Жұмыссыздар үшін үлкен мүмкіндік

Бос жұмыс орны жәрмеңкелері – жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілер арасындағы өзара байланыс орнатуға, сондай-ақ, жастарға кәсіби бағыт беру мақсатында ұйымдастырылатын маңызды шаралар. Олар экономикалық белсенділікті арттыру, жұмыссыздықты төмендету, жастардың кәсіби дағдыларын дамыту сияқты мәселелерді шешуге ықпал етеді.

Осы орайда «Ұлытау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының еңбек мобильдігі орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің филиалы Қаражал қаласының «Мансап» орталығының ұйымдастыруымен ақпан айының 12-сі күні жұмыссыз азаматтар үшін Жұмысшы мамандықтарының жылы аясында бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті.
Қаражал-Жәйрем аймағы бойынша 21 жұмыс беруші мекеме қатысып, 75 жұмыс орнын ұсынды. Яғни, Жәйрем бойынша 8 жұмыс беруші мекеме 38-ге жуық жұмыс орнын ұсынса, Қаражал қаласы 13 жұмыс беруші мекемесі 37-ге жуық жұмыс орны таныстырылды. Іс-шараның басты мақсаты – мемлекеттік қызметке орналасудың жалпы тәртібін, іріктеудің уақытша қағидаларын түсіндіру және өңірдегі бос орындармен таныстыра отырып, жастарды мемлекеттік қызметке тарту болып табылады.
Жұмыс берушілердің айтуы бойынша, қазіргі таңда жәрмеңке аймақ тұрғындарының жұмыссыздығын азайту, қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру, әлеуметтік жағдайды реттеу, азаматтарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету бағытында түрлі бағдарламалармен жұмыс жасалып жатыр. Халыққа тиімділігін көрсетіп, жұмысшы мамандықтар жылы аясында жұмыс іздегендер мен жұмыс берушілер бір жерде түйісіп, түйткіл мәселенің шешімін табуға септігін тигізуде. Жұмысшы мамандықтарының жылы жалғасын табады.
Аймақ бойынша, яғни, Қаражал қаласында № 1 ЖББМ – 1, Қаражал қаласының әкім аппараты – 10, № 7 ЖББМ – 4, «Mining Technology» ЖШС – 4 бос жұмыс орындарын ұсынды. Сондай-ақ, өрт сөндіру мекемесі — 4, Қаражал қаласының Жастар ресурстық орталығы — 1, «Балбөбек» бөбекжайы — 6, Қаражал тау-кен техникалық колледжі — 5, Қаражал қаласының білім бөлімі — 1 бос жұмыс орындарымен қамту жайлы сөз қозғалды. Ал, Жәйрем кенті бойынша «Жәйрем болашақ» ШЖҚ КМК – 9, Жәйрем кентінің № 10 ЖББМ – 4, «Жәйрем КБК» АҚ – 8, № 30 ЖББМ – 3, «Балдырған» бөбекжайы — 3 бос жұмыс орындары ұсынылды.
Бос жұмыс орны жәрмеңкесі – жұмыссыздықты төмендетуге, жұмыс іздеушіге жұмыс тауып, кәсіби өсу жолдарын ұсынуға ықпал ететін маңызды алаң. Жәрмеңкелердің ұйымдастырылуы мен тиімділігі жұмыс іздеушілер үшін жаңа мүмкіндіктер тудырады. Бұл шара әсіресе, жастардың еңбек нарығына бейімделуіне, өзін көрсетуіне және табысты карьераға қадам басуына мүмкіндік береді.

Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ