады.
Қазақстанның тұңғыш президентінің жарлығымен 1 наурыз — Алғыс айту күні болып бекітілді. Көктемнің алғашқы күніндегі Алғыс айту күнін қазақстандықтардың тойлауының өзіндік себебі бар. 1995 жылдың дәл осы күні елімізде тұратын барлық этностардың ынтымағы, бірлігі мен достығының символына айналған институт – Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды.
Ассамблеяның мақсаты – қазақ халқының топтастырушы рөлін арқау ете отырып, қазақстандық патриотизм, Қазақстан халқының азаматтық және рухани-мәдени ортақтығы негізінде қазақстандық азаматтық бірегейлікті және бәсекеге қабілетті ұлтты қалыптастыру процесінде Қазақстан Республикасында этносаралық келісімді қамтамасыз ету болып табылады.
Ақпарат және мәдениет министрлігінің мәлімдеуінше, Ассамблеяның 30 жылдығын мерекелеу аясында елімізде және шетелде түрлі форматтағы 150-ден астам іс-шара ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Қаламызда да Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында қоғамдық келісімді нығайту және этносаралық қарым-қатынастың тұрақтылығын сақтап қалу, сонымен бірге, елімізде тұрақтап қалған ұлттардың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын, ырым-жоралғыларын дамытып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасуын қамтамасыз ету мақсатында «Бірлігіміз жарасқан» атты қалалық этнофестиваль-байқауы ұйымдастырылмақ. Осы ағымдағы жылдың 28-ші ақпанында қаламыздың мәдени-сауық орталығында өтетін этнофестивальдің міндеті халық өнерін насихаттау, қазақстандық патриотизмді тәрбиелеу, ұлттық бірегейлікті сақтау және мәдени мұраны танымал ету, көкемөнерпаздардың халық шығармашылығының барлық түрлері мен жанрларын дамыту болып табылады.

Зәмзагүл ОСПАНОВА,
Қаражал қалалық мәслихаттың төрағасы.