Жаңа теміржол желісі өмірдің тынысын кеңейтеді

Газетіміздің өткен санында қала тұрғындары өңіріміздегі теміржол желісін жаңғырту туралы ұсыныстар айтқан алқалы жиын болғанын жазған едік. Сонда көтерілген мәселелердің бірқатары келер жылға дейін толық шешімін табатын болды. Ол қаңтар айының соңын ала өткен Қазақстан Үкіметінің кеңейтілген отырысында мәлім болды.

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Мойынты-Қызылжар» бағытындағы жаңа теміржол құрылысын бастауды тапсырғаны дүйім елге мәлім. Осы тапсырмасының бір парасы – Қызылжар бекетінен Ақтау портына дейінгі жолдың көп учаскелерін жаңғырту болды. Осының арқасында біздің өңіріміздің де көлік-логистикалық инфрақұрылымы жаңғыртылып, дами түсетін болады. Аталмыш жол құрылысы кешегі «Жезқазған-Бейнеу» бағытындағы болатжол құрылысындай көптеген өңірлердің екінші тынысын ашпақ. Яғни, осы теміржол арқылы Қаражал өңірінің де тамыры бүлкілдеп, тынысы кеңейеді.
Қолымызға тиген ақпаратқа қарағанда болатжол өтетін – Мойынты, Ақтау, Ақтай, Қаражал, Жәйрем, Қызылжар станцияларында инженерлік-геологиялық және геодезистік зерттеулер жүргізілуде. Жол бойындағы көпірлер мен өтпежолдар айқындалуда. Сондай-ақ, санитарлық қауіпсіздік мақсатта жұқпалы аурумен өлген малдарды көмген орындарды айналып өту де қарастырылған. Осындай басымдықтар ескеріле отырып, жол жобасын жасаушыларға үш түрлі нұсқа ұсынылған. Таяу уақытта теміржол табаны өтетін жері нақты бекітіледі. Ал, маусым айының соңына дейін жолдың техникалық-экономикалық негіздемесін жасау жұмыстары аяқталады деп күтілуде. Осы жұмыстар сәтімен жү­зеге асырылса, көп кешікпей құ­рылыс жұмыстары басталуға тиіс.
Орайы келгенде айта кетейік, ұзақтығы 358 шақырым болатын жолдың құрылыс-монтаж жұмыс­тарының құны әзірше 650 млрд теңге деп жобаланған. Аталмыш жо­ба іске асқан жағдайда Мойын­тыдан Қызылжарға дейінгі қашықтық бұрынғыдан 149 шақырымға қысқармақ. Сондай-ақ, поезд қозғалысы тығыз, кептелістер жиі болатын Мойынты-Жарық аралығындағы поезд қозғалысы да жеңілдеп, уақыт үнемделеді. Достық-Мойынты теміржолының екінші қатарының құрылысы таяу уақытта аяқталғанынан көзі қарақты оқырман хабардар болса керек. Біз сөз етіп отырған жоба осы ілкімді істің жалғасы. Яғни, жоба Транскаспий теміржол бағытының негізгі бөлігі болып табылады.
Ал, өңіріміздің тынысын кеңейтетін Қызылжарға дейінгі жол құ­рылысы биыл басталып, 2026 жы­лы аяқталады деп жоспарлануда.

Ізтай БеЛГІБАЙҰЛЫ